Павлодар кәсіпорындарының бірінде жұмысшыны ток соқты. Ер адам күйік пен түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, жазатайым оқиға қалалық ЖШС-нің бірінде орын алған.
32 жастағы жұмысшы кәсіпорын аумағында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде зардап шеккен. Ер адам жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасында зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
«Зардап шеккен ер адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, миының шайқалуы және электрошок диагнозы қойылды. Қазіргі жағдайы тұрақты. ПТР-тест нәтижесінен кейін науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылатын болады», деді басқармада.