• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2021

Абайлаңыз, рульде – мас жүргізуші!

525 рет
көрсетілді

Соңғы 10 күннің ішінде солтүстікқазақстандық полицейлер 53 мас жүргізушіні ұстағаны мәлім болды. Шілде айында өткізілген облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі осындай.

«Ал жыл басынан бері облыс жолда­рында көлік құралдарын масаң күйде бас­қарған 117 жүргізуші анықталды», дейді облыстық полиция департаменті бас­ты­ғының бірінші орынбасары полиция пол­ковнигі Қанат Айтбаев. Ал «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасының мақ­саты – жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендету. Жыл басынан бері облыста 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның сал­дарынан 12 адам қаза тауып, 99 кісі жа­рақат алған. 11 жол-көлік оқиғасына мас жүр­гізушілер кі­нәлі болып, олардың кесірінен 2 адам көз жұ­мып, 15 адам жарақаттанған. 

Осы жедел-профилактикалық іс-шара аяқталған күннің ертеңіне Петропавл қа­ла­сының патрульдік полиция батальо­нының қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев кө­ше­сінде жол ережесін бұзған «Audi» авто­көлігімен келе жатқан 23 жастағы жүр­гізушіні тоқтатқан. Жігіттен алкоголь иісі аңқып тұрған. Медициналық куәландыру оның орта деңгейдегі мас екенін көрсеткен. Сол күні сот шешімімен тәртіп бұзушыға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жаза­сы таға­йындалды. Бұдан бөлек ол алдағы ­7 жыл­да көлік жүргізу құқығынан айы­рылды.

Алайда көлік жүргізу құқығынан айы­рылған адамдардың заңсыз рульге отыру фактілері де азаймай отыр. Мәселен, 11 шілдеде Петропавлдағы Шухов көшесінде патрульдік полиция батальонының қыз­меткерлері «ВАЗ-2114» көлігімен келе жатқан масаң күйдегі 33 жастағы қала тұр­ғынын тоқтатқан. Деректер базасына қарағанда, ол жүргізушілік куәлігінен айырылған азамат екен, ал қазір қолындағы құжаты басқа адамдікі болып шыққан. Бұл заң бұзушылыққа байланысты жалған құжат жасау қылмысы бойынша да іс қоз­ғалды. Аталған факті Қылмыстық кодекс­тің 385-бабы – «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бір­ыңғай тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар масаң күйде көлік басқарғаны үшін сот шешімімен құқық бұзушыға 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза таға­йындалды. Мінген көлігі арнайы тұраққа қойылды.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының 10 күнінде жол қозғалысы тәртібін бұзудың 4,5 мыңнан астам дерегі анықталған. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтардың арасында маневр жасау ережелерінің 131 бұзушылығы, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетудің 72 фактісі және дәл соншама апаттық жағдай тудыру фактісі, сондай-ақ жылдамдықты асырудың 389 фактісі анықталған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы