Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа шалдыққандар мен одан жазылып шыққан науқастарға қандай медициналық көмек көрсетіледі? Бұл сұраққа Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордалық Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сүйенсек, биыл І жартыжылдықта 2,02 млрд теңге сомасына (оның ішінде күндізгі стационарларда – 43 308, тәуліктік стационарларда – 36 999) оңалту қызметі көрсетілді. Сол сияқты амбулаториялық-емханалық деңгейде 274,6 млн теңге сомаға 270 316 қызмет көрсетілді.
«Короновирус инфекциясымен күрес аясында амбулаториялық деңгейде ересектер мен балаларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Біздің ақпараттық жүйедегі деректерге сай, 2021 жылдың 6 айында 104,07 млн теңге сомасына 26 226 рецепт бойынша 19 472 пациент антибактериалдық, ыстық түсіретін препараттармен және антикоагулянттармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде COVID-19 инфекциясы бойынша 88,48 млн теңге сомасына 14 117 рецептімен 9 851 пациент дәрімен қамтылды. Сондай-ақ, COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған науқастар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан, емдеуші дәрігерінің тағайындауы бойынша ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды өзі тіркелген емханадан ала алады», деді Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында.
Филиал басшысы вирустық індеттен жазылған соң пациентке қандай оңалту көмегінің көрсетілетіні туралы айтып берді.
«Елорда тұрғындары коронавирус және пневмония кезінде медициналық көмекті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін алады. Біздің қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Оның ішінде 20 жекеменшік, 22 мемлекеттік және 3 республикалық медицина ұйымы бар. Сонымен қатар, коронавируспен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маманның кеңесімен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі», деп түсіндірді Нұрлыбек Қабдықапаров.