• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Шілде, 2021

Биылғы меже – 1,5 жылдық қор жинау

313 рет
көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысында егін шығымы орташа. Бірақ мамандар өңір өзіне қажетті дақылды толық жинап алатынына сенімді.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Жасұлан Ха­лиоллиннің айтуынша, өткен жылы егілген күздік дақылды (95,2 мың га) қосқанда биылғы егіс алқабы 537,5 мың гектарды құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар – 296,9 мың га, майлы дақылдар – 118,2 мың га, картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 9,6 мың га. Бұған қоса 31,9 га ал­қапқа мал азықтық дақылдар егілген.

«Егістің дәл қазіргі жай-күйі негізінен қанағаттанарлық, тек 0,8% алқаптың өнімділігі тө­мен, ал 0,7 мың га (0,3%) өткен ай­дағы аптап ыстықта күйіп кетті», дейді Ж.Халиоллин.

Өңірде күздік егінді ору жұ­мысы басталып та кетті. Әзір­ге гектарына 4-12 центнер ара­лығында өнім жиналуда. Был­тыр бұл көрсеткіш 22,4 ц/га болғанын ескерсек, аз­дау, әрине. Бірақ диқандар биыл дәнді дақылдар алқабынан бар­лығы 168,3 мың тонна өнім алуды көздеп отыр. Оның шамамен 75 мың тоннасы мал азығына пайдаланылмақ.

Басқарманың жоспарлауынша, биылғы жаңа өнім облыстың азық-түлік бидайға сұранысын 119%-ға, тұқымға қажеттілікті 100%-ға қамтамасыз етуі тиіс. Егін орағына қатысатын 949 ком­байн мен өзге де техника сайланып тұр. Басқарма басшы­сы биылғы егін орағы мен күзгі далалық жұмыстарға 11 мың тон­на арзандатылған дизель оты­нын бөлу жөнінде Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне ар­найы өтінім жолданғанын айтады.

Биыл Маңғыстау, Қызылорда өңірінде қуаңшылық болып, мал азығына тапшылық сезілуде. Онымен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысында жағдай жаман емес. Сондықтан өңір басшысы жергілікті ауыл шаруа­шылығы ұйымдарына мал азы­ғының 1,5 жылдық қорын жа­сақтау міндетін қойып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы