Атырауда басшысынан кек алмақ болып, полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген ақтаулық ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Белгісіз ер адам 17 шілде күні полицияға қоңырау шалып, құрылысы аяқталмаған зауыттардың бірінде жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Оқиға орнын полиция қызметкерлері дереу қоршауға алып, жарылғыш затты залалсыздандыратын мамандар мен қызметтік иттер арқылы тексеруге кіріскен. Алайда нысан аумағынан ешқандай жарылғыш зат табылмаған.
Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары кезінде қоңырау шалған 38 жастағы ер адамның жалған хабарлама бергенін анықтады. Белгілі болғандай, күдікті соңғы төрт жыл бойы қала аумағында қызмет атқарып жүрген Ақтау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам бұрын сотты болған. Ол өзін жұмыстан босатқан басшысынан өш алмақ болып, жалған хабарлама бергенін айтып ақталған. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Жыл басынан терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру бойынша екі дерек тіркелген. ҚР ҚК 273-бабында көзделген ретте терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлама таратқан тұлғаға бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеміз», деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев.