Биыл Батыс Қазақстан облысында егін шығымы орташа. Бірақ мамандар өңір өзіне қажетті дақылды толық жинап алатынына сенімді.
Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиоллиннің айтуынша, өткен жылы егілген күздік дақылды (95,2 мың га) қосқанда биылғы егіс алқабы 537,5 мың гектарды құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар – 296,9 мың га, майлы дақылдар – 118,2 мың га, картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 9,6 мың га. Бұған қоса 31,9 га алқапқа мал азықтық дақылдар егілген.
«Егістің дәл қазіргі жай-күйі негізінен қанағаттанарлық, тек 0,8% алқаптың өнімділігі төмен, ал 0,7 мың га (0,3%) өткен айдағы аптап ыстықта күйіп кетті», дейді Ж.Халиоллин.
Өңірде күздік егінді ору жұмысы басталып та кетті. Әзірге гектарына 4-12 центнер аралығында өнім жиналуда. Былтыр бұл көрсеткіш 22,4 ц/га болғанын ескерсек, аздау, әрине. Бірақ диқандар биыл дәнді дақылдар алқабынан барлығы 168,3 мың тонна өнім алуды көздеп отыр. Оның шамамен 75 мың тоннасы мал азығына пайдаланылмақ.
Басқарманың жоспарлауынша, биылғы жаңа өнім облыстың азық-түлік бидайға сұранысын 119%-ға, тұқымға қажеттілікті 100%-ға қамтамасыз етуі тиіс. Егін орағына қатысатын 949 комбайн мен өзге де техника сайланып тұр. Басқарма басшысы биылғы егін орағы мен күзгі далалық жұмыстарға 11 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы өтінім жолданғанын айтады.
Биыл Маңғыстау, Қызылорда өңірінде қуаңшылық болып, мал азығына тапшылық сезілуде. Онымен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысында жағдай жаман емес. Сондықтан өңір басшысы жергілікті ауыл шаруашылығы ұйымдарына мал азығының 1,5 жылдық қорын жасақтау міндетін қойып отыр.
Батыс Қазақстан облысы