немесе жақсы іске ұмтылған жан жайбарақат отыра алмайды
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік демалыс бес күн екен деп, жайбарақат жатып алған жоқ. «Бай дүйсенбіні» беймарал күтсе, тұлпардайын тықыршыған уақыттың талай істен құр қалдыратыны анық. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы сенбісін Қордай ауданын аралаудан бастады.
немесе жақсы іске ұмтылған жан жайбарақат отыра алмайды
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік демалыс бес күн екен деп, жайбарақат жатып алған жоқ. «Бай дүйсенбіні» беймарал күтсе, тұлпардайын тықыршыған уақыттың талай істен құр қалдыратыны анық. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы сенбісін Қордай ауданын аралаудан бастады.
Облыстың оңтүстік-шығысын алып жатқан Қордай ауданының жері, негізінен, таулы-тастақты болып келеді. Солтүстік және шығыс бөлігін биіктігі теңіз деңгейінен 1000 метрден асатын Шу-Іле таулары орап жатыр. Кіндіктас, Жетіжол сияқты тау жоталары ауданның орталық және оңтүстік-шығыс бөлігін қамтыған. Егер жаныңызға жазықтау жер керек болса, онда Шу аңғарына қарай барыңыз.
Әкім жұмыс сапары аясында аудандағы әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен және осында түтін түтеткен кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобалардың беталысымен, бағыт-бағдарымен танысты. Соның бірі – жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған Отар ауылындағы күн электр стансасы. Облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев тұсауын кескен бұл станса өнеркәсіптік деңгейде жұмыс істейтін, сонымен бірге, ортақ электр жүйелеріне қосылған, өз электр қуатын елдің біртұтас энергия жүйесіне жеткізетін мемлекетіміздегі ең алғашқы қуат көзі болып есептеледі. Стансаның қуаты алдағы уақытта 7 МВт-ға дейін жетеді деп күтілуде.
Отар бекетінен Кенен ауылы онша алыс емес. Облыс әкімі ақын өмір сүрген ауылдан салынып жатқан 600 оқушыға арналған мектептің құрылыс жұмысымен де танысты. Құны 844,3 млн. теңге болатын білім ордасының құрылысы 2011 жылы басталыпты. Бірақ жұмыс барысы тым созылып кетіпті. Облыс әкіміне атбасын бұрғызған мәселе де осыған алаңдаушылық сияқты көрінді. Әкімді нысандағы жұмыс барысымен таныстырғандар білім ошағының құрылысы үстіміздегі жылдың бірінші жартысында аяқталады деп сендірді.
«Vista International» компаниясы Мұзбел ауылында қайта қалпына келетін энергия көздері бағытындағы жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олар өткен жылы жалпы қуаты 21 МВт құрайтын Қордай жел электр стансасының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқтаған болатын. Жамағаттың игілігі үшін желді де жұмысқа «жеккен» ауылда бүгінде 13 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
Кенен ақын жырына қосқан Қордай өңірі кенге де бай. Сондықтан аудандағы өндіріс саласы да қарқынды дамып келеді. Міне, соңғы жылдары Қордайдың алтыны мен күмісін өндіру жобасы да табысты жүзеге асырыла бастады. «Central Asia Gold Production» компаниясы бұл жобаны 2012 жылы бастаған болатын. Компания басшыларының айтуынша, мұнда бір жылда 500 кг алтын мен күміс өндіруге болады екен. Өнеркәсіптегі атқарылған оңды істер бағалы металл өндіруге барынша ден қойған компанияның алға қойған мақсаттарының айқын екенін білдіреді.
Аудандағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС сүтті қайта өңдеу және сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Ол жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Бүгінде 50 адам жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның құны иелеріне 150 млн. теңгеге түсіпті. Канададан ет бағытындағы 221 бас қызыл ангус және герефорд асыл тұқымды ірі қара мал алдырған серіктестіктің табысы мен Қасық ауылына табиғи газ жеткізуге барын салған құрылысшылар қарқыны да облыс әкімінің ойынан шықты. Бүгінде бұл ауылдағы 745 үйдің 160-ына табиғи газ жеткізіліпті.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы,
Қордай ауылы.