• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Шілде, 2021

Сенатор Шығыс Қазақстан облысының аудандарын аралады

368 рет
көрсетілді

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарындағы медициналық мекемелерінің қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Пандемия денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қазіргі проблемаларды айқындады және осы салаларда жаңа реформалар жүргізу қажеттігін көрсетті. Қазіргі кезде дәрігер мамандардың жетіспеушілігі байқалады, өңірлерде кадрларды оқытуға грантпен қаржыландыру қажет. Ұлттың денсаулығы мен әл-ауқаты біздің болашағымыз екенін және мемлекеттің дамуы соған байланысты түсіну керек», деді Ольга Булавкина.

Сенатор коронавирус инфекциясы пандемиясымен күрес кезінде дәрігерлердің жұмысына баса назар аударды, оларға қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты, сондай-ақ вакцинация мәселелерін талқылады.

Сенатор сондай-ақ өңірдегі көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелері қалай шешіліп жатқанымен танысты. Ол жүзеге асып жатқан «Бір қабатты Шығыс» жобасын жоғары бағалады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатына негізделген жоба көп балалы отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Сенатор бүгінгі таңда көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Сенатор фермерлермен кездесу барысында жергілікті шаруаларды толғандырған мәселелерді тыңдады. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидияларды бөлу жүйесін өзгертуге қатысты мәселелерді көтерді.

Ольга Булавкина сондай-ақ Қоғамдық кеңестер, ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестіктер мүшелерімен де кездесті. Бұл кездесулерде әкімдерді сайлау және қоғамдық кеңестердің, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Аналар мен ақсақалдар кеңестерінің жұмысы мәселелері қаралды. Сонымен қатар ауруханаларды жабдықтау, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін интеграциялау және жеңілдікті дәрі-дәрмектер беру мәселелері де көтерілді.

Депутат аймақ тұрғындары көтерген барлық мәселелер оның заң шығару қызметінің арқауына айналатынын атап өтті.