Үстіміздегі жылғы қаңтардың 10-нан 11-не қараған түні Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) үшін Польшаның Вышков қаласында жергілікті Poland Hussars командасымен кездескен Astana Arlans клубы 4:1 есебімен басым түсті. Сөйтіп, осы кезге дейін 5 кездесудегі жеңістері санын 4-ге жеткізді. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Матч Астана уақытымен 11 қаңтар күні сағат 1:30-да басталды. Қазақстан жігіттерінің жеңісті жолын 49 килодағы Мардан Берікбаев бастап берді. Ол Давид Себастьян Ягодзинскиді 3:0 (49:46, 48:47, 48:74) етіп cүріндірді. Бұдан кейін шаршы алаңға шыққан 56 килодағы Мейірболат Тойытов (суретте) Марек Петрущукті бірнеше рет тәлтіректетіп тастады. Соған орай жеңісі басымырақ болды - 3:0 (50:44, 50:44, 50:44). Ал 64 килодағы Асхат Уәлиханов поляк Дамиан Кивиораны 3:0 (48:47, 48:47. 48:47) етіп жеңгеннен кейін жалпы командалық есеп 3:0-ге жетіп, астаналықтардың қорытындыда жеңіске жеткені айғақталды.
«Бір айта кететін жайт, 75 килоға дейінгі салмақта «арландардан» украин легионері Сергей Деревянченко рингке шығуға тиісті болатын. Бірақ соңғы сәтте оны Ерік Әлжанов алмастырды. Міне, қазақстандықтар сапынан жеңіліске ұшыраған осы маңғыстаулық боксшы болды. Ол Томаш Яблонскиге қарсы кескілескен ұрысында қарсыласына 0:3 (47:48, 47:48. 47:48) есебімен есе жіберіп қойды. Мұның есесіне, соңғы шайқастың шырайын келтірген 91 килодағы Василий Левит поляк Лукаш Зигмунтты тас-талқан етті. Мұны осы кездесудегі ең жоғары көрсеткіштің өзі байқатады. Ал айқас 3:0 (50:42, 50:40, 50:44) болып аяқталды», - делінген сайт хабарламасында.
Осы матчтан кейін бірден 4 қазақстандық боксшы өз салмақтары бойынша бірінші позицияға шықты. Олардың қатарында Мейірболат Тойытов (56 кг), Асхат Уәлиханов (64 кг), Василий Левит (91 кг) және Филип Хргович (+91 кг) бар. Екінші орындағылар қатарын Мардан Берікбаев (49 кг) пен Сергей Деревянченко (75 кг) толтырып тұр. Сол сияқт, Мейірім Нұрсултанов рейтингіде үшінші болып келеді.
«Қазір астаналықтар «гусарларды» жеңгеннен кейін В тобында көш бастады. Алайда, кубалықтардың Baku Fires командасымен ойнайтын бір кездесуі бар екенін де еске сала кетейік», - делінген хабарламада.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: ras.kz.
Фото: Казахстанский бокс ВКонтакте.