• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2014

Президенттің жұмыс кестесі: 2013 жылдың негізгі қорытындылары

240 рет
көрсетілді

2013 жыл – мақсаты Қазақстанның әлемнің анағұрлым дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз ету болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы жылы болды. Бұл мемлекеттік органдар мен ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметінен нақты көрінді.

2013 жыл – мақсаты Қазақстанның әлемнің анағұрлым дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз ету болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы жылы болды. Бұл мемлекеттік органдар мен ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметінен нақты көрінді.

Шетелдік сапарларды, өңірлерге жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен мәжіліс­терді, халықаралық және республикалық фо­румдардың жұмысына, конференциялар мен съездерге қатысу, шетел мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдау, жұртшылық өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесу, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарға баруды қоса алғанда, жыл бойы Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 700-ден астам хаттамалық іс-шара болып өтті.

Мемлекет басшысы 16 мәжіліс өткізді, олардың ішінде Үкімет мүшелерінің, Пре­зидент Әкімшілігі басшылығының, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуы­мен өткен 13, басқарушылық «А» корпусы мемлекеттік қызметкерлерінің қатысуымен өткен 1 және көшпелі 2 мәжіліс бар.

Президенттің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың желісі бойынша Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің 1, Кәсіпкерлер кеңесінің 1, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің 1, Мұнайгаз кеңесінің 1, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесінің 2 отырысы болып өтті.

Жыл бойы Президент Парламент палата­ларының төрағаларымен және парламенттік фракциялардың жетекшілерімен ұдайы кездесе отырып, депутаттық корпуспен тұрақты негізде өзара бірлескен іс-әрекет жасады.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен еліміздің 14 өңірінде болды.

Екіжақты қарым-қатынастардың аясын­дағы 7 шетелдік сапарды, сондай-ақ 9 мемлекет­ара­лық саммит пен 4 халықаралық форумды қоса алғанда, Елбасының қатысуымен 170-ке жуық кездесу мен халықаралық сипаттағы іс-шаралар болып өтті.

Н.Ә.Назарбаев 14 баспасөз конференция­сы мен брифингтер өткізіп, шетелдік және отандық жетекші БАҚ-қа 8 сұхбат берді.

Жыл бойына Президент 6,8 мыңға жуық құжаттарды қарап, қол қойды, олардың қатарында 94 заң, 259 жарлық, 107 өкім, 19 мәжіліс хаттамалары, 2 439 қызметтік құжаттар, 3 640 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдар, азаматтардың 232 арыз-шағымдары мен хаттары бар.

Осы кезеңде Мемлекет басшысы барлығы 70 күн іссапарда болды, оның 23 күні шетелдерге, 47 күні Қазақстанның өңірлеріне арналды.

*  *  *

Ішкі саяси салада 2013 жыл «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының басымдықтарына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесін сапалық қайта құрудың басы ретінде есте қалды.

Мемлекеттік басқаруды орталық­сыз­дан­дыру мен әкімшілік реформа осы бағыттағы алғашқы ірі нақтылы қадамдар болды.

2013 жылы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру аясында орталық пен өңірлердің арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктердің аражігін ажырату жүзеге асырылып, жергілікті жерлерде әкімдердің сайланбалылығы енгізілді және жергілікті өзін өзі басқарудың өкілеттіктері ұлғайтылды.

Атап айтқанда, 67 мемлекеттік функция ауылдық деңгейге берілді. Ең алдымен, ауыл әкімдері салық жинау, жергілікті бюджетті қалыптастыру және оны тұрғындардың өздерінің қатысуымен проблемаларды шешуге бөлу құқығын алды.

Тамыздың басында жергілікті билік органдарының басшыларын сайлау өткізілді, соның қорытындылары бойынша баламалы негізде ауылдық округтердің, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды, бұл барлық деңгейдегі әкімдер корпусының 91%-ын құрайды.

Осымен бір мезгілде мемлекеттік қызмет жүйе­сін одан әрі жетілдіруге және кәсіби мемлекеттік басқарушылар корпусын қа­лып­тас­тыруға бағытталған әкімшілік реформа басталды. Осы мақсатта «А» және «Б» корпус­тары түрінде әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымдарының қос деңгейлі құрылымы ен­гізілді. 2013 жылдың жазында өткізілген көп­са­тылы конкурстың қорытындылары бойынша «А» корпусына 940 адам іріктеліп алынды.

Әкімшілік реформаның алғашқы нәти­желерін Мемлекет басшысы 17 қазанда «А» корпусы мемлекеттік қызметкерлерінің қаты­суымен өткен жұмыс кеңесінде қоры­тын­ды­лады.

Тұтастай алғанда, жүргізілген реформа сая­си мемлекеттік қызметкерлер санын 7,5 есе қысқартып, аудандар мен өңірлердегі қалалар әкімдерінің 30%-ын, сондай-ақ, орталық деңгейдегі атқарушы органдар басшылық құрамының 15%-ын жаңартуға алып келді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру орайындағы маңызды бағыт құқықтық жүйені одан әрі жаңғырту болды.

30 қаңтарда құқық қорғау органдарының басшылығымен болған кеңесте Президент Стратегияны жүзеге асыру аясындағы құқық қорғау реформасының басымдықтарын айқындап берді.

Бұл мәселе Негізгі заң мен Құқықтық реформа тұжырымдамасының ережелерін дамыту үшін жаңа редакцияда әзірленген Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу және Қылмыстық-атқарушылық кодекстердің жобаларын қарауға арналып, Президенттің төрағалығымен өткен тамыздағы кеңесте өз жалғасын тапты.

Құқық қорғау жүйесін жетілдірудің басым бағыттары туралы айта келе, Мемлекет басшысы аса маңыздылардың қатарында сыбайлас жемқорлықпен күресті атады.

Жыл бойында аталған мәселелер бойынша Н.Ә.Назарбаев Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Р.Т.Түсіпбековті, Бас прокурор А.Қ.Дауылбаевты және Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымовты қабылдады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту міндетін Президент 20 қарашада болып өткен судьялардың VI съезінде судьялар корпусының алдына да қойды.

Қабылданған іс-шаралар іс жүзінде сыбайлас жемқорлықпен күрестің жүйелік деңгейде күшейтілуінен көрінді. 2013 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тұтас бір жоғары лауазым иелеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы арқылы жетекші азаматтық қоғам институттарының құжаттары да «Қазақстан-2050» Стратегиясының тұжырымы тұрғысынан түбегейлі қайта ойластырылды.

Мәселен, сәуірде «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұранымен өткен Ассамблеяның ХХ мерейтойлық сессиясы жұмысының қорытындылары бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Қазандағы кезектен тыс ХV съезінде «Нұр Отан» партиясы өзінің жаңартылған Саяси доктринасын бекітті.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру жылдың барлық елеулі қоғамдық-саяси іс-шараларының өзегі болғанын атап айтқан жөн.

25 сәуірде Н.Ә.Назарбаев ХІ Еуразиялық медиа-форумның жұмысына қатысты. Қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысындағы отандық медиа саласының дамуы жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті. Президент белгілеген тұжырымдардың «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасынан көрініс тапқаны белгілі.

Жаңа кезеңдегі ұлттық қауіпсіздік мәсе­лелерінің өзектілігі сәуірде және қыркүйекте Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырыстары күн тәртібінің басты арқауы болды.

Отан қорғаушы күні қарсаңында 7 мың әскери қызметшінің, 400 жерүсті ұрыс техникасының, 80 ұшақ пен тікұшақтың қатысуымен Жамбыл облысындағы «Отар» полигонында осындай пішімде алғаш рет ұйымдастырылған Жауынгерлік әскери парад та осы арнада өткізілді.

Парламенттің бесінші шақырылымы­ның кезекті ІІІ сессиясының ашылуы бары­сындағы Президенттің қыркүйектегі депутаттық корпус­пен кездесуі «Қа­зақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асыру қыры арқылы саяси, әлеуметтік-эконо­микалық, құқықтық реформаларды заңна­ма­лық қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Оның негізі қалануының 20 жылдығына арналып 29 қарашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиат­тары мен бітірушілерінің форумында да Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің ұзақ мерзімдік дамуы мен жас ұрпақтың жауапкершілігі мәселелерін көтерді. 1,5 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен кездесу кезінде Президент телекөпір арқылы қазіргі кезде Лондонда, Вашингтонда және Шанхайда оқып жүрген стипендиаттармен сөйлесті. Өз сөзінде Елбасы «Болашақ» халықаралық бағдарламасын жүзеге асырудың 20 жыл ішіндегі мерзімаралық қорытындыларын шығарды және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру тұрғысынан оның жаңа міндеттерін айқындады.

Жыл қорытындысын шығара отырып, Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы нәтижелерін талдап-таразылап, елдің бұдан былайғы ұзақ мерзімдік болашағын белгілеп берді.

*  *  *

Әлеуметтік-экономикалық салада Қазақстан 2013 жылы оң серпінді сақтап қалды. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша, ІЖӨ 6% дерлікті құрады, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің көрсеткіші 12 мың доллардан асып түсті. Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғанда, Қазақстанның халықаралық жиынтық резервтері 90 млрд. долларға жетті.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының шеңберін­дегі экономикалық дамудың параметрлерін нақтылау мақсатында, Мемлекет басшысы жыл бойы тұтас бірқатар ірі мәжілістер өткізді.

23 қаңтарда Президенттің төрағалығымен өткізілген мәжілісте 2012 жылдың негізгі қорытындылары шығарылып, Стратегияны жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі міндеттер қойылды. Мәжіліске қатысушыларға арнап сөз сөйлей отырып, Президент ең таяудағы келешекте әлемдік экономиканың құлдырауының жаңа оралымы болуы мүмкіндігінің жоққа шығарылмайтынын атап айтты. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты қағидаты – кең ауқымды прагматизм. Алда тұрған барлық шешімдер Қазақстанның табыстылығы мен инвестициялардың қайтарымдылығы, бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақ мерзімді мүдделерін сақтау есепке алына отырып, қабылдануы тиіс. Бұл – экономикалық статистиканың абстрактілі цифрларының өсімі емес, әрбір қалада, ауданда, ауылда немесе селода өмірдің нақты жақсаруы», – деді Мемлекет басшысы.

Елдің ағымдағы даму мәселелері жөніндегі ақпан кеңесінде банк секторының, зейнетақы реформасы мен мұнай-газ саласы дамуының ахуалы талқыланды.

10 сәуірде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді. Қатысушыларға қайырыла отырып, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысында «отандық бизнеске қолдау көрсетуді жаңа саяси бағыттың екінші маңызды міндеті» етіп қойғанын атап өтті.

Сәуірде Н.Ә.Назарбаев, сондай-ақ, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің отырысына төрағалық етіп, онда қордың қаражатын пайдалану және оның активтерін орналастыру жөнінде тұжырымдамалық тәсілдер қаралды. Еліміздің экономикалық саясатындағы ұзақ мерзімдегі перспективаға арналған Ұлттық қордың одан арғы рөлі мен орнын нақты айқындаудың маңыздылығын атап өте отырып, Президент «Ұлттық қор – ең алдымен болашақ ұрпақтың ақшасы, сондықтан ол тек айрықша жағдайларда ғана пайдаланылуы мүмкін. Ұлттық қордың қаржыларын ағымдағы мәселелерді шешудің көзі ретінде қарастырмаған жөн, оның орнына тиімсіз бюджет шығысын қысқарту, қаржы тәртібін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және салық салынатын базаны арттыру қажет. Ұлттық қор стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың өзге көздері жоқ кезде ғана іске қосылуы тиіс» екендігін айтты.

Президент 26 тамыздағы 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру мәселелері жөніндегі мәжілісті де осындай талаптың аясында өткізді.

18 қазанда Н.Ә.Назарбаев Ұлттық мұнай-­газ кеңесінің отырысына қатысып, онда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың ұйымдастырылу құрылымы мен корпоративтік басқарылуын жетілдірудің қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ішкі нарығын реттеудің және мұнай өңдеу саласының келешегін айқындаудың мақсатқа сайлығына назар аударды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, жыл бойы елдің Премьер-Министрімен, Ұлттық Банктің Төрағасымен, агенттіктердің, ұлттық компаниялар мен еліміздің даму институттарының басшыларымен тұрақты негізде кездесіп отырды. Президент 13 министр мен 13 облыстың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің есептерін тыңдады.

Қазақстан өңірлері әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелері де әдеттегідей Президенттің жіті назарында болды.

Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев 27 наурызда Алматы қаласында Президент Әкімшілігі, Үкімет басшылығының, Алматы қаласының, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыс­тары әкімдерінің қатысуымен еліміздің оңтүстік өңірлерін дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Ол облыстарда индустрияландыруды кері кетіру үдерісіне, ауылшаруашылық жерлерін мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге, халықты жұмыспен қамту бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру, өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыру қажеттігіне айрықша назар аударды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елдің көп өңірлеріне жұмыс сапарымен болып, соның барысында облыстардың активтерімен, еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесті, ондаған өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарда болып, жаңа өндірістердің іске қосылуына қатысты.

Мұндайда Елбасы басты назарды өңірлерде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға аударды.

4 мамырда Президенттің төрағалығымен болып өткен кеңесте тап осы мәселенің мәнісі талқылаудың тақырыбына айналып, онда өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырудың, сондай-ақ осы бағдарламаның екінші бесжылдығын әзірлеудің мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, индустрияландырудың перспективаларын Н.Ә.Назарбаев Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдерін, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрін қабылдау кезінде, сондай-ақ Халықаралық консультативтік кеңестің мүшелерімен ақпандағы кездесуінде талқылады.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мәселелері мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті ХХVІ отырысында талқылаудың басты тақырыбына айналып, онда Н.Ә.Назарбаев әлемдік белгілі сарапшылардың қатысуымен әзірленген 2020 жылға дейінгі инновациялық дамудың тұжырымдамасын жария етті.Сонымен бірге, отырыстың шеңберінде ол «General Electric Transportation», «ConocoPhillips», «Airbus», «EADS» және басқа да компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.

«2020 жылға дейін жыл сайын электр қуатын 2,5%-ға дейін, ал 2020 жылдан кейін – 3,5%-ға дейін үнемдеуді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуді көздейтін «Қазақстан Республикасын «жасыл экономикаға» көшіру жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы» Президент қол қойған Жарлықты да осы санатта атап өтуге болады.

Индустриялық-инновациялық даму саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың көзге көрінетін нәтижелері 2013 жылы пайдалануға берілген жоғары технологиялы объектілер болды. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы полимерлік өнімдер шығаратын «Мұнайхимия LTD» ЖШС-нің, Шығыс Қазақстан облысындағы бронды танк қару-жарағы мен техникасын өндіру мен жаңғырту жөніндегі «Семей инжиниринг» АҚ-тың, Орал қаласындағы термоберік шыны шығаратын «Стекло-Сервис» ЖШС-нің зауыттары, Тараз қаласындағы «ҚазФосфат» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты және басқалар бар.

Шетелдік серіктестермен бірлескен бірқатар жобалар іске асырылды, олардың қатарында Қазақстан мен Түркіменстанның арасындағы «Болашақ-Серхетяка» теміржол өтпесі, сондай-ақ «Қашаған» кен орнының шикізатын қайта өңдеуге бағытталған Атырау облысындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді әзірлеу жөніндегі зауыт бар.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесін өткізуге әзірлік мәселелері жыл бойы Мемлекет басшысының айрықша бақылауында болды. Осыған орай Президенттің төрағалығымен астаналық әкімдік басшылығын қатыстыра отырып 5 мәжіліс өтті, оларды ұйымдастыру мәселелерімен бірге ЭКСПО-ны өткізуді қаржыландырудың корпоративтік көздерін тарту, қала төңірегіндегі «жасыл желекті» дамытудың, қала аумағын көгалдандырудың, азаматтардың демалысы мен бос уақыттарын өткізу үшін арнаулы орындарды қалыптастырудың, астананы «Сmart City – Ақылды қала» пішімі бойынша болашақтың қаласы ретінде дамытудың проблемалары, т.б. қаралды.

13 тамызда Президент Астанадағы «Көрме» орталығында болып, онда ЭКСПО-2017 көрме кешенінің сәулеткерлік нобай-идеяларымен танысты, ал қазандағы жұмыс мәжілісінде көрме кешенінің сәулет нобайын мақұлдады.

Президент жылдың соңында дәстүр бойынша жыл сайынғы республикалық «Алтын сапа» және «Парыз» конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсіміне, сондай-ақ Индустрияландыру картасы жобаларының тұсаукесеріне қатысты. Бұл үш оқиға еліміздің іскерлік өміріндегі – астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Индустрияландыру күніндегі жылдың маңызды оқиғаларының бір бөлігі болып қалды. Үкімет өңірлермен телекөпір пішімінде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру туралы Н.Ә.Назарбаевтың алдында есеп берді, Президент онлайн-режімінде қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан нысандардың қызметімен танысып, тағы да 10 жаңа жобаның іске қосылуына рұқсатын берді.

Сонымен бірге, 2013 жылы Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бірқатар жұмыстары қоғамда теріс бағасын алып, Мемлекет басшысы тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Атап айтқанда, жыл ортасында Қазақстан қоғамында әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы Үкіметтің бастамасына қатысты өткір пікірталас өріс алды. Тек Президенттің жағдайға тікелей араласуынан кейін ғана бұл мәселе күн тәртібінен алынды.

Н.Ә.Назарбаев елдің мемлекеттік телеарналары арқылы сөз сөйлей отырып: «Конституция берген өкілеттіктеріме сәйкес, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы енгізу мерзімі бөлігін қайта талқылап, дауыс беру үшін заңды Парламентке қайтарамын... Мен әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 1918 жылғы 1 қаңтардан бастап, одан әрі әр жарты жыл сайын, 2027 жылға дейін ұзартуды ұсынамын», – деп мәлімдеді.

Президенттің адал да айқын ұстанымы қоғамда кеңінен оң қолдауға ие болды, мұның өзі оның шешімін құптаған көптеген хаттар мен жеделхаттардан да көрінді.

Мемлекеттік органдардың осы және өзге де кемшіліктерін Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің 11 қазандағы отырысының барысында және Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселелері жөніндегі 4 қарашадағы мәжілісте нақты көрсетіп берді.

Тұтасымен алғанда, Мемлекет басшысы әлденеше рет атап көрсеткеніндей, мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық саладағы барлық жұмысы Қазақстанның Кеден одағы мен елдің алдағы ДСҰ-ға кіру жағдайындағы бәсекелестік қабілетін арттыру мақсатында жүргізілуі тиіс.

*   *   *

2013 жыл сыртқы саясат саласында біздің еліміз үшін өте мазмұнды әрі нәтижелі болды.

Өткен жылы Қазақстан үшін халықаралық саладағы күн тәртібінің басты мәселесі Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің шеңберінде еуразиялық интеграцияның тереңдей түсуі болғаны күмәнсіз.

Жыл бойы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысы: мамырда Астана қаласында, қазанда Минск қаласында және желтоқсанда Мәскеу қаласында болып өтті.

Еуразиялық интеграцияны мемлекеттің тұрақты дамуының тиімді тетіктерінің бірі ретінде қарастыра отырып, Қазақстан солардың негізінде Еуразия экономикалық одағын құру мақсатында Кеден одағы мен БЭК-ке мүше мемлекеттермен өзара іс-қимылды нығайтуын жалғастыруда.

Сонымен бірге, желтоқсан саммитінің барысында Н.Ә.Назарбаев құрылып жатқан Одақты саясаттандыруға жол бермеу туралы Қазақстанның қатаң ұстанымын жария етті. «Біз сіздермен бірге айтқан болатынбыз, қайталағым келмеп-ақ еді, бірақ құрылып жатқан одақты саясаттандыруға жол беруге болмайды. Біз экономикалық одақ құрудамыз. Сондықтан комиссияның міндеті шартқа экономикалық интеграция шегінен шығатын ережелерді қоспау. Шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі тәрізді бағыттар, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек мәселелері экономикалық интеграцияға жатпайды және Экономикалық одақ пішініне көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің барлығы ҰҚШҰ, ТМД аясындағы көптарапты келісімдер пішінінде де жақсы реттелген», – деп атап айтты Елбасы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті: «Біздің бірлестігімізде мемлекеттердің саяси егемендігі берік әрі мызғымас. Бұл – аксиома. Ол ол ма, экономикалық интеграция тап осы ұлттық мемлекеттікті нығайтып, мығым экономика арқылы оны одан да бекемірек ету үшін дамуда. БЭК туралы шарт мүше мемлекеттердің өзге елдермен және ұйымдармен халықаралық шарттарына әсер етпеуі тиіс. Егеменді мемлекеттер ретінде біз өзара мүдделерімізге залал келтірмей түрлі елдермен, халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық жасаймыз. Одақ бұл бағытта бізге бөгет болмауы тиіс», – деп мәлімдеп, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңеске ұлттықтан тыс өкілеттіктер беру туралы ұсынысқа қарсы шықты.

Одан басқа, Мемлекет басшысы кеңестік кезеңнен кейінгі елдермен ынтымақтастықтың шеңберінде, 28 мамырда Бішкек қаласындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне және Минск қаласындағы 25 қазандағы ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан мүшесі болып табылатын өзге мемлекетаралық бірлестіктердің шеңберіндегі байланыстарының да үлкен маңызы болды.

Бұл орайда Қазақстан Президентінің 5 қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында болған G-20 «Үлкен жиырмалық» саммитінің жұмысына қатысуын айрықша бөліп айтқан жөн. Саммитке қатысушылардың алдында сөз сөйлей отырып, Мемлекет басшысы олардың назарына VІ Астана форумының ұсыныстары мен ұйғарымдарын жеткізді, сондай-ақ жаһандық экономикалық дағдарыспен күрес және оның қайталануының алдын алу мақсатында әлемдік экономика мен қаржы жүйесін реформалау жөнінде бірқатар ұсыныстарды жария етті. Олардың арасындағы ең елеулілері G-Global ақпараттық-коммуникациялық алаңының құрылуы мен ғаламдық экономиканы реформалау саласында көпжақты диалог, талқылау және шешімдер ұсыну үшін жыл сайын Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция шақыру болды.

Жалпытүркілік ынтымақтастықтың шеңберінде Н.Ә.Назарбаев 16 тамызда Әзербайжанда болған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің ІІІ отырысына қатысты.

Қазақстан Президентінің 13 қыркүйекте Бішкек қаласындағы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының жұмысына қатысуының үлкен маңызы болды. Қазақстанның ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу туралы бастамасы оң қолдау тауып, ол Бішкек декларация­сынан орын алды.

 Алматы қаласында Иран және Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізуші елдер «алтылығы» өкілдерінің келіссөздерінің екі раундының, сондай-ақ Ауғанстан бойынша Ыстамбұл процесіне қатысушы елдердің Министрлік конференциясының өткізілуі ірі дипломатиялық жетістік болды.

Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгері жылжыту орайында Президенттің Боао және Астана экономикалық форумдарына, сондай-ақ Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумына қатысулары елеулі дивидендтер әкелді.

Екіжақты қарым-қатынастар желісі бойынша Мемлекет басшысы 2013 жылы 7 шетелдік сапарда болды, олардың ішінде 3 ресми және 4 жұмыс сапары бар. Атап айтқанда, Елбасы ресми сапармен Қытайға (5-7 сәуір), Өзбекстанға (13-14 сәуір), Монакоға (27-28 қыркүйек), сондай-ақ, жұмыс сапарымен Испанияға (5-6 ақпан), Ресейге (7-8 ақпан, 24 желтоқсан) және Иранға (4 тамыз) барды.

Ресей Федерациясымен дәстүрлі тығыз диалог жүргізілді. Жыл бойы Н.Ә.Назарбаев Президент В.В.Путинмен түрлі пішімдегі 7 кездесу өткізді, солардың барысында негізгі назар Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелеріне, еуразиялық интеграцияның келешегі мен халықаралық және өңірлік күн тәртібінің проб­лемалары бойынша біздің елдеріміздің өзара іс-әрекеттеріне аударылды.

11 қарашада Екатеринбург қаласында болған кезекті Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығының Х форумы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы елеулі оқиғаға айналды. Оның қорытындылары бойынша ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы жаңа шартқа қол қойылды.

Азиялық бағытта Мемлекет басшысының сәуірдегі Қытай Халық Республикасына және ҚХР Төрағасы, Қытай Компартиясы ОК Бас хатшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының үлкен маңызы болды.

Бұл сапарлар елдер арасында жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың жаңа кезеңінің басталуының негізін қалады. Екі ел бағдарларының сабақтастығын дәйектеп, ҚХР-дың бұрынғы басшылығымен қол жеткізілген келісімдердің сақталуына кепілдік берді, ҚХР-дың бұрынғы Төрағасы Ху Цзиньтао кезінде қалыптасқан жоғары деңгейдегі тұрақты байланыс­тар дәстүрі бекітілді. Сондай-ақ, мұнай-газ, көлік пен транзит салаларындағы мәселелер келісіліп, трансшекаралық өзендер жөніндегі ұстанымдар белгіленді, 2015 жылға қарай тауар айналымын 40 млрд. долларға жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді, 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың орта және ұзақ мерзімдік бағдарламасы қабылданды.

Біздің елімізге Индонезия Президенті С.Юдойононың мемлекеттік сапары мұсылман әлемінің аса ірі мемлекетінің басшылығымен сенімді саяси диалог орнатуға, сауда және экономикалық байланыстардың басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді. Сапардың қорытындылары бойынша 5 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Тамызда Иран тарапының шақыруы бойынша Мемлекет басшысы жаңадан сайланған Президент Х.Руханиды ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Иран Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барды. Ұлықтау рәсіміне Қазақстан Президентінің тікелей қатысуы Теһранда оң қабылданып, Иранның жаңа басшылығымен сенімді қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік берді.

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жақсы серпін алды.

Н.Ә.Назарбаевтың 13-14 маусымда Өзбекстанға ресми сапары шешуші оқиға болды, оның қорытындылары бойынша Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды, сондай-ақ сауда, энергетика, суды пайдалану саласында екіжақты өзара іс-қимылдың көкейкесті мәселелері бойынша өте жемісті келіссөздер болды. Ташкент қаласында Абай ескерткішінің және Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуы екі ел жұртшылығының арасында оң пікір туғызды.

Түркіменстан Президенті Г.М.Бердімұхаме­дов­тің Қазақстанға 10-11 мамырда жасаған мемлекеттік сапарының шеңберінде Қазақстан мен Түркіменстанның арасындағы ынтымақтастық одан әрі дами түсті. Сапардың аса маңызды құрамдас бөлігі «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржол магистралі «Болашақ-Серхетяка» қазақстандық-түркімендік учаскесінің ашылуы болды. Оның маңызы туралы айта келіп, Президент «бұл жол екі ел арасында тікелей теміржол қатынасын орнатады. Жаңа теміржол жүктің жеткізілу, соның ішінде транзиттеу мерзімін, келешекте жолаушылар үшін жол қатынасы уақытын қысқартады. Сондай-ақ, «Қазақстан-Түркіменстан» теміржолы – Парсы шығанағына шығуды қамтамасыз ететін теміржол дәлізінің шешуші бөлігі», – деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысының Монако Княздігіне, Испанияға, Ұлыбританияға сапарлары, сондай-ақ Финляндияның Президенті С.Ниинистё мен Латвияның Президенті А.Берзиньштің, Ұлыбританияның Премьер-министрі Д. Кэмерон мен Испанияның Премьер-министрі М.Рахойдың, Еуропа комиссиясының төрағасы Ж.М.Баррозудың Қазақстанға сапарлары Еуропалық бағыттағы сыртқы саяси ынтымақтастықтың жоғары серпінділігін қамтамасыз етті.

Н.Ә.Назарбаевтың Монако Княздігіне ресми сапары барысында екіжақты экономикалық және туристік ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың келешегі талқыланды.

Мемлекет басшысының Испанияға сапарының мазмұндық жағын бірлескен өндірістік, мәдени және туристік саладағы өзара іс-әрекет мәселелері құрады. Оның «Patentes TALGO S.A.», «Airbus Military», «Maксам», «OHL» және «Next Limit Texnologies» компанияларының басшыларымен кездесулері кезінде ынтымақтастықтың болашағы жан-жақты сөз болды.

2013 жылы қазақстандық-британдық қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілді. Бұған Н.Ә.Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынастардың бүкіл тарихында біздің елімізге маусымда бірінші рет мемлекеттік сапармен келген Ұлыбританияның Премьер-министрі Д.Кэмеронмен кездесуі ықпал етті. Астанадағы келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстанның Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестігі туралы тарихи келісімге қол қойылды. Қарым-қатынастардың жаңа серпінінің беки түсуіне Қазақстан Президентінің Лондонға шілдедегі бейресми сапары ықпал етті.

Осылайша, жыл бойы Мемлекет басшысы Қазақстанға екіжақты сапарлардың шеңберінде келген Ресей Президенті В.В.Путинді, Қырғызстан Президенті А.Ш.Атамбаевты, Финляндия Президенті С.Ниинистёні, Түркіменстан Президенті Г.М.Бердімұхамедовті, Латвияның Президенті А.Берзиньшті, Индонезияның Президенті С.Юдойононы, Беларусь Президенті А.Г.Лукашенконы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді; Ұлыбританияның Премьер-министрі Д.Кэмерон мен Испанияның Премьер-министрі М.Рахойды қабылдады.

Бұдан басқа Н.Ә.Назарбаев түрлі халықаралық алаңдарда АҚШ, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Бразилия, Мексика, Аргентина, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Сенегал, Перу президенттерімен; ГФР Канцлерімен, Ұлыбритания, Австралия, Жапония, Үндістан, Италия, Испания және Канада премьер-министрлерімен; ЕО төрағасы Х.ван Ромпеймен, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен, ДСҰ бас директоры Р.Азеведумен және басқалармен кездесті.

Осымен бірге, Қазақстан Президенті Қазақстанға жолы түскен халықаралық ұйымдардың, шетелдік сая­си, қоғамдық және іскерлік топтардың өкілдерімен көптеген кездесулер өткізді. Олардың қатарында Еуропалық комиссияның төрағасы Ж.М.Баррозу, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары А.Гутерриш, БҰҰ ЭКОСОС-ының төрағасы Н.Осорио, БҰҰ бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының басшысы Я.Кубиш, Иран Ислам Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы кеңесінің хатшысы С.Джалили, Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы В.Б.Христенко, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы В.Лоссерталес, Ресей Премьер-министрі Д.А.Медведев, Испания Премьер-министрі М.Рахой, Украина Премьер-министрі Н.Я.Азаров, Қырғызстан Премьер-министрі Ж.Ж.Сатыбалдиев, Беларусь Премьер-министрі М.В.Мясникович, Румыния Премьер-министрі В.Понта, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Т.Блэр және басқалар бар.

Мемлекет басшысы жыл бойында Ресейдің, Беларусьтің президенттерімен және Ұлыбританияның Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті.

Президентке 17 шет мемлекеттің – Ұлыбританияның, Швецияның, Швейцарияның, Таиландтың, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Финляндияның, Словакияның, Қытайдың, Моңғолияның, Грузияның, Бельгияның, Арменияның, Беларусьтің, Бразилияның, Францияның, Кубаның және Катардың елшілері сенім грамоталарын тапсырды.

Жалпы алғанда, Президенттің 2013 жылғы сыртқы саяси қызметі өңірлік және жаһандық деңгейлерде тұрақтылық пен берік дамуды қамтамасыз етуге салмақты үлес қосқан жауапты мемлекет ретінде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы өзара түсіністік пен даму диалогын қамтамасыз етуге ықпал етті.

*  *  *

Мемлекет басшысының 2013 жылғы жұмыс кестесінің негізгі қорытындылары осындай. Оны жүзеге асыру тұтасымен алғанда біздің еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық өсуіне, ішкі саяси тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардың тұрақты дамуына, ұлттық қауіпсіздіктің нығаюына және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуына ықпал етті.

Соңғы жаңалықтар