Түркі Кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әміреев әлеуметтік желідегі парақшасында Венгрияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Питер Сийярто Стамбулдағы Түркі Кеңесінің Хатшылығына келгенін жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз Түркі Кеңесінің қазіргі кезеңдегі ауқымды мәселелерін, алдағы уақытқа арналған жоспарларды, сондай-ақ Түркі әлемі мен өңірдегі соңғы оқиғаларды қамти отырып, тыңғылықты келіссөздер жүргіздік. Венгрияның Түркі әлемінің ажырамас бөлігі ретіндегі ерекше орнын атап өтіп, Мажар басшылығына Будапешттегі Түркі Кеңесінің Еуропалық кеңсесінің жұмысы үшін тамаша жағдай жасағаны үшін ризашылығымды білдірдім. 2019 жылғы қыркүйектен бастап жұмыс істейтін кеңсе мүше мемлекеттер арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ Еуропа елдерімен және Еуропадағы халықаралық және өңірлік ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізу үшін жаңа және тартымды орталыққа айналғанын атап өттім», дейді Б. Әміреев.
Сондай-ақ, Бас хатшы Түркі Кеңесінің 2021 жылғы 12 қарашада Стамбулда өтетін 8-ші Саммитіне дайындықты және оның күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылап, алдағы саммит Ұйымның аясындағы ынтымақтастықтың жаңа және жоғары деңгейіне өтетіні туралы да тоқталып өткен.
«Министр Сийярто Түркі Кеңесінің соңғы жылдардағы елеулі жетістіктеріне тоқталып, Венгрия Хатшылықтың Ұйым шеңберіндегі қарым-қатынастарын одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігеріне жан-жақты қолдау көрсетуін жалғастыратынын айтты. Осы тұрғыда 2021 жылғы 22-23 қыркүйекте Будапештте өтетін Түркі сауда-өнеркәсіп палаталарының бизнес форумының маңыздылығы атап өтілді. П. Сийярто Венгрияның Түркі Кеңесі аясындағы даму жобалары мен басқа да бастамаларды қолдау мақсатында Түркі Инвестициялық Қорын құруға белсенді қатысуға мүдделілігін тағы да растады», деп атап өтті Б. Әміреев.
Сондай-ақ Бас хатшы Б. Әміреев Министр Сийярто Түркі Кеңесінің соң жылдардағы табысты жұмысы үшінші елдердің Ұйыммен ресми байланыстар орнатуға және Түркі әлемімен байланыстарды тереңдетуге ықпал еткені туралы жылы лебізін білдірген.
«Петер Сийярто мүше мемлекеттердің студенттерінің Венгрияда оқуға деген сұранысының артып келе жатқанын атап өтіп, биыл түркітілдес елдерден 5000-нан астам өтініш түскенін мәлімдеді» дейді Бас хатшы.