"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
Өткен жылы уақыт талабына орай, көптеген заңдарға өзгерістер енгізілді немесе енгізу мәселесі жан-жақты қаралды. Үкіметтің 2013 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарындағы өзекті заңдар қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын атап өтуге болады. Бұл келелі іс Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы №449 Жарлығымен бекітілген еді.
"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
Енгізілген өзгерістер өзекті
Өткен жылы уақыт талабына орай, көптеген заңдарға өзгерістер енгізілді немесе енгізу мәселесі жан-жақты қаралды. Үкіметтің 2013 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарындағы өзекті заңдар қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын атап өтуге болады. Бұл келелі іс Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы №449 Жарлығымен бекітілген еді.
Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын іске асыру мақсатында аталмыш құжатта жеке тұлғалардың мүлкіне, көлік құралдарына салықтарды, сондай-ақ, темекі, алкоголь өнімдеріне акциздер мөлшерлемелерін арттыру нормалары қарастырылған еді. Біз осы мәселелерді өңірлерде болғанда жұртшылыққа жан-жақты баян еттік. Ендігі жерде осы туралы басылымдар арқылы да салық төлеушілерге оның ерекшелігін ұғындырып отырсақ, артықтық етпейтін тәрізді.
Көптің көкейіндегі салыққа қатысты мәселені жеңіл автомобильдер бойынша таратып айта кетсем деймін. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған немесе жасалған, болмаса құрастырылған көліктер ел аумағына сол мерзімде әкелінген жағдайда салынатын салық 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады. Бұл дегеніңіз, қозғалтқыш көлемі 3000-нан жоғары және 3200-ді қоса алғанда текше сантиметр болса, салық көлемі де тиісінше 35 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал 46 айлық көрсеткіш мөлшерлемесі бойынша салынатын салық 3200-ден жоғары, яғни 3500-ді қоса алғандағы көлем десек, көліктердің күш-қуатына қарай төлейтін қаржы да көбейіп отырады. Мәселен, 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерлемесі бойынша салық салынатын 4000-нан, тіпті, 5000-ды қоса есептегенде сонша текше сантиметр болған кезде, қозғалтқыш көлемінің төменгі шегінен асқан әрбір бірлікке салынатын сома 7 теңгеге ұлғайып отырады. Мұнымен қатар, көлік құралдарына салықты арттырудан босатылған халықтың жеке санаттарына арналған жеңілдіктердің жойылғанын да айта кетсек дейміз. Мысалы, бұл 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті органда тіркелген немесе қайта тіркелген, қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөліктерге тиесілі. Ал қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрге дейінгі жеңіл автокөліктердің жеке стандарттарына арналған әлеуметтік жеңілдіктер бұрынғыша сақталып қалды.
Астана және Алматы қалаларында 1 шаршы метрге 60 мың, сондай-ақ, облыс орталықтарында сондай көлемге 36 мың теңге тұрғын үйдің базалық бағасын екі есеге арттыру, тұрғын жайдың 1 шаршы метрінің базалық құнын нарықтық бағамен үйлестіруге мүмкіндік береді. Салықтың жоғары мөлшерлемесі қайта қарастырылуда. Ең төменгі мөлшерлеме құны 2 миллион теңгеден кем мүлікке бекітіліп, ол 0,05 пайыз құрайды. Ең жоғары мөлшерлеме құны 450 миллион теңгеден асатын мүлікке бекітілді. 2 946 600 теңгеге қосымша 450 000 000 теңгеден асса төлейтін сома 2 пайызды құрайды.
Халықты әлеуметтік зиянды тауарларды тұтынудан сақтау мәселесіне орай, темекі және алкоголь өнімдеріне акциздердің мөлшерлемелерін арттыру жөнінде көптен айтылып келе жатқан еді. Бұл арнайы жоба 2016 жылы күшіне енуі тиіс. Алкогольдік өнімдердің мөлшерлемесі (коньяк, бренди, шарап өнімдері, тек сырадан басқасы): 2014 жылдың 1 қаңтарынан 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін 100 пайыз, спирттің 1 литрі 1000 теңгеге, 2015 жылы 1200 теңгеге, 2016 жылы 1600 теңгеге көтеріледі. Ал бұл көрсеткіш қазіргі заңнамада қалай десек, акциз мөлшерлемесі 100 пайыз спирттің 1 литрі 500 теңгені ғана құрап отыр. Сол секілді темекі өнімдерінің акциз мөлшерлемесін де едәуір көбейту көзделуде. Қолданыстағы Салық кодексінде биылғы жылы 1000 дана темекіге салынатын акциздер өлшемін 1550 теңгеден 3000 теңгеге дейін ұлғайту қолға алынуда. Жаңа заң нұсқасына сай 2015 жылдан 1000 дана темекіге 3 мыңнан 3900 теңгеге дейін, 2016 жылы 3900-ден 5 мың теңгеге дейін өсіру ниеті орнықтырылады.
Тағы бір айтатын мәселе, заң талабына орай, кенттер мен ауылдар, ауылдық маңызы бар қалалар үшін белгілі бір мөлшерлемелерден басқа нысандар салуға арналған және тиімді мақсаттар үшін пайдаланылмайтын, болмаса заңнаманы бұза отырып қолданған жер учаскелері бойынша базалық салық мөлшері өсетін болады. Айталық, уәкілетті орган меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін қажетіне тиімді қолдана алмайтын жағдайда жазбаша ескерту жасалған күннен бастап салық 10 есеге ұлғайтылады. Жаңа заң талабына сай кейбір дербес ұйымдар, мәселен, Назарбаев Университеті секілді білім ордалары уақытша қосымша құн салығынан босатылады. Мұнымен қатар, заңда экономикада жеке салаларды қолдау бойынша аз-кем жеңілдік нормалар ескерілгенін айта кеткеніміз мақұл. Әсіресе, салық саласына әкімшілік етуде кейбір түсінбеушіліктер кездесіп жататыны, оны дұрыс жолға қою жан-жақты қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, салық саласына жоғарыдағыдай өзгерістер енгізу уақыт талабынан туындап отырғаны анық. Ендігі жерде бұл істі тиянақты жүргізу, іске асыру қай-қайсымызға да міндет деп білемін.
Ертарғын АСТАЕВ,
Сенат депутаты.
* Депутат дабылы
Ғасыр індеті салғырттықты көтермейді
Бүгінгі күні біздің еліміздің өзекті проблемаларының бірі СПИД дертін тудыратын ВИЧ инфекциясы болып отырғанын көбіміз біле бермейміз. СПИД деген сөздің өзі орыс тіліндегі «Синдром приобретенного иммунного дефицита» деген сөздердің бастапқы әріптерінен алынғанын жұртшылық есінен әлі шығарып үлгермесе керек. Ал ВИЧ оны таратушы вирус.
Осы обаның бізде шарықтай көтеріліп бара жатқанына көңіл аударатын адамдар аз. Өйткені, қай күндегі қазақы салғырттықпен өзі немесе жақындары ауырмаған әркім оны алыста, өзіне еш қатысы жоқ індеттей көреді. Бірақ бұл оба «ә, қойшы» деп салғырттықпен қарайтын кезеңнен өтіп кетті. 2012 жылдың мәліметтеріне қарағанда, оған ұшыраған адамдар саны бізде 19 748-ге жетіпті. Масқара сан емес пе?! 2000 жылы індетке ұшырағандар саны 1347 ғана болған. Енді 20 мыңға артып отыр. Демек, 2000 жылғымен салыстырғанда, 15 есеге жақын өскен! Бұл – өте алаңдатарлық жағдай.
ВИЧ инфекциясы қан, ана сүті және жыныстық қатынас арқылы таралады. Әсіресе, қан құйылған кезде инфекциясы бар шприцтер қолданылса, бірнеше адамға бірден жайылады. Оның мысалын біз өз басымыздан өткізген халықпыз (Шымкент, 2007 жыл). БҰҰ-ның СПИД туралы жасаған баяндамасында 2001 мен 2011 жылдар аралығында Қазақстан ВИЧ-тің кең таралуы жөнінен дүние жүзінде 9-шы орын алған. 2000 жылдан бері елімізде осы індеттен 1200-ге жуық адам көз жұмған. Осынау дертке ұшыраған адамдардың 75 пайызы (2006 жыл) әйел болып отыр. Сонымен бірге, ВИЧ-тің саламатты өмір сүріп, есірткі қолданбай, дұрыс жүретін адам арасында артуы да алаңдатады.
ВИЧ инфекциясы таралуының алдын алу – бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі. Біздің Үкіметіміз оған қатты көңіл бөліп отырғанын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, алдын алу және күресу шаралары үшін бюджеттен 2011 жылы – 800 млн., 2012 жылы – 1 млрд., ал былтыр 4 млрд. теңгеден артық қаражат бөлініпті.
Бірақ, халық арасында осынау індет кең таралып бара жатыр. Өйткені, халыққа оның залалы, қасіреті және жұғатын жолдарын кеңінен тарататын шаралар әлі де кемшін соғуда. ВИЧ-тен қорғанудың нақты жолдарын біле бермейтін адамдар әлі де арамызда кездесіп қалады. Қорғанудың әлеуметтік роликтері өте сирек көрсетіледі. Олардың өтімділігі де төмен екенін айтпай кетуге болмайды.
Ал оқу орындарында жастарға СПИД-тің залалы мен жұғу жолдарын айтып отыратын тұрақты жұмыс жүргізілмейді. Олар тек анда-санда, оқта-текте бір болатын дәрістермен шектеледі. Немесе ондайларды ТВ-дан ұйымдастырудың да өткірлігі шамалы. Өйткені, жастар ТВ-дан өзіне қолайлы бағдарламаға ауыса салады. Сондықтан барлық оқушы жастарға проблеманың өткірлігін тұрақты түрде жеткізіп, арнайы, міндетті сабақтар өткізуді қолға алмаса, оқта-тектегі әрекеттер әсер ете қоймайды. Тиімді бағдарламалар мен міндетті оқулар арқылы жастарға ғасыр індетінің зардабын жеткізу осы істегі бүгінгі күнгі басты мақсат болуы керек. Дамыған шетелдерде ВИЧ инфекциясының бар-жоғын анықтау үшін жастар арасында тұрақты түрде зерттеулер жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде арнайы бағдарламалар қабылданады. Бізде ондай атымен жоқ.
Біз жоғарыда мемлекет тарапынан СПИД-пен күресу және оның алдын алу шаралары үшін ұлан-ғайыр қаражат бөлініп жатқанын атап өттік. Ал осындай қарапайым шаралар өткізілмесе, ол қаражат қайда жұмсалып жатыр? Мені, халық қалаулысы әрі экономист маман ретінде осы мәселе ойландырады. Сондықтан мен жуырда Премьер-Министр С.Ахметовтің атына депутаттық сауал жолдап, оның келесі сұрақтарға жауап беруін өтіндім:
Біріншіден, мемлекет алдын алу және күресу шаралары үшін ұлан-ғайыр қаражат бөліп жатса да біздің елде ВИЧ инфекциясының тез таралып, СПИД дертіне ұшыраған адамдар санының арта түсуінің қандай себебі бар?
Екіншіден, халықтың ғасыр дертіне қарсы әрекетке дайын болуы үшін қандай құлақтандыру шаралары жүргізілді және алдағы уақытта жүргізілетін болады?
Үшіншіден, оқушы жастар арасында осы індетке қарсы қандай бағдарламалар әзірленіп, іске асырылды немесе қандай шаралар жоспарлануда?
Төртіншіден, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың арасында әйел адамдар санының тұрақты түрде өсуінің себебі неде? Соны тексерген, алдын алу шараларын белгілеуге тырысқан амалдар жасалды ма?
Міне, осы сұрақтар негізінде арнайы бағдарламалар жасалып, шаралар белгіленсе, ғасыр індетінің таралуын тоқтатуға ілкім де бір себебі болар еді деп ойлаймын.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ,
Мәжіліс депутаты.
*Депутат дауысы
Орманды сақтау өзімізге байланысты
Ақмола облысының ормандары кешегі Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің 1959 жылғы 14 сәуірдегі қаулысына сәйкес бірінші топқа, негізінен топырақ қорғауға ғана жарамды орман-тоғай категориясына жатқызылып келген-ді. Соған қарамастан, 1965-2004 жылдар аралығында қылқан жапырақты орманның омырау тұсынан 32 сантиметр биіктіктен асатын ағаштарды кесу үзбей жүргізілді. Соның салдарынан орманды алқаптың тепе-теңдігі бұзылды. 1990-1998 жылдар аралығында орманды алқаптарда болған өрттің кесірінен де үлкен залал келді.
Орманнан ағаш кесу жоғарыдағы құзырлы орындардың әмірімен түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерге берілді де, олар өз пайдалары үшін тек іске жарамды деген қарағайларды ғана кесіп, тасып әкетіп жатты. Ағаш көшеттерін отырғызумен мүлдем айналысқан жоқ. Орман арасы кесілген ағаштардың бұтақтарынан аяқ алып жүргісіз күйге түсті. Ол бұтақтар қурап, шіріп, өрт шығу және орманның түрлі зиянкестерінің көбею қаупін тудырды. Бұған жол бермес үшін орманшылар орманды өз қолдарымен тазартып, қурап қалған бұталарды қауіпсіз жерге шығарып, өртеп жүрді.
Міне, осындай келеңсіздіктер орын ала бастаған тұста орманшылар мен табиғат қорғаушылар дабыл қағып, сонан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі 2004 жылдың 23 сәуірінде №460 қаулысымен 2004-2014 жылдар аралығында, яғни 10 жыл бойы қылқан жапырақты орман алқаптарынан ағаш кесуге тыйым салған болатын. Бұл орманның санитарлық жағдайының жақсаруына, жерден енді ғана бой алып, жаңадан көтеріле бастаған балапан ағаш түрлерінің аяқасты болмай өсуіне ықпал жасады. Жыл сайын ағаш отырғызу алаңы ұлғая түсті. Ағашты ретсіз, жөн-жосықсыз кесу күрт тыйылды. Отап кесуден және өрттен селдірей бастаған орман алқаптары қалың жынысты нуға айнала бастады.
Міне, орманды балташының балтасынан құтқарып, тыныс берген он жыл да өте шықты. Енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №815 қаулысына сәйкес 100 және одан да жоғары жастағы қарағайларды кесу қайта басталғалы отыр. Діңі жуан, бұтағы әбден қатып жайылып кеткен бұл ағаштарды кесіп, жерге сұлату барысында көктеп тұрған жас ағаштарға залал келеді, олар сынады, содан кейін қурап, өспей қалулары да әбден мүмкін. Орман арасы тағы да кесілген ағаштардың бұтақтарымен ластанып, өрт шығу қаупі күшейе түспекші.
Қазақстанды жасыл елге айналдыру жөніндегі Елбасының тапсырмасына сәйкес Астана мен Бурабай – Көкшетау аралығындағы ормандарды бір-бірімен жалғастырып, тұтас орманды аймақ жасау үшін ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары қазір қызу жүргізілуде. Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуіне байланысты Астана мен Ақмола облысының төңірегін жасыл желекпен көркейту де аса маңызды істердің бірі болса керек-ті.
Міне, осы жайды ескере отырып, Үкімет Ақмола облысының орманды алқаптарынан ағаш кесуге тағы да 10 жылға тыйым салу жағын қарастырса ұтымды болмақ. Бұл астаналық облыс аумағының орманды алқаптарының жайқалып өсуімен бірге, қалың жынысты нуға айналуына, жыл сайын отырғызылып жатқан ағаш көшеттерінің нығая түсуіне, олардың әбден өсіп, жетіліп кетуіне ықпал етер еді.
Соңғы жылдары Ақмола облысының мемлекеттік орман қорына таяу жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану көлемі де кеміп, яғни, дәнді дақылдар себу мен мал жаю азайғалы бұл араларда табиғи жолмен қарағай мен қайың, басқа да ағаш өскіндері жаппай бой көтере бастады. Бұл бұрынғы орман аумақтарының ұлғая бастағандығын көрсетеді. Міне, осыны да ескеріп, түгендеу жұмыстары барысында мұндай жерлерді де мемлекеттің орман қорына қосуды ұмытпау керек. Бұл Ақмола облысының орман қорының молая түсуіне және де өсіп келе жатқан көк желектерді қорғауға, сақтауға оң ықпал етпекші.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Сенат депутаты.
*Сауал салмағы
Бюджет қаражаты
Оның барынша тиімді және үнемді пайдаланылуы қамтамасыз етілуге тиіс
Мәжілісте палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырыста депутат Гүлжан Қарақұсова Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Онда төмендегі мәселе көтеріледі:
«Біздің депутаттық сауал жолдауымызға бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануының көптеген фактілері себеп болып табылады. Қарамағында ауқымды штат саны бола тұра, мемлекеттік органдар өздерінің бірқатар функцияларын ведомстволық бағыныстағы акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, мемлекеттік кәсіпорындарға және тағы басқаларға олардың шоттарына атқарылған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін ірі қаржы қаражатын аудара отырып, бере салуда. Мемлекеттік тапсырмалар тізбесіндегі олардың қызметтерінің сипаттамасында елеулі бөлігін қазақстандық қамту мониторингі, қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу, талдамалы зерттеулер жүргізу және т.б. бойынша көрсетілетін қызметтер алып отыр. Бұл қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын ескере отырып, ашық негізде сатып алуға немесе бұл жұмыстардың түрлерін министрліктердің өздерінің күштерімен атқаруға болады.
Кезекті ведомстволық бағыныстағы ұйымды құра отырып, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері көрсетілетін қызметтерді, жұмыстарды «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң нормаларын қолданбастан сатып алады. Ел Үкіметі бекіткен мемлекеттік тапсырмалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер қолданылмай, бекітілген республикалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде орындалуда.
Бюджеттік өтінімдерді жасау кезінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатының барынша тиімді және үнемді пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Кейіннен өзгелер атқарған жұмысты өзіміз атқардық деп есептемеу үшін қаржыландыру жоспарында көзделген іс-шараларды ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға бере салмай, мемлекеттік органдардың өздері әзірлеуі және іске асыруы тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің бюджеттік шығыстарды оңтайландыру туралы тапсырмасын ескере отырып, оларды пайдаланудың тиімділігі, біздің ойымызша, ведомстволық бағыныстағы заңды тұлғаларды қаржыландыруды шектеу есебінен айтарлықтай арта түсер еді. Мұның барлығы жан-жақты әрі мұқият қарауды талап етеді.
Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Сізден мемлекеттік органдар бөлігінде ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен олардың штат саны, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың атқарылған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға бөлген бюджет қаражатының жалпы көлемі және оларды 2011, 2012 және 2013 жылдарда пайдаланудың тиімділігі туралы ақпарат беруді сұраймыз.
Сонымен бірге, сізден жекелеген акционерлік қоғамдардың жұмыс істеуінің орындылығы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің позициясын білдіруді сұраймыз».
*Сізді не толғандырады?
Өмірде бойға жиғанның бәрі керек
Мектеп бітірушілердің аттестатпен бірге
нақты бір мамандықты алып шыққаны өте маңызды
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім және кәсіби машыққа арнайы тоқталып, келешекте қандай бағдар ұстанатынымыз туралы айтқан болатын. Осы маңызды Жолдауында Елбасы: «Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту керек», деді.
Нарық кезеңінде жұмыссыз қалған азаматтарды жаңа мамандыққа оқыту ісі – өте құптарлық бастама. Елбасының бастамасымен және тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы халқымыздың өнімді еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау үшін әзірленгені белгілі. Бағдарлама жүзеге асып жатқан 2 жылға жуық уақыт ішінде еңбек нарығындағы ахуал зерделеніп, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етудің тәсілдері мен тетіктері екшеленді. Ең бастысы, бағдарлама шеңберінде еліміздің көптеген азаматтары жаңа жұмыс орындарын тапты. Біз бүгінгі таңда аталған бағдарлама шеңберінде отызды орталаған, қырықтың қырқасына шыққан, елуді еңсерген азаматтарымызды оқытып жатырмыз. Алайда, жасы ұлғайған сайын адамның жаңа саланы меңгеріп кетуі өте қиын екені де анық.
Соңғы жылдары жіті мән берілмей жүрген бір мәселе бар. Көбіміз Кеңес Одағы тұсында білім алдық. Ол кезеңнің де үлгі аларлық жақсы тұстары болды. Айталық, еліміздің ауылдық жерлердегі барлық мектептерінде міндетті түрде 9-11 сыныпта оқушыларға машина, трактор жүргізу сабағы болды. Ол кезде тек қана жүргізу емес, трактор, машина жөндеуге де үйрететін. Мектеп түлегі аттестатпен бірге трактор немесе машина жүргізу куәлігін алып шығатын.
Сондықтан бүгінгі таңда мектеп бітірушілердің аттестатпен бірге нақты бір мамандықты алып шыққаны өте маңызды болып отыр. Автокөлік жүргізушісі, ағаш ұстасы, темір ұстасы (слесарь), дәнекерлеуші, сантехник, аспазшы мамандықтары бойынша дәрістер берілсе, жастардың нарық заманы кезінде қиындыққа ұшырамай, тез жетіліп кетуіне мүмкіндік жасалар еді. Мәселен, қазір студенттер қосымша табыс табу үшін мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істеп жүр. Даяшы мамандығын мектеп қабырғасында меңгерсе, олардың қазіргіге қарағанда көп артықшылық алатыны анық.
Өмірде бойға жиғанның бәрі керек. Кейбіреулері оқу бітірген соң, ол жұмыстарды істемесе де, бір кездері пайдаға асуы мүмкін. Мәселен, кейін жеке көлік сатып алатын болса да, оны жүргізуді жас кезінде меңгергені аса маңызды рөл атқаратыны даусыз.
Бүгінгі күні ауылдарда жас механизаторлар жетіспейді. Комбайншылар мүлдем жоқ. Бұрыннан келе жатқан аға ұрпақ өкілдері зейнеткерлікке кеткенде, ол жұмыстарды кім атқарады? Ал қазір мектеп базасында соның бәрін жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Қиын кезеңдерде де соның бәрі ауыл мектептерінде болған. Орта буын адамдарының басым бөлігі сол үдерістен өткені анық. Соның бірі – өзіммін.
Қазіргі кезде мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар. Білім және ғылым министрлігі халықтың игілігі үшін қажетті бастамаларды жүзеге асырады деген сенімдеміз.
Әлихан ТОЙБАЕВ,
Мәжіліс депутаты.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.