Цензура деген кешегі кеңес заманының ажырамас атрибуттарының бірі еді. Алайда ол Кеңес Одағының ойлап тапқан дүниесі емес, бұрыннан, патша заманынан бар сөз бостандығын шектеу құралы еді.
Кеңес Одағында цензура арқылы өлім-жітімнің санын айту, әскери зауыттардың атауы, олардың өндірісінің көлемі, не шығаратыны, орақ науқаны кезінде көмекке келген солдаттардың саны, қай қаладан келгені, наразылық акциялары, ірі төтенше оқиғалар сияқты көптеген ақпаратты жариялауға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ газет-журналдарда, телевизия мен радио жаңалықтарында ұйымдасқан қылмыстық әрекеттер, ұлтаралық кикілжіңдер туралы хабар-ошар кетіп қалса, олардың авторлары мен редакторлары тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болған. Оны байқамаған цензор да орнынан ұшатын.
Кеңестік цензура осындай әрекеттерімен адам құқығы мен сөз бостандығын барынша шектеді. Мұның өзі адамдардың ой-өрісі мен санасының дамуын тежеп, сайып келгенде, миллиондаған кісі кеңестік идеологияның шырмауығына шырмалып, мәңгүрттіктің аз-ақ алдында болған еді. «Біздегі тірліктің бәрі жақсы, қиындықтың бәрі тек капиталистік елдерде» деген сияқты жалған түсінік қалыптасты. Күні бүгінге дейін сол жалғандықтан ада бола алмай жүрген адамдар бар. Сондықтан ойлы адамның бәрі цензураны қаламайды, ал цензор болған адамдарды жек көреді. Бірақ олардың көбінің еш жазығы жоқ. Өздерінен талап етілген қызметтік міндеттерін адал атқарды. Атқармаса, бәрібір, басқа адам қойылар еді. Тек тырнақ астынан кір іздеп, өзінің қызметін пайдаланып, біреулерді нақақтан қудаламаса болды емес пе?..
Петропавлда ұзақ жылдар бойы цензор болған Көпжасар Күйеубаев 1978 жылдан бастап облыстық атқару комитетінің баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау басқармасында қызмет атқарған. Ал цензордың қызметін ол кезде редактор деп атаған.
«Мен алғаш облыстық телевидениенің қазақ бөлімінде цензор болдым. Қолыма «Құпиялар тізбесі» деген 467 беттік қалың кітапты ұстатты. Онда қауіпсіздік, қорғаныс, экономика, мәдениет салалары бойынша жариялауға тыйым салынған ақпарат тізімдері көрсетілген. Оқып отырған мәтіндерден кездестірген ақпаратты сол тізіммен салыстырып, жариялауға жатпайтыны болса, дереу түзетемін. Әрине, бұл авторларға ұнамайды, бірақ амал қанша, нұсқаулықтан шыға алмайсың. Мысалы, «Ленин атындағы зауытта еңбек етеді» деген сөйлемді «зауытта еңбек етеді» деп түзетесің. Ал мұның ақпараттық маңызы өзгеріп кетеді ғой, бірақ солай етуге мәжбүрсің. Дегенмен, мен авторлардың еңбегін ескеріп, ешқашан толық абзацты алып тастап көрген емеспін. Шынымды айтсам, маған осындай талаптары үшін цензорлық қызмет ұнамайтын», дейді ол.
Қазіргі жас адамдарға күлкілі көрінгенімен, ол кезде 15 метр биіктіктен түсірілген фотоны да газетте жариялауға болмайды екен. Қаладағы әскери бөлімдердің нөмірін көрсету, суицид жасағандарды ауызға алу, түрмеде отырғандардың санын жазу – қылмыспен пара-пар. Кезекшілікке шыққан милиция патрулінің санын көрсетсең де айыпқа қаласың.
«Баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау басқармасы» деген дардай атауы, «цензор» деген атынан ат үркетін қызметкері болған соң бұл кісінің білімі мен білігі де өзгеше шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, айрықша ештеңесі жоқ екен. Көпекең Қостанай облысының Меңдіқара ауданында Қызылбалықшы деген ауылда 1948 жылы өмірге келіпті. Әкесі Көбеген бай болмаса да байларды жағалаған пысық азамат болған екен. Байды жағалағанның бәрін кеңес өкіметі қудалады емес пе, Көбеген де кәмпескеге іліккен. Сөйтіп ағайындар арасы бүлінген заманда жақындарына өкпелеп, көрмейтіндей болып басқа жаққа көшіп кетеді. Жітіқара жақтағы Ақсуат ауылында 8-ші сыныпты бітірген соң Көпжасар педучилищеге түседі. Оны бітірген соң әскерге кетіп, Орталық Азия әскери округінде танкіші болады. Қайтып келген соң мұғалім болып жүріп Қостанай пединститутының биология факультетін сырттай оқып бітірген. 1976 жылы Қызылжар қаласының тумасы – Баян деген қызға үйленіп, осы қалаға келеді. Мұнда алдымен мектеп-интернатта тәрбиеші болып, артынан цензорлық қызметке ауысады.
Көпекең осындай қарапайым адам болса да, журналистер өзінен ығысып, тезірек жылыстап кетуге тырысқанын айтады. «Кейде редакцияға бара қалсам, жаңа ғана әзіл-қалжыңмен ауланы басына көтеріп отырған жігіттер лезде зым-зия болады. Цензордың қызметі жұрттың бәріне қорқыныш болып елестейтінін содан біле беріңіз. Өзім ішімнен ондайға күліп, таңғалып қоятынмын», дейді ол.
Өз құпиясын ұзақ жылдар бойы сақтап, қалтқысыз қызмет еткен адамға кеңес өкіметі бәлендей оң қабақпен қарамаған. Екі бөлмелі пәтерді де әрең беріпті. Мемлекеттік түгіл, облыстық деңгейдегі марапат та бұйырмапты.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде цензура жойылғаны белгілі. Халыққа еркіндік беріліп, журналистерге сөз бостандығы тиді. Осыны пайдаланып, ел ішіне іріткі салғысы келетін, тіпті солтүстік аймақты көрші мемлекетке қосуды көздеген арандатушылар да бас көтерген-ді. Олардың «Новь Приишимья», «Знамя свободы», «Вознесенский проспект» және басқа газеттерінің сарыны осы бағдарды ұстанған. Ал «Глас» деген газет тіпті ашық күреске шақыруға дейін барды. Міне, осындай өткенді көксейтін сепаратистік пиғылдағы басылымдармен заңды тұрғыда мемлекет атынан біліктілікпен күресе алатын мамандар қажет болғанда облыстық ішкі саясат басқармасына қызметке кірген Көпжасардың тәжірибесінің пайдасы тиді. Арандатушылардың кейбіріне сот арқылы айыппұл салынып, қайсыбір басылымды белгілі мерзімге жабу туралы шешімдер шығарылды. Сондай-ақ ол Ресей қалаларынан жеткізілетін порнографиялық басылымдарды, жеке адамдарды қаралаған, ар-намысқа тиетін дүниелерді тәркілеп, ондай ақпарат ағынын шектеуге белсене атсалысты.
Кейін Көпжасар Күйеубаев Баспасөзде және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі облыстық инспекция құрылғанда соның басшысы болып тағайындалды. Мұнда да ол Қазақстан заңнамасына қайшы келетін баспасөздегі бұра тартушылықтарды әшкерелеп отырды. Адал да абыройлы еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазір Көпекең зейнет демалысында. Әбден тәртіпке, режімнен ауытқымауға үйреніп қалған басы қашан көрсең, қымбат уақытын жоғалтпауға тырысып, аз әңгімелесіп, асығып тұрғаны. Дене шынықтырумен де жалықпай айналысып, қолындағы екі таяғын ескекше сермеп, таза ауада серуендеп жүргенін жиі көреміз.