Баспана бағасы қымбаттағалы тұр. Әрине, бұрын да арзандығы шамалы болатын. Оған соңғы 12 жылда тұрғын үй бағасының 600 пайызға дейін өскені дәлел болар. Алайда, құны шарықтаған сайын алыстағы арманға айналған баспана жайын «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аз да болса жақындатқандай еді. Бірақ қолымыз әлі жетіп үлгермеген қолжетімді үйдің де бағасы қымбаттауды қажет етіп отыр екен. Яғни «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құны әрбір шаршы метрге 5-10 мың теңгеге артпақ. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев ұсыныс айтты.
Қолжетімді баспана қымбаттай ма?
Баспана бағасы қымбаттағалы тұр. Әрине, бұрын да арзандығы шамалы болатын. Оған соңғы 12 жылда тұрғын үй бағасының 600 пайызға дейін өскені дәлел болар. Алайда, құны шарықтаған сайын алыстағы арманға айналған баспана жайын «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аз да болса жақындатқандай еді. Бірақ қолымыз әлі жетіп үлгермеген қолжетімді үйдің де бағасы қымбаттауды қажет етіп отыр екен. Яғни «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құны әрбір шаршы метрге 5-10 мың теңгеге артпақ. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев ұсыныс айтты.
Қолжетімдіге де қол жетпей барады
Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндаған Б.Жәмішев оған бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартты. Министрдің айтуынша, бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйдің шаршы метрінің бүгінгі құны баспана құрылысына шын мәнінде жұмсалатын шығыстарға сәйкес келмейді. Мәселен, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында бағдарлама аясында үшінші санаттағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 90 мың теңгені құраса, ал мемлекеттік сараптаманың қорытындысында шаршы метрдің бағасы 117 мыңнан 134 мың теңгеге дейін жетеді. Яғни бекітілген деңгейден 30-50 пайызға жоғары. Осыған байланысты министрлік «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлеп, онда 4-санаттағы баспана құрылысында әр шаршы метр құнын 80-нен 90 мыңға дейін, ал 3-санат бойынша 90-нан 100 мың теңгеге дейін арттыру қарастырылды. Сонымен қатар, құрылыс корпорациясы бойынша 4-санатта 110-нан 115 мың теңгеге дейін және 3-санатта 120-дан 125 мың теңгеге дейін болмақ.
Иә, осылайша, қолжетімді тұрғын үйдің де біртіндеп қымбаттау кезеңі басталғалы отырғандай. Бірде осы бағдарламамен тұрғын үйге қол жеткізуді жүзеге асыратын операторлардың бірі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен барып шарттарын сұрағанбыз, «алдымен 3 жылда бір бөлмелі пәтер үшін 500 мың жинаймын деп келісімшарт жасайсыз, онда айына 15-20 мың салып отырсаңыз болды деп көрсетілген. Бірақ үш жыл бойына өзіңізге керекті пәтердің жарты ақшасын жинауға тиіссіз, ол үшін айына 100 мың шамасында салып отыруыңыз керек, өзіңіз білесіз, 500 мың дегеніңіз біздің елде ешқашан ешқандай пәтердің жарты құны бола алмайды ғой», деген еді банктің кеңесшісі.
Сонда сен қажетті соманы жинап болғанға дейін талай баға өзгеруі мүмкін, ал әлгі келісімшартта көрсетілген сома жай қағаз күйіндегі «формальды» нәрсе дегені. Астарында бір мүдде жатпаса, келісімшартты түзеп жасаса болмай ма? Ойланып қалып едік. Енді, міне, қымбаттаудың алғашқы кезеңі басталып та кеткендей.
Ақшаны жинайды, ал үй неге салмайды?
Айтпақшы, кешегі отырыста Үкімет басшысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты біраз сын айтты. Бүгінде «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасының, әсіресе, өңірлерде өз деңгейінде орындалмай жатқанын алға тартып, банк жұмысының тиімсіздігін тілге тиек етті. «Міне, қараңызшы, облыстардың тең жартысы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ бойынша баспананы пайдалануға беру жоспарын 100 пайызға орындаған. Ал өңірлердің қалған жартысы 75-тен 0 пайызға дейін орындаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан – 75, Атырау – 69, Алматы – 60, ОҚО – 39, Астана, Павлодар – 20, Маңғыстау мен Жамбыл – 0 пайыз. Сонда не, ол жақта ешкімге баспана керек емес пе?», деді С.Ахметов банк басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұловқа қарата.
Банк басшысының атап өтуінше, еліміздің барлық өңірлерінде баспанаға сұраныс 2 еседен асады. Дегенмен, банк құрылыс жұмыстарын жеделдету үшін қандай да бір шаралар қолдануға қауқарсыз. Яғни, қаржы институты құрылысты қаржыландыруды ғана жүзеге асырады әрі оны барлық өңірлер бойынша да тыңғылықты орындауда. Ал, құрылыс жұмыстарының жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдардың мойнына артылған жүк.
«Сіздер пайдалануға беру жоспарын орындап отырған жоқсыздар ғой. Ақша бар, лимит айқындалған. Бұл санат бойынша пайдалануға беру жоспары – 484 мың шаршы метр. Іс жүзінде пайдалануға берілгені – 308 мың шаршы метр. Сіздердің игерген өңірге қаржыны ұлғайтуға құқыларыңыз бар, неге пайдаланбайсыздар?», деді Үкімет басшысы.
Бұл орайда А.Жұмағұлов жоспар белгіленген өңірлермен келісім жасалып, пул қалыптастырғандықтарын, яғни банк өз міндеттерін толық атқарып отырғандығын атап өтті. «Бір тараптың барлығын істеп, келесінің түк атқармауы мүмкін емес. Демек, жалпы банктің, сол өңірлердегі филиалдарыңыздың жұмысы бәсең. Ол жақта қаншама адам отырса да, олар жұмыс істемейді деген сөз. Сіз де салғырттыққа салынғансыз», деді С.Ахметов.
Осы жерде бір айта кетерлігі, шынымен, қазір банктен арнайы шот ашып, бар жиған-тергенін баспана алсақ деп банкке салып жүргендер аз емес. Оған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, кезекте тұрған адамдарды көріп көзіміз жетті. Бірақ ондағылардың көпшілігі ақшасы жиналып тұрса да, үйге кезектің келмейтінін айтып қынжылыс білдірді. Сонда, сұраныс бар, яғни ақша бар, бірақ соған сай құрылыстың болмағаны ма, әлде банк өз мүдделері үшін халықтан әйтеуір бір аласыңдар деп ақша жинай бере ме?! Шынымен де, бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жағдайы мен банк жұмысының арасын қабыстыруға болмас па?!
Панасы жоқ, үйі жоқ жастар қайтіп күн көрер?
Бұрын «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мәтелді жиі естуші едік. Қазір «үй болу емес, үйлі болу қиын» дейтін болдық. Яғни, жастар арасында баспана мәселесі өте өзекті. Осыған орай Елбасының тапсырмасымен Үкімет тұрғын үй бағдарламасының бір бөлімін осы жастарға арнаған болатын. Жас отбасыларды жергілікті әкімдік арқылы баспанамен қамтуды қолға алған. Алайда, бұл тапсырма өз деңгейінде орындалмай жатыр. Ол жөнінде де кеше Үкімет басшысы Серік Ахметов тиісті органдарды қатты сынап, біраз «ұрысып» алды.
Жылуы жоқ, суы жоқ үйлерде қалай күй болар
Тұрғын үй бағдарламасына қатысты талқыланған тағы бір мәселе – салынып жатқан үйлердің сапасы, олардың инфрақұрылымдық жағдайы жөнінде болды. Осыған орай елімізде құрылыс тауарларының сапасын зерттейтін арнайы зертханалар ашу керектігін айтып, тапсырмалар жүктеді. «Бәрі де біздің стандарттарға келіп тіреледі. Біз, міне, 2 жыл бойы езбелеп отырмыз. Дұрыс еуропалық, не болмаса халықаралық стандарт енгізе алмаудамыз. Өңірлерде сапаға бақылау жүргізетін бірқатар зертхана енгізуіміз қажет», деді Үкімет басшысы.
С.Ахметов барлық әкімдер «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында биылға жоспарланған тұрғын үй көлемін міндетті түрде пайдалануға беруі тиістігін ескертті. Себебі, қазіргі күні үй құрылысы аяқталғанымен, оған инфрақұрылым тартылмай, ғимараттың қолданысқа берілуі кешеуілдеп жатады немесе керісінше, суы, жылуы жоқ үйлерде халық тұруға мәжбүр. Премьер-Министр алда мұндай жағдайлар орын алмауына жергілікті әкімдер мен Өңірлік даму министрлігі мүдделі болуы керектігін тағы бір еске салды.
Отырысты түйіндей келе, Премьер-Министр әкімдерге жоспарланған тұрғын үйлердің сыртында өткен жылы өткізілмеген тұрғын үйлерді сөзсіз іске қосуды қамтамасыз етуді, бөлінген қаржыны игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Өңірлік даму министрлігі үстіміздегі жылы бағдарламаны жүзеге асыруға қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, облыстар, Астана мен Алматы әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша меморандумдар жасауы қажет.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».