Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде 2021 жылдың алғашқы жартысын қорытындылаған отырыс өтті. Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақта әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталғанын айтты.
«Барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Қазіргі эпидемиялық ахуалға қарамай нәтижені жақсарта түсіп, дамуды әрі қарай жалғастыру қажет. Ол үшін барлық жағдай жасалынды. Негізгі бағыттар бойынша перспектива бар. Біздің мақсатымыз – экономиканы өркендету және халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Өткен жылдың соңында және биылдың басында жарияланған жоспарларымыз толық орындалуда», деді әкім.
Осы жылдың алғашқы жартысында Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан 7 833 тұрақты жұмыс орны ашылған. Жылдың аяғына дейін тағы да төрт мыңнан артық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал жұмысқа орналастырылғандардың барлық саны – 18 400.
Облыстық экономика басқармасының басшысы З.Молдағапановтың айтуына қарағанда, жаңадан ашылған жұмыс орындарының 40 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Ал 25%-ы – жеке кәсіптің үлесінде.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілген шаралар 12,1 мың адамды қамтыған. Осының нәтижесінде, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі 1,2 пайыз немесе 89 млрд теңге болды. Жалпы, өнімнің өсімі облыстың барлық ауданында байқалады. Тек аса ірі бірнеше құс фабрикасы бар Қызылжар ауданында ғана жалпы өнім былтырдың сәйкес мерзіміне қарағанда 15,9% азайған. Бұл жұмыртқа өндірудің 60,3%-ға құлдырап кеткендігімен түсіндіріледі. Өткен жылы облыста құс тұмауынан жүздеген мың бас құс қырылғаны белгілі. Соның кесірі жалпы өнімнің төмендеуіне соқтырып отыр.
Алғашқы жартыжылдықта ет өндіру 3,4%-ға, ет 7%-ға артқан. Облыста мал тұяғы да артуда, соның ішінде қара мал 3,5%-ға, қой-ешкі 3,3%-ға, жылқы 2%-ға көбейіп, 180 мыңға жеткен.
Енді облыстағы өнеркәсіп алыптарының жұмысына тоқтала кететін болсақ, «ЗИКСТО» АҚ жарты жылда 11,9 млрд теңгенің өнімін шығарып, 71,4% өсімге қол жеткізген. Олар «Кедентранссервис» АҚ логистикалық терминалына, «PTC Holding» ЖШС-на (Нұр-Сұлтан қ.), «RWS Wheelset» ЖШС-на (Екібастұз қ.) 380 вагон жөндеп және жаңадан құрастырып аттандырды.
Ал «Киров атындағы зауыт» АҚ өнімінің өсімі 173,8%-ға жеткен. Олар осы уақыт аралығында 338,5 млн теңгенің энергетикалық бұйымдарын, көтергіш-көлік техникаларын шығарды. Сонымен қатар мұнай-газ саласына қажетті бұйымдар шығаратын «Поиск» ЖШС, «Петромашзавод» ЖШС қарқынды жұмыс істеуде. Алдыңғысындағы өсім 23,6% болса, кейінгісі 5,3% өсімге қол жеткізген. Бұлар Ресейдің Түмен, Ижевск, Челябі, Екатеринбург, Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларының кәсіпорындарына 1,5 млрд теңгенің өнімін сатқан.
Облыста құрылыс материалдарын шығару да қалыпты қадамға түскен. Мәселен, «Единство» ЖШС өсімін 59% арттырып, 651,5 млн теңгенің өнімін шығарса, «Завод строительных материалов» АҚ өсімді 2,1 есе арттырып, бүгінгі таңда 750 млн теңгенің өнімін шығаруға қол жеткізген.
Өнеркәсіптің басқа барлық салаларында өсім болғанымен тау-кен саласы бойынша өсім жоқ. Соның ішінде қиыршық тас өндіру 25,3%-ға, темір рудалары 6,6%-ға азайған. Солтүстіктегі құрылыс та қарқынды жүргізілуде. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл биыл 4,9% немесе 34,7 млрд теңгеге артқан. Өсімнің қомақты бөлігі күрделі жөндеулердің есебінен болып отыр. Бұл сала бойынша Шал ақын ауданының өсімі – алдыңғы қатарда. Ал артта қалғандар қатарында Айыртау ауданы бар. Мұның себебі былтырдың сәйкес мерзімінде мұнда автожолдарға күрделі жөндеулер болған еді, ал биыл ондай қаражатты көп шығындайтын жөндеу жұмыстары болмағандықтан құрылыс қарқыны да төмен көрсетіліп тұр.
Жартыжылдықта 83,2 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Бұл былтырғы межеден 6,8 пайызға артық. Облыс экономикасына биыл құйылған инвестиция көлемі де былтырғы сәйкес мерзімге қарағанда 23,4% артық болып, 139 млрд теңгеге жетті. Инвестицияның 56,1%-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен құйылған, ал мемлекеттік бюджеттен берілгені – барлық көлемнің 13,8%-ы. Экономика салалары арасында ең көп инвестииция ауыл шаруашылығы мен орман және балық шаруашылығына құйылған.
Сыртқы саудада облыс биыл жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл биыл 1,7 есе артып, 478,8 млн долларға жеткен. Соның ішінде экспорт 3,2 есе артып, 274,8 млн долларды құраған. Экспорттың өсімі негізінен мал және өсімдік майын, металл мен оның өнімдерін сатудан артып отыр. Ал импорттың өсімі негізінен химия өнеркәсібінің өнімдерін сатып алудан артуда.
Солтүстік Қазақстан облысы