Қызылордада балалар үйінен жоғалып кеткен екі жасөспірім табылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар үйінің қызметкерлері жүгінді. Арызда аталған мекемеде тәрбиеленіп жатқан 17 жастағы екі жасөспірімнің балалар үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы айтылған.
«Жасөспірімдерді іздеу жұмыстарына ювеналды полиция мен патрульдік полиция жасақтары жұмылдырылды. Үйлердің шатырлары мен аулалары, құрылыс жүріп жатқан обьектілер ерекше назарға алынды. Мекемелердің аулалары араланып, жергілікті тұрғындардан сұрастыру жүргізілді. Әлеуметтік желіде де ақпараттар таратылды. Нәтижесінде жоғалған жасөспірімдер табылып, балалар үйіне аман-есен тапсырылды. Кәмелет жасына толмаған балалардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», деп мәлім етті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі.