Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының 11-сынып оқушысы Аслан Тілесов өрт сөндірушілерге арналған мобильдік қосымша ойлап тапты, деп жазады Egemen.kz.
Аслан Тілесов жақында №1 өрт сөндіру бөлімшесінде «QazHydrant» деп аталатын жаңа мобильдік қосымшасын таныстырды.
«Мен IT-технологияның ерекшеліктерін 8-сыныптан бері зерттеп келемін. Бұл жобаны өрт сөндіру қызметін оңтайландыруға үшін дайындадым. Аталған қосымшаны дайындауға «Білім-инновация» лицейіндегі замандастарым Әбдікерім Нодяров пен Әділжан Салпеков көмек берді. Қосымшаны дайындаудағы мақсатым – өрт сөндірушілердің қызметін жеделдетуге қол ұшын созу. Өйткені, өрт сөндіру кезінде төтеншеліктер гидранттарды таба алмай, әбігерге түседі. Әсіресе, түнгі мезгілде табу қиындайды» дейді жаңа қосымшаның авторы Аслан Тілесов.
Оқушының айтуынша, Google картасынан Атырау қаласындағы барлық гидранттың қай жерде орналасқанын навигациялық жүйемен анықтауға мүмкіндік бар. Сол себептен, өрт сөндірушілер мобильдік қосымшаға қызығушылық танытып отыр.
«Қосымшаның әлі де жетілдіретін тұсы бар. Дегенмен, жақында жобаны толықтырып, іске қосу жолдары қарастырылады. Бұған қоса, АstanaHub ұйымдастырған Smart City Accelerator (ақылды қала) байқауына қатысып, І кезеңінің іріктеуінен өттім», дейді Аслан Тілесов.