Ертіс өзенінде Сібір бекіресі мен 14 стерлетті заңсыз аулаған браконьер ұсталды, деп жазады Egemen.kz. Бұл туралы Tengrinews.kz ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік инспекциясының қызметкерлері Ертіс өзенінде, Белая өзенінде болған рейд кезінде аспалы қозғалтқышы бар қайықта заңсыз балық аулаған браконьерді ұстады.
Қайықтан салмағы 4 келі Сібір бекіресі мен салмағы 8,8 келі 14 стерлет балығы табылды. Балық ресурстарына келтірілген жалпы шығын 3 миллион 469 мың 771 теңгені құрады.
Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін заңсыз аулағаны үшін ер адамға ҚР ҚК-нің 339-бабы «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша жаза қолданылады. Аталған бап бойынша кінәлі үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осыған байланысты құқық бұзушылық жасалған жерге Павлодар облысы Май аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, материалдар қылмыстық іс қозғау үшін берілді.