• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2014

Бауырластар ілтипаты

265 рет
көрсетілді

«Түрік ұланы! Түркия республикасын құрған – түрік халқы» деген Ататүрік сөзіне ұйыған түрік бауырлар Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағанда тұңғыш танып қана қоймай, шынайы бауырластық танытқан болатын. Соның бір дәйегі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен сол тұстағы Түркия Президенті Тұрғыт Өзал қазақ-түрік лицейлерін ашуға ұйытқы болған еді.

«Түрік ұланы! Түркия республикасын құрған – түрік халқы» деген Ататүрік сөзіне ұйыған түрік бауырлар Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағанда тұңғыш танып қана қоймай, шынайы бауырластық танытқан болатын. Соның бір дәйегі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен сол тұстағы Түркия Президенті Тұрғыт Өзал қазақ-түрік лицейлерін ашуға ұйытқы болған еді.

Содан бергі кезең ішінде қазақ-түрік лицейлер саны 30-ға жетіп отыр. Жалпы білім орындарының жұмысын «KATEV» халықаралық қоры үйлестіреді. Екі мемлекет арасындағы осындай игілікті шараның өз шешімін тауып, мың­даған ұл-қыздың білім алып, тәрбие үйренуіне жол ашқан уақыттан бері де 20 жыл өте шығып­­ты. Атаулы күнге орай «KATEV» халықаралық қорының басшысы Мехмет Месут Ата бастаған азаматтар кеше басылым редакциясында болып, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрах­мановпен пікір бөлісіп, қол жеткен жетістіктер мен алда тұрған міндеттер туралы әңгімелесті.

Қазақ-түрік лицейлерінде қазір сегіз мыңнан аса бала оқиды екен. Оларға бір кезде 530 мұғалім сабақ берсе, қазір 950-ге жетіпті. Бір атап өтерлігі, бұл ұстаздардың 820-дан астамы Қазақ елінің азаматтары көрінеді. Бұған қоса алғашқы түлектер лицей тізгінін қолдарына ала бастапты. 30 мектептің 22-сінің директор қызметі біздің ел азаматтарының еншісіне тиіпті.

Қор басшысы Мехмет Месут Ата: «Ана жұртта отырған Қазақстанмен бұрын үзіліп қалған байланысымыз осы білім салалары арқылы да жалғасып отыр. Қазақ-түрік лицейлерінің 20 жыл ішіндегі қол жеткізген табыстары аз емес. Тек қана лицейлермен шектеліп қалмай, қазақ-түрік колледждері мен Сүлеймен Демирел атындағы университетіндегі келелі істеріміз де молынан. Біздің түлектердің бір ғана жетістіктерін алға тартар болсам, 20 жыл ішінде 2 мыңнан аса алтын, 3 мыңға таяу күміс, 3 мыңның үстінде қола, барлығы – 8300 медаль иеленіппіз. Соңғы жылдардағы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда оқушыларымыз 1200-ден аса медальді қанжығасына байлады. Өткен жылғы түлектеріміздің 99 пайызы жоғары оқу орындарына түсті. Ең бастысы, біз  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үш тұғырлы тіл туралы айтқанын жүзеге асырып келе жатырмыз», деді. Ал басшымен бірге келген «Қазақстан Заман» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің және «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры Ахмет Алязбек, түркиялық «Жиһан» ақпараттық агенттігінің  Қазақстандағы өкілі Доған Йыл­дыз да берекелі жұмыстың жай-жапсарына тоқталып, қазақ бауырларымен берік қарым-қатынаста қызмет істейтіндіктерін жеткізді.

Басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов екі мемлекет арасына алтын арқау болып келе жатқан «KATEV» халықаралық қорының игілікті істеріне оң баға бере келіп, соның бір дәйегі ретінде «Назарбаев Университетіне» түскендердің 60 пайызы қазақ-түрік лицейлерінің түлектері екенін атап өтті, осындай  білім мен білікті тең ұстап отырған қазақ-түрік лицейлеріне әркез ақпараттық демеу көрсетіп отырғанымызды назарға салып, бұл игі дәстүр, достық ниет жалғаса беретінін алға тартты. 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар