• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 28 Шілде, 2021

Туристік қызметті жандандырады

803 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ержан Еркінбаев және Қазақстан туроператорлар қауымдастығының басшысы Инна Рейдің қатысуымен «Туристік қызмет туралы заңнамаға қабылданған өзгерістер туралы» арнайы жиын өтті.

Осы жылдың сәуірінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық ак­тілеріне туристік қызмет мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Атал­ған заңда 20 нормативтік-құ­қық­тық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Со­ны­мен қа­тар тәуелді 30-дан ас­там ак­тіге өз­герістер енгізу және ж­а­­ңасын әзірлеу көзделген болатын.

Заңда келу туризмін, инвести­цияларды ынталандыруға, ту­ристік инфрақұрылымды жақ­сар­туға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шаралары көрсетілген.

Бұл – туроператорларды әрбір шетелдік турист үшін субсидиялау, туристік объектілер мен жол бо­йындағы сервис объектілерін салу кезінде тау шаңғысы базалары мен туравтобустарға арналған жабдықтарды сатып алуға салған инвесторлардың шығындарын өтеу, сондай-ақ турдестинацияларда санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау сынды шаралар.

Бүгінгі таңда қазақстандық туроператорлардың жұмысы көш­пелі туризмге бағытталған. Енді туроператорлардың келу туризмі бойынша жұмысын ынталандыру үшін халықаралық тәжірибе не­гізінде әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды 15 мың тең­ге мөлшерінде субсидиялау енгі­зіліп жатыр.

Сонымен қатар Қазақстанда отбасылық демалысты ынталан­дыру мақсатында ішкі әуе мар­шрут­тарында балаларды тасымалдау ақысын өтеу де KIDS GO FREE бағ­дарламасы арқылы жү­зеге асырылады.

Аталған бағдарламаға сәй­кес, екі жастан 14 жасқа дейінгі балаларға Қазақстандағы топ-10 ту­ристік аймаққа тегін әуе би­лет­тері беріледі. Бағ­дар­ла­маның мақ­­саты – қазақ­стан­дықтарға елі­міздің туристік аймақтарында бүкіл отбасымен демалуға мүм­кін­дік жасау.

Қазақстанның туроператорлар қауымдастығының басшысы Инна Рейдің айтуынша, туризм көптеген елде экономиканың драйверіне айналды.

«Туризм нарығы мемле­кет­тің мұндай қолдауын көп­тен күтті. KIDS GO FREE жүйесі аза­мат­тардың ел ішінде саяхаттауға деген қызығушылығын оятады. Бұл жерде туроператорлардың турларды танытуға қатысуын қолдау өте маңызды», деді И.Рей.

Шетелдік туристер үшін көші-қон режімін барынша жеңілдету мақ­сатында Қазақстанда қонақ­үйлерге орналасу кезінде алынған мә­ліметтерді ҰҚК Бүркіт жү­йесімен және ІІМ визалық-көші-қон порталымен автоматты ре­жім­де біріктіруге мүмкіндік бе­ретін Е-qonaq жүйесі әзірленді. Жүйе қазірдің өзінде Нұр-Сұл­тан, Алматы қалаларында, СҚО және Ақмола облысындағы 323 қонақүйде енгізілген. Жыл со­ңына дейін еліміздің басқа да туристік аймақтарын қамтып, Е-qonaq жүйе­сі бар қонақүйлер санын 600-ге дейін жеткізу жос­парланған.

Kazakh Tourism басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Қазақ­стандағы туристік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер ен­гізу аясында отандық турларды сату үшін онлайн платформаны іске қосу жоспарланғанын атап өтті.

«Бұдан былай Қазақстандағы гидтердің жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда гидтердің білімі, олардың туристермен қарым-қатынасы туралы ешкім білмейді. Осыған байланысты құзыреттілік бойынша көптеген сұрақ туындайды. Сондай-ақ ел аумағында шет­елдік азаматтардың гид қызметін көрсету фактілері бар. Бұл – заң­сыз қызмет. Осындай мәселелерді шешу үшін Kazakh Tourism онлайн жүйені енгізуді ұсынды. Онда гидтер өз білімдерін мер­зімді түрде растап отырады, туристер үшін қажетті ақпарат бар. Мысалы, қандай тілді меңгергені, дайындық деңгейі, ту­ристердің пікірі туралы және т.б. ақпарат көр­сетілген жеке парақша болады. Гидтерді сәй­кес­тендіру ың­ғайлы болу үшін әрқайсысының өзіндік бірегей QR коды болады, ол гидтің про­филіне апарады», деді Е. Еркінбаев.

Жиын соңында Kazakh Tourism ҰК АҚ басшылығы мұн­­дай жа­ңалықтарды енгізу туристік қыз­мет­тер нарығын Қа­­зақстанда ба­рынша ашық ете­тініне сенім білдірді.