Павлодар облысында қарлы бұрқасынның басталғанына екінші тәулік болды. Осыған орай коммуналдық сала мекемелері күшейтілген дайындыққа көшті.
Павлодар облысында қарлы бұрқасынның басталғанына екінші тәулік болды. Осыған орай коммуналдық сала мекемелері күшейтілген дайындыққа көшті. Халықаралық маңызы бар жолдар қардан тазартылып, көліктердің жүруіне мүмкіндік жасалды. Әзірге жыл басынан бері жолға қатысты оқыс оқиға тіркелген жоқ. «Қазір жекелеген аймақтарда жел тұрып, оның арты қарлы бұрқасынға ұласуда. Біздің аймақ та осындай жағдайды бастан кешіп отыр. Жекелеген техникалардың ескіргеніне қарамастан, республикалық маңызы бар 141 шақырым жолдың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алдық», дейді Павлодар облысы бойынша жолдарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Сергей Омаров.
Ауа райын болжайтын мамандар осы аптаның аяғына дейін жекелеген облыстарда бұрқасын болуы ықтимал екенін айтуда. Соның ішінде жоғарыда аталған өңір де бар. Бірақ, осындағы мамандар жолаушылар үшін қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстайтынына сенім білдіріп отыр.
Данияр ТҮЙМЕБАЙ.