• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2014

Шудың кенеп алқабынан зауыт салынуы мүмкін

294 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде өткен жиында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Шу даласындағы қарасора туралы мәселе көтерді. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.

«Шу алқабының проблемасын тез арада шешуіміз керек. Әрине, 140 мың гектар жерді қоршап тастау мүмкін емес. Алайда, одан таралатын есірткі барлық жерге кетіп жатыр. Мұны шешудің екі жолы бар:  Бірі - алқаптың көзін құрту, екіншісі – ол жерді шаруашылықта пайдалану», - деді жиында Ішкі істер министрі Қ. Қасымов.

Шу даласымен күресе алмай отырған министрге депутаттар ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева алқапты фармацевтикалық ұйымдардың қарамағына беріп, ол жерге зауыт салуды ұсынды. Өйткені, шетелден миллиондаған қаржыға сатып алынатын психотропты дәрі-дәрмектерді осында өсетін қарасорадан-ақ дайындауға болады екен. Бұл есірткі шөбінен жасалатын препараттар бүгінде Израильде, Канада мен Еуропа елдерінде қатерлі ісікке қарсы қолданылады.

«Көкнәрді медицинада пайдалануға болады. Одан кезінде май жасаған және 25 мың түрлі өнім шығарылған. Онымен күресудің орнына оны басқаруға беріп, зауыттарды салып, осы көкнәрді адамдардың пайдасына жасауға мүмкіншілік бар», - деді халық қалаулысы Дариға Назарбаева.

Жиын барысында Ішкі істер министрі Қ. Қасымов нашақорларды даладан емес, қаладан іздеу керек дегенді айтып салды. Ол мемлекеттік қызметкерлердің бәрін жұмысқа аларда жаппай тесттен өткізу керек деп санайды. Мұндай тексеруге оқушылар мен студенттер де ілінуі мүмкін.

Елімізде 40 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Олардың басым бөлігі әйелдер екен. Депутаттар нашақорларды емдейтін дәрілер Шу даласындағы шөптен жасалса, бұл «статистика әлдеқайда төмендейді» деген сенімде...

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «КТК» телеарнасы

Фото: Ras.kz.

Соңғы жаңалықтар