• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2014

Қазақстандық өнім –экспортқа

330 рет
көрсетілді

Өткен жылы «Қаз­Экс­порт­Гарант» экспорттық-кредиттік сақ­тандыру корпорациясы» акционер­лік қоғамының өз жұмысын бас­тағанына 10 жыл толды. Осы мерзім ішінде аталмыш құрылым еліміздің экспортқа жұмыс істейтін іргелі кәсіпорындарының сенімді серігіне айналып үлгерді.

Өткен жылы «Қаз­Экс­порт­Гарант» экспорттық-кредиттік сақ­тандыру корпорациясы» акционер­лік қоғамының өз жұмысын бас­тағанына 10 жыл толды. Осы мерзім ішінде аталмыш құрылым еліміздің экспортқа жұмыс істейтін іргелі кәсіпорындарының сенімді серігіне айналып үлгерді.

2003 жылы «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ болып құрылған корпорация шикізат емес өнімдердің қазақстандық экспорттаушылары мүдделерін саяси және коммерциялық тәуе­келдерді сақтандыру жолымен қорғауды мақсат тұтқан бірден-бір мамандандырылған сақтандыру компаниясы болып табылады. Оператордың бұл функциялары қазақстандық өңдеу секторы өнімдерінің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау және қаржы механизмін жасақтау мақсатында Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үде­мелі индустриялық-иннова­циялық дамуы мемлекеттік бағ­дар­ламасында бекітілді. Индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы әрта­­раптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы ор­нықты да теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жаңғыртуды жүзеге асыру жолының және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басты механизмі – Индустрияландыру картасына айналды. Ол мемлекетке бизнеспен бірлесіп, дұрыс инвестициялық шешімдер әзірлеуге, жеке сектор жобаларын жүзеге асыруды еліміздің инфрақұрылымдарымен және ресурс әлеуетінің дамуымен өзара тығыз байланыста қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.

Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру коми­тетінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 630 бұйрығына сәйкес, «Бәй­терек» Ұлттық басқарушы хол­дингі» акционерлік қоғамы біздің корпорацияның басты да бірден-бір акционері болып табылады. Аталмыш холдинг Президенттің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жар­лығымен даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару және ұлттық экономиканың дамуын басқару жүйесін оңтайландыру мақсатында құрылған болатын. Қазіргі таңда Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Бәйтерек» холдингі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының келесі кезе­ңін қаржыландыру үлгісін жетіл­діру жобасын әзірлеуде. «Индустриялық-инновациялық да­­­муды қаржыландыру бағ­дарламасының жаңа қаржылық үлгісі» деп аталатын бұл жобада Қазақстанның қаржы жүйе­сіндегі барлық проблемаларға басыңқылық берілетін болады. Ол Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің орнықты дамуы үшін қаржы институттарының жаңа сапалық жай-күйін анықтауы тиіс. Сондай-ақ, ол өзінде еліміз экономикасы нақты секторының қажеттіліктерін бағалауды және кейінгі 10 жыл бойына қаржыландыруды, эконо­микалық өсімді қамтамасыз ету­ді қаржыландырудың әлеуетті көздері мен оларды жұмылдыру шараларының тізбесін қамтитын болады.

Әлемдік тәжірибе негізінде құрылған корпорация 2004 жылдан бері Прага клубының заңды мүшесі болып табылады. Клуб 1993 жылы Берн одағының қызметі шеңберінде құрылған. Бұл одақ қызметінің мақсаты халықаралық сауда-саттықты несиелеудің шарттарын әзірлеу және экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі келісілген іс-қимылдар, экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру бойынша тәжірибемен және ақпаратпен алмасу болып табылады.

Жыл сайын ұлттық экспорттық-кредиттік агенттіктер мен клубқа мүше 40-тан астам корпорациялар көктемгі және күзгі сессияларын мүше мемлекеттердің бірінде өткізіп, онда өз елдерінің экспортшыларын қолдау жөнінде тәжірибе алмасады. Прага клубының отырысы алғаш рет Қазақстанда 2012 жылғы көктемде өтті. Біздің шетелдік ЭКА-терден келген әріптестеріміздің, тұтастай алғанда, жас әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде Қазақстанға және ондағы корпорацияға деген зор қызығушылық танытқанын атап өткен жөн. Клуб отырысына әлемнің 33 экспорттық-кредиттік агенттігінің және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) 60-тан астам сарапшысы қатысты. Үш күндік конференция барысында қатысушылар әлемдік қаржы дағдарысынан кейін болған негізгі оқиғалар мен бизнес-трендтер, еуро аймағындағы қарыз дағдарысы мен оның тәуекелдерді бағалауды қайта қарауға ықпалы секілді бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Халықаралық экспорттық-кредиттік агенттіктер бір ортақ мақсатты көздейді. Ол экспорттық кредиттер беруден бөлек, шетелдік нарықтарға шыққанда сыртқы сауда операциялары кезінде өтелмеген төлемдер тәуекелін сақтандыру арқылы қолдау жолымен өз елде­рінің жұмыспен қамтылуына, экономикалық өсуіне жәрдемдесуге және экспорттық мәмілелердің қауіпсіздігін кепілдендіруге бағыт­талған.

Қазіргі таңда әлемде 100-ге тарта экспорттық-кредиттік агент­тік бар. Олардың қызметі халық­аралық сауда-саттыққа және экономикалық дамуға зор ықпал етеді. Агенттіктердің басты қызметі экспорттық жеткізілімдерді несиелейтін банктердің тәуекелдерін жабуды қамтамасыз ету болса, екінші жағынан дамушы елдердің импортшыларына қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігін ашады. Бұл түптеп келгенде, осы елдерге жабдықтар мен күрделі тауарлар импортының артуына, экономиканың, өндірістік сектордың, халықтың кірісі мен өмір сүру деңгейінің өсуіне, инфра­құрылымның дамуына жетелейді.

Осы жылдар ішінде шетелдердегі экспорттың дамуы мен ілгерілеуіне жәрдемдесумен шұғылданатын экспорттық-кредиттік агенттік­тер­дің тәжірибесін зерттеу, қазақ­стандық экспортшылар мен инвес­торлардың деректер базасын жасақтау, кадрларды іріктеу мен оқыту жөнінде үлкен жұмыс жүр­гізілді. Қазіргі кезде корпорация тәжі­рибеде мақұлданған өндірістік және экспорттық өнім өткерудің түрлі кезеңдерінде экспортшылар пайдалана алатын сақтандыру өнім­дерін иеленіп отыр.

Есепті кезеңде «ҚазЭкспорт­Гарант» өз қызметінде айтар­лық­тай оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ең алдымен, негіз­гі қаржы көрсеткіштерінің өсуінен көрінеді. Өсу серпініне «ҚазЭкспортГаранттың» негізгі, қаржы және инвестициялық қызметтерін жандандыру мен жақсарту есебінен қол жетті. Мәселен, 2009 жылы таза пайда көрсеткіші 609 млн. теңгені, 2010 жылы 839 млн. теңгені, 2011 жылы 864 млн. теңгені және 2012 жылы 962 млн. теңгені құрады. Экспортты сақтандырудың қолданыстағы келісімшарттары көлемі де оң трендті көрсетеді. Егер 2006 жылы «ҚазЭкспортГарантта» 2,97 млрд. теңге, 2009 жылы 7,5 млрд. теңге сомасында міндеттемелер қабылданса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 10,4 млрд. теңгені құрады. Есептелген сақтандыру сыйақылары серпіні «ҚазЭкспортГарант» қабылдаған міндеттемелердің серпінін байқа­тады. Мәселен, 2006 жылы 33 млрд. теңге сомасында сыйақы есептелсе, 2012 жылы оның жалпы көлемі 147,2 млрд. теңгеге жетті.

Корпорация нарықты және клиенттердің талап-тілектерін ұдайы зерттеп отырады, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және сақтандыру нарығында сенімді серіктестің имиджін ұстап тұру жөнінде үздіксіз жұмыс жүргізеді. «Бәйтерек» холдингі компанияларының тобына енетін басқа да даму институттарымен бірлесіп, экономиканың шикізат емес секторындағы экспортқа бағдарланған өндірістер қызметін құруда және кеңейтуде кешенді тәсілдер қағидаттарын іске асыру жоспарлануда.

2012 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет теміржол машинасын жасап, экспортқа шығару іске асырылды. «Локомотив кұрастыру зауыты» АҚ өндірген локомотивтер экспортын қолдау мақсатында корпорация 10 жыл мерзімге 6,0 млрд. теңге мөлшерінде бюджет займын алды. Займның нысаналы мақсатының мәні Тәжік теміржолдарының қатысуымен сатып алушыға сау­да қаржыландыруын ұсынуда, тиі­сінше бұл ретте туындайтын ком­мерциялық және саяси себептер бойынша қайтармау тәуекелдерін сақтандыруда. Аталған механизмді көптеген шетелдік экспорттық-кредиттік агенттіктер ұлттық тауар өндірушіні қолдаған кезде пайдаланады. Корпорация аталған мәміледе «Темір банк» АҚ көмегімен бас­ты рөл атқарды. Банк сауданы қаржыландыру арқылы біздің экспортшының есебіне жөнелту құжаттарын беру фактісі бойынша экспорттық түсімді аударды. Біздің локомотивтер екі жылдан астам пайдаланылуда және өзін жақсы көрсетті. Осыған орай, тәжіктер тарапы енді өз есебінен тағы да екі бірлік теміржол көлігін сатып алмақ.

Корпорация қызмет істеген кезеңі ішінде ТМД-ның Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Түркіменстан секілді экс­порт­тық жеткізілімдер бойынша сақтандыру өтемін ұсынды. Бұл қазақстандық шикізат емес өнімді өткерудің дәстүрлі рыноктарымен байланыста жүзеге асты. 2004 жылдан бері корпорация БАӘ, Литва, Моңғолия, Швей­цария, Үндістан, Беларусь, Түркіменстан, Ауғанстан, Украи­на, Түркия, АҚШ, Польша және Латвия елдеріне жіберілетін тау­арлар экспортын сақтандырды. Сақтандырылған инвестициялар сондай-ақ, Иран, Түркіменстан жә­не Түркия елдеріне бағытталды. «ҚазЭкспортГарант» соңғы 10 жылдың ішінде жалпы сомасы 1,1 млрд. АҚШ долларымен 400-ден ас­там кәсіпорынды қолдады. Ал бағдарлама іске қосылған уақыт­тан бері 5,0 млрд. теңгеге дер­лік со­маға 122 жобаға сауданы қар­жы­­ландыру арқылы жәрдемін жасады.

Бағдарламаның басты мақсаты шетелдік сатып алушылар тарапына қазақстандық өнімге орнықты сұранысты қалыптастыру болып табылады. Экспорттың дамуы дәстүрлі түрде орнықты эконо­микалық өсу жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуы үшін оның экспортының дамуы көлемі мен қарқыны ғана емес, сондай-ақ, оның сапалық құрылымы да маңызды. Корпорация қызмет ете бастаған жылдардың ауқымында локомотив, металл прокаты, дәрі-дәрмектер, химия өнеркәсібі өнімдері, целлюлоза-қағаз өнімі, резіңке, пластмасса бұйымдары, ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары, сұйытылған газ және минералдық тыңайтқыштар секілді тауарлық құндары бар заттарға қолдау көрсетті.

Келешекте корпорация экспорт­тық-кредиттік оператор ретінде халықаралық коммерциялық қызмет­пен шұғылданатын отандық компаниялар үшін бәсекеге қабілетті қызметтерді қолдайтын Қазақстанның Ұлттық экспорт стратегиясының басты элементінің бірі бола алады.

Еркін САДЫҚОВ,

«ҚазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы»

АҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар