қарымды маман болады, бірақ талапкерлерді алаламай,
психологиясына баса назар аудару керек
Бірде, бұдан жиырма жыл бұрын болу керек, Өскемендегі алғаш ашылып жатқан қазақ тілінде оқытатын №3 мектеп директоры Есім Әкілбаев бауырым: «Апай, мектепте «Дарын» орталығын ашсам деген ойым бар, сол орталық арқылы оқушыларды ғылыми ізденіске баулығым келеді», деп ақылдасқан еді. «Есім, айналайын, өте дұрыс екен бұл ойың, ең алдымен ғылыми еңбектерді басшылыққа алыңдар, дарынды баланы, дарындылықты анықтау, оларды қолдау мәселесі оңай емес.
қарымды маман болады, бірақ талапкерлерді алаламай,
психологиясына баса назар аудару керек
Бірде, бұдан жиырма жыл бұрын болу керек, Өскемендегі алғаш ашылып жатқан қазақ тілінде оқытатын №3 мектеп директоры Есім Әкілбаев бауырым: «Апай, мектепте «Дарын» орталығын ашсам деген ойым бар, сол орталық арқылы оқушыларды ғылыми ізденіске баулығым келеді», деп ақылдасқан еді. «Есім, айналайын, өте дұрыс екен бұл ойың, ең алдымен ғылыми еңбектерді басшылыққа алыңдар, дарынды баланы, дарындылықты анықтау, оларды қолдау мәселесі оңай емес.
Ең алдымен, ізденіс, зерттеу жұмыстарынан бастаңдар, ұжымың дайын ба? Сонан соң балалардың психологиясына назар аударыңдар. Бала емес пе, «Сен дарындысың», «Сен дарынсызсың» деген жіктеуден аулақ, сақ болыңдар», деген пікір айттым. Есім жұмысын өзі бастап, ұжымы қостап, ғылыми ізденіспен жұмыс істей бастады. Алғашқы жемісінің дәмін де татты. Қазір көп салалы гимназия мәртебесін алған бұл оқу орнының қомақты жетістіктері Отанымызға кеңінен таныс. Көп ұзамай, Республикалық ғылыми практикалық «Дарын» орталығы құрылды. Ол қанатын кең жайып, 1999 жылы Өскеменде де облыс әкімінің қолдауымен өңірлік «Дарын» орталығы жұмысын жүргізе бастады. «Дарынның» өмірге келуі барлық мектептер мен оның ұстаздарына ерекше қозғау салды. Дарынды анықтау, оны дамыту, инновациялық технологиядан іздену сынды аса маңызды мәселелер айналасында өнімді, қызу еңбек басталды. Ғылыми-әдістемелік семинарлар, дөңгелек үстел басындағы отырулар үзіліссіз өтіп жатты.
Еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыру, тәрбиелеудегі «Дарынның» аса маңызды рөліне ешкім дауласа қоймас. Оның ғылыми түрде ұйымдастырып отырған жүйелі жұмысы барлық оқу орнын қамтып келеді. Балабақшадан мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы үйлестірілген жұмыстар нәтижеге жетеледі. Облысымызда дарынды балаларға арналған 12 мектептің ішінде ауыл балаларына арналған екі мектеп-интернат та бар. Сондай-ақ, бірнеше аудандарда «Дарын» орталығы жемісті жұмысын жүргізуде. Бұл мысалдар «Дарынның» қарқынды қадамдарын сөзсіз дәлелдейді.
«Дарын» оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де бағын ашты. Ол ғылыми, шығармашылық ізденіске, репродуктивтік деңгейден, зерттеушілік деңгейге жетелеп, эксперименттік жұмыстарға бастау берді, авторлық бағдарламалар, оқу құралдарын және ғылыми жобалар жазуға жол ашты. «Дарын» бүкіл білім беру жүйесіне түбірлі ықпал, жаңа тыныс әкелді.
«Дарын», әсіресе, ауыл балаларына сәулелі жол ашты. Оған өзім еңбек етіп жүрген Жамбыл атындағы мектеп оқушыларының облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларындағы табысын мысалға келтіруге болады:
Еліміздің ең шет аймағы деп саналатын Тарбағатай өңірінің тумасы, интернат түлегі Меделбек Руслан қазір Францияда магистратурада оқып жүр. Ағылшын тілімен қоса, француз тілін де жетік меңгеруде. Ол республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері болған еді.
«Дарын» орталықтарының ашылуы қажеттіліктерді де туғызды, әсіресе, оқушылардың өз бетімен ғылыми ізденіс, зерттеу жұмыстарымен айналысуы үшін әдістемелік құралдар жазу керек болды. Осы кезде мен де қаламымды жаңа бағыт, жаңа арнаға бұрдым. Республикалық «Дарын» орталығының сол кездегі басшысы Ділдаш Битуованың ұсынысымен «Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу» атты көлемді еңбек жаздым. Бірінші бөлім үнемі балалардың алдында жататын бағдаршамдай рөл атқаратын «Оқулық дәптерге» арналды, екінші бөлімде ақын-жазушылар еңбегіне негізделген, ғылыми-жоба тақырыптары ұсынылды. Сондай-ақ, дарынды баланы кім жетектейді, әрине дарынды ұстаз. Қазір білім беру жүйесінің алдында жаңа формация – мұғалімін қалыптастыру мақсаты тұр. 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен менің атаулы зертханам салтанатты түрде ашылған болатын. Қазір ол Астананың №64 мектебінде, облысымыздың 8 білім ұясында жұмыс істеп жатыр.
Облысымыздағы өңірлік «Дарынның» қол жеткізген кейбір жетістіктеріне көңіл қойып көрелік: жасөспірімдер арасындағы Теһранда өткен Халықаралық жаратылыстану олимпиадасында 1 қола медальға қол жетсе, Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан оқушылардың зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсында 8 жүлдені иеленіп, бірінші, екінші орындарға шықты. Халықаралық О.Жәутіков олимпиадасы 1 қола медальді сыйласа, «Компьютерлік физикадан» халықаралық олимпиадада бірінші, екінші, үшінші орындарға көтерілді.
Тағы да дәлелдерге жүгінейік. Енді Республикалық «Дарын» орталығының жетістіктеріне үңілейік. 2012 жылы Қазақстан оқушылары пәндік халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 161 алтын, 295 күміс, 397 қола медаль, ал 2013 жылдың тоғыз айында 178 алтын, 286 күміс, 423 қола медаль алды.
Қазақстанның құрама командасы 2013 жылдың 6-13 маусымы аралығында Брисбен қаласында информатикадан өткен 25 халықаралық олимпиадаға қатысып қола медалінің иегері атанды.
Отандық құрама команда 2013 жылдың 14-20 шілдесі аралығында Брен қаласында өткен биологиядан 24-ші халықаралық олимпиадада 1 күміс, 1 қола медальмен марапатталды.
Ал химия пәні бойынша Мәскеу қаласында өткен 45-ші халықаралық олимпиадада Қазақстан құрама командасы 2 алтын, 2 қола медальдің жүлдегерлері атанды. Санамалап айту әрине, оңай. Осы жоғарыдағы жетістіктердің астында қаншама тер, төгілген еңбек, жанталасқан ізденіс жатыр десеңізші?!
Еңбек жолыма 45 жыл толып отырған менің де, жоғарыда жазғанымдай, тыныс-тіршілігім «Дарынмен» астасып кеткен. Республикалық, халықаралық олимпиадаларда қаншама шеберлік сыныптар өткіздім, дәрістер оқыдым. Балаларды олимпиадаларға, жоба қорғауға дайындадым. Ол енді бөлек әңгіме.
Қанипа БІТІБАЕВА,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген мұғалімі,
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор.