Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев екі күндік іссапармен Қызылорда облысында жүр, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапардың бірінші күн министр Арал ауданының құрғақшылықтан зардап шеккен ауылдарын аралап, жергілікті халықпен кездесті. Шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл ақсақалдарының өтініш-тілегін тыңдады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайлы айтып, тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Бүгін Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралады. Жалағаш ауданындағы «Байтабын» шаруашылығының шөп жинау дайындығымен танысты, кейін Сырдария ауданындағы жоңышқа егетін «Мағжан және К» серіктестігінің жұмысын бағамдады.
Шиелі ауданына жеткен Ербол Қарашөкеев Арал ауданына көмек ретінде шөп жөнелтіп жатқан «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысымен кездесіп, құрғақшылықтан зардап шеккен ауданға көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Өздеріңіз білесіздер, Арал ауданының шаруалары биыл құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Біздің қолға тиген дерек бойынша, 559 бас мал шығын болған. Осыдан кейін аудан әкімдігінің төтенше жағдай жариялауына тура келді. Қазір мәселе ретімен шешіліп келеді. Облыстың бес ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан мал азығы жеткізілетін болды. Ол үшін келісім жасалды. Мен жергілікті билікке осы мүмкіндікті пайдаланып, тез арада мал азығы қорын жинап алуды тапсырдым. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің резервінен 250 млн теңге бөлінді, оның 49,5 млн теңгесі шөп таситын көлік шығынын көтеруге жұмсалады. Жалпы, бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады», деді Е.Қарашөкеев.
Министрдің міндетін атқарушы мал суаратын құдық салу және су бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары туралы да айтты. Мал азығының қымбаттауын да назардан тыс қалдырмады. Е.Қарашөкеевтің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдауға арнайы жеңілдік беретін болды.
«Бүгінгі күні облыста 347 мың тонна мал азығы дайындалды, бұл қажеттіліктің 45%-ын құрайды. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылды. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл Ел» студенттік отрядынан жастар да көмекке келіп жатыр. Мыңға жуық адамның қатысуымен 114 бригада құрылып, 170 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды», деді ведомство басшысы.
Е.Қарашөкеев Қызылорда облысына жасаған сапарының соңында Жаңақорған ауданындағы алма бағын баптап отырған «Жан-Арай» серіктестігі, құс шаруашылығымен айналысатын «Абдулла» шаруа қожалығы және мал шаруашылығымен айналысатындарға жем-шөп дайындайтын «Нұрбол И» шаруашылығының жұмысымен танысты.