Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада Қазақстанда тұңғыш маманданған трансплантация бөлімшесінде алғашқы бауыр алмастыру операциясы жасалып, сәтті өтті. Бұған дейін қатардағы мемлекеттік қалалық клиникалық аурухана базасында бір жарым жылда 54 бүйрек, оның бірі Қазақстанда тұңғыш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін ауыстыру операциясының жасалуы – елімізде, оның ішінде күнгейдегі бас қаладағы медицина саласының даму деңгейінің интегралды көрсеткіші екенін атап өткеніміз жөн.
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада Қазақстанда тұңғыш маманданған трансплантация бөлімшесінде алғашқы бауыр алмастыру операциясы жасалып, сәтті өтті. Бұған дейін қатардағы мемлекеттік қалалық клиникалық аурухана базасында бір жарым жылда 54 бүйрек, оның бірі Қазақстанда тұңғыш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін ауыстыру операциясының жасалуы – елімізде, оның ішінде күнгейдегі бас қаладағы медицина саласының даму деңгейінің интегралды көрсеткіші екенін атап өткеніміз жөн.
Әрине, бәріміз де пендеміз ғой. Жаңалыққа жақын жүретін журналистер қауымы «қызы анасына бауырының 60 пайызын беріпті» деген хабар құлағымызға жеткенде, таңдай қағып, ауруханаға жеткенше асыққанымыз рас. Бүгінде мүшелерді алмастыру адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір жолы болып табылатынын ескеріп, бұған дейін туыстық донор арқылы бүйрек, жүрек алмастыруды білгенімізбен, аяулы қаламызда өте кірпияз мүше болып саналатын бауырды қақ бөліп беру шынында да сенсациялық оқиға еді...
– Бүгін біз №7 қалалық клиникалық аурухана хирургтерінің тамаша қол жеткізген табыстарымен бөліспекпіз, – деді баспасөз мәслихатында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова. – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде аталмыш аурухана қызметкерлерінің алдында мүше трансплантациясын енгізу міндеттері қойылған болатын. Тәуелсіздік күніне орай, яғни 16 желтоқсанда қаламызда туыстық донордан бауыр алмастыру операциясы жасалып, сәтті аяқталды. Бұл әрине, Қазақстанда бауыр алмастыруға жасалған алғашқы операция болмаса да, бірақ қатардағы мемлекеттік қалалық клиникалық аурухана базасында жасалған тұңғыш ота.
Одан әрі қаланың бас дәрігері операция құны өте қымбат – 6-8 млн. теңге тұратынын, бірақ мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек негізінде ота жасау, одан кейінгі науқасты диспансерлік есепке қойып, бақылаудың бәрі тегін екенін жеткізді. Ал шетелде мұндай ота 300 мың АҚШ доллары көлемінде.
– Жалпы, трансплантология – ең жоғары маманданған медициналық қызметке жататын, күрделі ұйымдастыруды қажет ететін «ашық» медицина, – деді Жанат Кәкімсейітқызы. – Бұл жерде өте жоғары кәсіби біліктілік, шеберлікпен бірге операцияға қажетті қолданылатын өте қымбат тұратын құрылғылар – микроскоп, ангиограф, компьютерлік томограф, рентген, құрал-саймандар, тіпті, әр кезеңде пайдаланылатын ұсақ құралдардың өзі үлкен рөл атқарады. Сондықтан қажетті құрылғыларды іріктеп жинақтап, жабдықтау да шешуші орын алады. Бүгінде елімізде мүше алмастыру қызметі бәрі тегін. Ендеше, бұл операциялардың тиімділігі сонда жатса керек. Қазір бүйрек алмастыруды біздің хирургтер шетелдік мамандардың көмегінсіз өздері атқарады. Мұндай операция жасаудағы технология өз алдына, ал оның үлкен моральдық жағы да бар. Бұл жерде дәрігерлер екі адамның өмірімен күреседі. Мен өзім дәрігер болғандықтан, бұл операцияның қаншалықты күрделі әрі асқан жауапкершілікті талап ететінін жақсы білемін. Басты айтарым, бұл емдеу орны ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы емес, қатардағы қалалық аурухана жағдайында осындай бірегей операцияға қол жеткізуіміз – тамаша жетістік, айтулы оқиға. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, осындай күрделі операцияны қолға алып, іске асырған профессор Болат Баймаханов бастаған хирургтерге рахмет айтамыз, олар біздің мақтанышымыз.
Жоғары оқу орнының оқытушысы 55 жастағы Светлана Каюпова төрт жыл бойы ауырып, бауыр циррозы диагнозы қойылады. Операциясыз емдеу мақсатында Ташкент, Мәскеу қалаларында, тіпті, алыс шетел Тайландқа барып та емделеді. Нәтиже болмайды. Осыдан бір ай бұрын науқасқа осы қатал үкіммен жаңа жылға дейін жетудің өзі екіталай еді. Өйткені, денесі түгел сарғайып, билирубин нормадағы 20-дан асып, 850-ге жеткен. Осындай сарғаюмен бір жылдай жүрген. Яғни шлак сыртқа шықпай, өттің уы теріге, қанға сіңгендіктен, адамның денесі күні-түні түгел қышып, шыдатпаған. Ішіне жеті литр сұйықтық жиналған. Науқастың ендігі үміті тек трансплантацияда екенін түсінген отбасы мүшелері осындай тәуекелге бел буады. Бес баланың ішіндегі Гүлшаттың денсаулығы анасына донор болуға лайықты болғандықтан бауыр алмастыруға келісім береді.
Естеріңізде болса, былтыр аталмыш ауруханада республикада алғаш рет мүше алмастыру – трансплантология бөлімшесі ашылған болатын. Оған аурухананың бас дәрігері, Алматы қаласының штаттан тыс бас трансплантологы, бүгінде республикаға танымал көрнекті хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Баймаханов жетекшілік етуде. Бұл жолғы отаны Болат Бимендіұлы бүгінгі күнге дүние жүзінде 300 рет бауыр алмастырып салған атақты үндістандық дәрігермен бірге жасайды. Қазіргі таңда бауыр алмастыру бүкіл дүние жүзіне өте кең таралған әдіс. Қайтыс болған адамның бауырын алғаннан гөрі, әсіресе, Азия мемлекеттерінде туыстық донор алу кеңінен етек алып келеді.
– Бауыр өте тез қалпына келетін, өте қайырымды мүше, – деді «алтын қолды» хирург Болат Бимендіұлы. – Бұл қадамға бір жыл бойы өте жауапты, өте мұқият дайындық жүргізілді. Әсіресе, бізге қаржылық қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Үкіметтің қолдауынсыз мұндай күрделі операцияны жасау мүмкін емес. Өйткені, барлық қажетті заманауи құрылғыларды сатып алумен қатар, мамандарды шетелде оқыттық. Бауыр алмастыру – жалпы хирургиядағы ең бір күрделі операция саналатындықтан жоғары маманданған разрядқа жатқызылады. Мұндай операция кем дегенде бауырға 200 операция жасаған маманға ғана рұқсат етіледі. Біздер донор қыздың 60 пайыз бауырын алмастырып салдық. Қалған 40 пайыз бауыр қызға толығымен жеткілікті, 3-4 айда мүше толығымен қалпына келеді. Екеуі екі операциялық блокта, алдымен донорға операция жасалды. Операция өте таза өтіп, қан кету болған жоқ. Бүгінде Гүлшат қызымыз үйінде, балаларының қасында. Анасының да, қызының да денсаулығы жақсы.
Профессордың айтуынша, трансплантацияның екі түрі бар. Бірі қайтыс болған, екіншісі тірі адамның бауыры алынып қондырылады. Әсіресе, бауыр трансплантациясында қан тамырларын ауыстырып жалғау жүректің қан тамырларына қарағанда әлдеқалай күрделірек екен. Өйткені, ондағы қан тамырлары өте нәзік, жіңішке. Трансплантация – негізінен командалық еңбектің жемісі. Мәселен, аталмыш операцияға қаншама мейірбике, зертханалардағы қызметкерлерді қоспағанда жиырмашақты дәрігер қатысқан. Операция жеті сағатқа созылған.
– Біріншіден, донор адамға моральдық түрде қиын, – деді бауырмен жиырма бес жыл айналысып, бауыр ауыстыруға он жылдан бері дайындық үстінде жүрген Болат Бимендіұлынан бүйрек пен бауыр ауыстырудың айырмашылығын сұрағанымызда. – Өзі сау, әрі туысқан адамның бауырын алу, ол да үлкен операция. Жалпы, бауырдың жетпіс пайызына дейін алуға болады. Сондықтан донордың операциясы 100 пайыз дұрыс шығуы керек. Дүние жүзіндегі саясат та сондай. Өйткені, сау адам өзінің сау бауырын беріп жатқан соң операциядан кейін ешқандай асқынуларға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, бауырға кішкентай операцияның өзі оңай емес. Тіпті, тігісінің өзі дұрыс болмаса, ол ертең науқастың тағдырын шешеді. Мұндай операция Қазақстанда бұдан екі жыл бұрын А.Н.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында іске асса, былтырдан бастап Астанада профессор Досқалиев басқарған команда Оңтүстік Корея мамандарымен бірге он операция жасады.
...Журналистердің де күткен сәті жетті. Арнайы киімдерімізді киіп, жансақтау бөліміндегі Светлана ханыммен де жүздестік. Алдымен департамент басшысы Жанат Қасымжанова науқастың хал-жағдайын сұрап, гүл шоғын сыйлап, анасы мен қызын құттықтады.
– Өзімді өте жақсы сезінемін. Мені өлімнен арашалап қалып, екінші өмір сыйлаған барлық дәрігерлерге, бас дәрігер Болат Бимендіұлына, осындай жағдай жасаған қала әкімдігіне, қалалық денсаулық сақтау бөліміне аналық ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Ал, қызыма барлық аналардың атынан шексіз алғысымды білдіремін. Мен қызыммен мақтанамын, – деді көңілі толқып көзіне жас алған Светлана.
Анасына бауыр етін кесіп берген Гүлшат та кішкентай екі бөпесіне қарамай анасының амандығы үшін бұл шешімге барарда ойланбастан бір Аллаға және өзіміздің дәрігерлерге сенгенін айта келіп, оларға балалары атынан шексіз алғыс білдіретінін жеткізді.
Қазіргі кезде Қазақстанда жалпы трансплантацияға қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Статистикаға сүйенсек, бүйрек алмастыруға 3000, жүрекке – 1146, бауырға – 1500, өкпеге – 235, ұйқы безі – 233, жүрек пен өкпеге кешенді алмастыруға – 314 пациент мұқтаж екен. Департамент басшысының айтуына қарағанда, Алматыда жылына 120 адам бауыр алмастыруды қажет етеді екен. Аталмыш аурухана болса, биыл 70 бүйрек, 10 бауыр алмастыруды жоспарлап отыр.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Берсінбек СӘРСЕНОВ.