• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2014

Батыс Қазақстанда шаруа қожалығының басшысы неге өлтірілді?

330 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында жергілікті кәсіпкердің отбасына қарақшылық шабуыл жасалды. 61 жастағы Виталий Куркула айуандықпен сол жерде өлтірілсе, оның 59 жастағы әйелі ауыр жараланып, ауруханаға түсті. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.

Миына қатты зақым келген келіншекке 3 мәрте ота жасалыпты. Айта кетерлігі, ерлі-зайыпты Куркулалар өңірге белгілі жеке шаруа қожалығының иелері ғана емес, сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттары. Қазір орын алған оқиғамен Астанадан арнайы құрылған тергеу тобы айналысуда.

Өңірге танымал кәсіпкердің отбасына жасалған бұл қарақшылық шабуыл 12 қаңтарда кешкісін болған. Марқұмның ағасы Евгений Куркула баурының ешкіммен өштеспегенін айтады. « Ағамның басынан екі рет оқ атып, қолымен жоғарыға іліп қойыпты. Соған қарағанда, оны қинаған болуы керек. Мұндай айуандықты кім жасады екен?», - дейді ол кенеттен болған қазаға қабырғасы қайысып.

Қылмыскерлердің көздегені кәсіпкер Виталий Куркуланың өзі болса керек, оны дәл басынан екі мәрте оқ атқан. Ал келіншегін басынан ұрып, талдырған. Кейін есін жиған Валентина «103» қызметінен көмек сұраған. Бірақ, ауруханаға жеткенінде есінен танады. «Науқасқа қойған диагнозымыз – бас сүйегінің сынуы. Қазір жағдайы өте нашар. Аппаратпен демалып жатыр», - деді аудандық аурухана басшысы Надия Ахметова.

Алдын ала жүргізілген болжамға жүгінсек, күдіктілер үйдегі құнды заттар мен көзге көрінер жерде тұрған 500 мың рубльді алмаған. Осыған қарағанда айыпкерлер ұрлық жасауды мақсат тұтпаған секілді.

«24 kz» телеарнасында айтылғандай, В. Каркула облыстағы ең ірі шаруа қожалықтарының біріне басшылық жасаған екен. 14 мың гектар жерге астық өнімін салған кәсіпкердің бұдан бөлек мың бастай ірі қара малы мен дүкендер желісі бар. Шаруашылықта 350 адам еңбек етеді. Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы өңір жұртшылығын осы қылмыстық істі ашуға жәрдемдесуге шақыруда. Сонымен қатар тергеуге қатысты қандай да бір мәлімет бергендер үшін сыйақы тағайындалатынын мәлімдеді.

Бүгінде жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары Орал қаласындағы белгілі кәсіпкерді бас араздығы болған тұлға өлтіртуі мүмкін деген ақпарат таратып үлгерді. Дегенмен, тергеу амалдары аяқталғанша, нақты қорытындыға келу ертерек. Сондықтан бұл іс төңірегіндегі ақиқатты кейін хабарлайтын боламыз.

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «КТК», «24 kz» телеарналары.

Фото: «КТК» телеарнасы.

Соңғы жаңалықтар