Нұр-Сұлтан мониторингтік топтары үш күнде карантин талаптарын бұзған 60-қа жуық нысанды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы қала әкімінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Алматы ауданының мониторингтік топтары 1 тамызда «Какие люди» барында, «Анкара» түнгі клубында және «Сова» караоке клубында карантин бұзылғанын анықтады.
Сарыарқа ауданында «Food mix» кафесінде, «Eliks» кафесінде, «Элитная» моншасында және «Bruno»ресто-барында карантин талаптары сақталған жоқ.
Есіл ауданында карантин шектеулерін бұзған 5 мекеме анықталды. Олар: «Teqila» лаундж-бары, «Adagio» караоке-бары, «InForno» ресто-бары, «Vzлетный» және «Слезы моих бывших» кафелері. Бұл мекемелер демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан, келушілерді қабылдады. Мекеме ішінде әлеуметтік қашықтық және бетперде режимі сақталған жоқ.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.