Кеше, қаңтардың 11-і күні Израильдің бұрынғы премьері Ариэль Шарон қайтыс болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасаған Ras.kz хабарлады.
«Израильдің экс-премьері Ариэль Шарон қайтыс болды. Мұны баспасөз өкілдеріне Шаронның ұлы Гилад жеткізді. «Ол өзі қалаған уақытта кетті» деді Гилад Шарон», – делінген хабарламада.
«Тель а-Шомер» қалпына келтіру клиникасының директоры Шломо Ной мәлімдегендей, Израильдің экс-премьері «балаларының қоршауында тып-тыныш жағдайда» өмірден өткен. Израиль телевидениесінің мәліметі бойынша Шаронның жүрегі 13:58 (Астана уақытымен – 18:58) сағатта тоқтаған.
Экс-премьердің денсаулық жағдайы соңғы күндері күрт нашарлаған. 85 жастағы пациент Тель-Авивтегі «Тель а-Шомер» клиникасының «Шива» медициналық орталығында жатты.
Ариэль Шарон соңғы 8 жыл бойынша ес-түссіз, кома жағдайында болды. Израиль үкіметі басшысы орнында 2001-2006 жылдары болған Шарон 2005 жылдың желтоқсан айында микроинсульт алып, ауруханаға жатқызылды. Бірақ екі күннен кейін емханадан шығып жұмысқа қайта қосылды. Ал бір айға жетпес уақытта – 2006 жылғы 4 қаңтарда кең ауқымды инсультқа ұрынып, бірден комаға түсіп кетті. Содан бері ес білмейтін өлі мен тірінің арасында қыбырсыз жатты. Ол жасанды тыныс алдыру аппаратымен ғана дем алды және өз бетінше тамақтана алмады. Жақында балалары жасанды тыныс алдыру аппаратынан ажырату жайын қозғады.
Міне, 8 жылғы ес-түссіз өмірдің де соңына нүкте қойылды. Кезінде Палестина мен араб мәселелеріне келгенде, көп кері әрекеттер жасап, зиян келтірген экс-премьер ғұмырының соңғы он жылға жуық уақытын осылай қайғылы жағдайды өткізіп, абыройсыздау аяқтады.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Gazeta.ru