АҚШ-та визалық алаяқтық жасады деп айыпталған Үндістан сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері Девиани Хобрагаде Нью-Йорктен Делиге жеткізілді. Үндістан сыртқы саясат ведомствосы хабарлағандай, Хобрагаде Үндістан сыртқы істер министрлігінде жұмысын жалғастырмақ, ал оның балалары болса, бұрынғыша АҚШ-та тұрып жатыр.
Шарайна
Дауға іліккен дипломат еліне қайтты
АҚШ-та визалық алаяқтық жасады деп айыпталған Үндістан сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері Девиани Хобрагаде Нью-Йорктен Делиге жеткізілді. Үндістан сыртқы саясат ведомствосы хабарлағандай, Хобрагаде Үндістан сыртқы істер министрлігінде жұмысын жалғастырмақ, ал оның балалары болса, бұрынғыша АҚШ-та тұрып жатыр.
2013 жылдың желтоқсанында мәлім болғанындай, Хобрагаденің үй күтушісі 2013 жылдың желтоқсанында құқық қорғау органдарына дипломат оған АҚШ-та белгіленген ең төменгі деңгейден төмен жалақы төлейді деп шағымданған болатын. Соның салдарынан Хобрагаде визалық алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынған еді. Жергілікті БАҚ-та жазылғандай, оның үй күтушісі үшін алынған визалық құжаттарда оның еңбекақысы нақтылы төленгеннен жоғары болып көрсетілген.
Содырлар шабуылы сәтсіз аяқталды
Сирия аумағында әрекет етіп жүрген содырлар уландырғыш газ әзірлеу үшін пайдаланылатын химиялық заттар қоры сақталған қоймаға екі мәрте шабуыл жасап, олары сәтсіз аяқталған. Бұл туралы бейсенбі күні ливандық Daily Star газеті аты аталмаған батыстық дипломатқа сілтеме жасай отырып хабарлаған көрінеді.
Оның айтуынша, бұл туралы Химиялық қару-жараққа тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Сирияның өкілі атқару кеңесінің жабық отырысында мәлімдеген. Сирия өкілі осы отырыста шабуылдарға табысты түрде тойтарыс берілгенін атап көрсеткен. Айта кету керек, Сирияның химиялық арсеналы 2014 жылдың жазына таман толық жойылатын болады деп күтілуде.
Ле Пен Еуроодақты құлатуға шақырды
Француздық «Ұлттық майдан» оңшыл партиясының басшысы Марин Ле Пен бейсенбі күні Еуроодақты құлату үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтындығын айтып, уәде берді.
Еуроодақты жақсарту үшін не істеуге болады? Ол үшін оны құлатуға қол жеткізу керек. Мен өзім осынау еуропалық бірлестіктен бір ғана нәрсені – жарылысты күтемін, деп атап көрсеткен ол француз журналистеріне. Ле Пеннің пікірінше, Еуроодақтың күйрейтін сәтін күтуге болады. Мүмкіндігінше оған жағдай да жасау керек. Тек содан кейін ғана еркін ұлттар Еуропасы құрылысына кірісуге болады.
Бес округте төтенше жағдай
Экл өзеніне химикаттардың түсіп кетуіне байланысты АҚШ-тың Батыс Вирджиния штатының губернаторы штаттың бес округінде төтенше жағдай жариялады.
Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, округтер билігі құбыр арқылы келетін суды ішуге және ас әзірлеуге пайдалануға тыйым салған. Оны тек техникалық мақсатта ғана пайдалануға болады. Мұндай тыйым жүз мыңға тарта жергілікті тұрғындарды қамтып отыр. Мамандардың мәліметіне қарағанда, суға тіпті айтарлықтай ірі көлемде болғанның өзінде адам өмірі үшін қауіп тудырмайтын метилциклогексан заты түсіп кеткен көрінеді.
Кастро көпшілік алдында көрінді
Кубаның бұрынғы көсемі Фидель Кастро соңғы 9 айда алғаш рет көпшілік алдына шықты. Бұл туралы кубалық бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып баспасөз агенттігі хабарлады.
Үкіметтік Granma газетінің мәліметіне қарағанда, 87 жастағы Кубаның экс-лидері жақында кубалық суретші Алексис Лейваның Гаванадағы арт-студиясының ашылуына қатысқан. Ол өзінің жұрт алдына шыққанын зор қошеметпен қарсы алған суретшілер мен тұрғындарға қызу сәлем жолдады деп атап көрсеткен аталмыш басылым. Сол сияқты үкіметтік сайтта Кастроның Лейвамен сөйлесіп тұрған фотосуреті де жарияланған көрінеді.
Күннің ысуы рекордтық деңгейге жетті
Австралия аумағының 34 жерінде 50 градусқа жеткен рекордтық ыстық тіркеліп отыр. Бұл жылдың қазіргі мезгілі үшін шамадан тыс ыстық болып есептеледі.
Австралия метеорологиялық бюросының маманы Карли Браганзаның пікірінше, мұндай ыстыққа жаһандық жылыну мен ауа райына салқындатушы әсер ететін муссонның Австралияға уақытында келмеуі себепкер болып отыр. Оның айтуына қарағанда, мұндай шектен тыс ыстықтың алдағы аптада да жалғасуы мүмкін.
Әскери нысандағы жарылыс
Ирактың астанасы Бағдадтағы әскери нысанда болған қуатты жарылыс салдарынан жиырма бір қызметші қаза тауып, 35 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Бұған дейін ел астанасында болған жарылыстан 13 адамның қаза тауып, 30 адамның жарақат алуы туралы хабарланған болатын.
Жарылыс Ирак армиясына жаңадан шақырылған жауынгерлер тұратын орталық орналасқан «Әл-Мутанна» әуежайында орын алған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бомбыны жанкешті терроршы іске қосқан көрінеді. Әзірге террорлық актіге байланысты жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.