Түркияның біраз қаласы өртке оранды. Сенбіде ел президенті Режеп Тайип Ердоған өрт шыққан оңтүстіктегі қалаларды апатты аймақ деп жариялады.
Сәрсенбіде басталған апат орманды, елді мекендерді шарпып, енді үлкен курорттарға жеткен. Ел билігі азаматтарды эвакуациялауға мәжбүр болды. Ауыл шаруашылығы және орман министрі Бекир Пакдемирли сенбіде тіркелген 98 өрттің 88-і сөндірілгенін хабарлады.
Қатты желдің әсері мен ауа температурасының жоғарылауынан тілсіз жауды бақылауға алу мүмкін болмады. Манавгат қаласында 5 кісінің, ал Мармаристе 1 адамның өртте күйіп, қаза болғаны мәлім болды. Екі қала да – Жерорта теңізіне жақын орналасқан туристік мекен.
Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа бір ғана Манавгаттағы өрттен 400 адам зардап шекті деп хабарлады. Олардың 10-ы әлі де ем қабылдап жатыр. Ал Мармаристе 159 адамның денсаулығына зақым келген. 1 адам күйік шалып, ауруханаға жатқызылды.
Хатай қаласына жеткен өрт те қатты желдің салдарынан бақылаудан шыққан. Оның үстіне тілсіз жау адам көп шоғырланған орындарға дейін жеткен.
Түркия бұқаралық ақпарат құралдары Эгей теңізінің жағасында орналасқан Бодрумдағы қонақүй тұрғындары да эвакуациялауды сұрағанын жазады. Оларды құтқару үшін жеке яхталар мен кемелер шақырылған.
Өрт болған жерлерді президент Ердоған тікұшақпен аралап шықты. Одан кейін ол аймақтарды ресми түрде апатты аймақ деп жариялады.
«Халықты құтқару үшін қажет шараларды, қолдан келгеннің бәрін істейміз. Азаматтардың шығынын жабу, мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып отыр», деді мемлекет басшысы.
Түркияның оңтүстігіндегі Манавгат қаласында өткен баспасөз мәслихатында Ердоған Анкара оқиғаны саясаттандыруға тырыспаса да, әдейі ұйымдастырылды деген нұсқаны да жоққа шығармайтынын және өрттің себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. «Біз өрттің себептерін мұқият зерттейміз. Егер өз Отанын өртеуге тырысқан сатқындар болса, олар ең ауыр жазаға тартылады», деді Түрік елінің басшысы.
Түркия бұрын орын алған орман өрттерінде «Күрдістан жұмысшы партиясы» мен басқа да тыйым салынған топтарды айыптаған еді.
Ердоған үкіметтен үйлерін немесе ауылшаруашылық жерлерін жоғалтқан отбасыларға өтемақы төленетінін хабарлады. Оның айтуынша, зардап шеккендерге салықтар, әлеуметтік қамсыздандыру және несие төлемдерін кешіктіріп төлеуге рұқсат беріліп, шағын бизнеске нөлдік пайыздық несиелер ұсынылады.
«Қайтыс болғандарға Құдайдың рақымын тілеуден басқа ештеңе істей алмаймыз, бірақ біз өртенген дүниені басқамен алмастыра аламыз», деді ол.
Ердоған өртпен күресетін ұшақтардың саны 6-дан 13-ке дейін жеткізілгенін мәлімдей келе, Украина, Ресей, Әзербайжан және Ираннан ұшақтар жіберілгенін және мыңдаған түрік әскері, сондай-ақ ондаған тікұшақтар мен қашықтан басқарылатын ұшақтар өрт сөндіруге жұмылдырылғанын айтты.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда болған алапат өрт салдарынан елдің экономикасы мен туристік базасына орасан зор шығын келгеніне және азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізгеніне байланысты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға ниеттестік білдірген жеделхатын жолдады. Сонымен қатар бауырлас халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары Түркия полициясы Манавгат қаласында орман өртіне қатысы бар деген күдіктілерді ұстағанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, күдіктілерді жергілікті тұрғын байқап қалған. «Азаматтар күдіктіні сотқа беруді талап етті», деді Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.
Президент тергеу ісіне барлау қызметкерлерін де жұмылдырып, үлкен зардап әкелген өрт себебін жедел анықтауды тапсырды.