Еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында Корея Республикасымен (Оңтүстік Корея) жан-жақты қарым-қатынас орнатылып, өзара тиімді ынтымақтастық жемісті жалғасын табу үстінде. Осыған орай, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок мырзаға бірнеше сауал қойған едік.
– Құрметті елші мырза, Қазақстандағы дипломатиялық қызметіңізге кіріскеніңізге бір жыл толып отыр. Біздің елге келуіңіз жаһандық пандемиямен тұспа-тұс келгені белгілі. Осы күрделі кезеңде Қазақстанмен таныстығыңыз қалай басталды?
– Дұрыс айтасыз, Нұр-Сұлтанға келгеніме бір жыл болды. Мен негізі өткен жылы 8 мамырда Қазақстанға елші ретінде тағайындалғаннан кейін бірден ұшып келуім керек еді. Алайда тура сол уақытта пандемияға байланысты Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы әуе рейстері тоқтап, қызметіме кірісе алмадым. Жағдай тұрақталып, барлығы қалпына келгенде ашылған алғашқы рейспен Қазақстанға ұшып келдім. Қазір еске алсам, сол сәтте өзімді Қазақстанға қайта жол салған адам секілді сезінген екенмін. Мұнда келіп, қызметіме толық кіріскеніммен, пандемияға байланысты шектеулер көп еді. Дегенмен біздің елшілік індетпен күресте қол қусырып отыра алмады. Екі ел арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтасты дамытуға белсене атсалысты. Сол күрделі кезде Алматы қаласында орналасқан корей клиникасы індетті анықтауда диагностикалық қызмет көрсетіп, вируспен күреске өз үлесін қосты. Кейінірек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен барғанда сол мекеменің қызметімен де танысты. Сондай-ақ Корея үкіметінің індетпен күрестегі тәжірибесін таныстыру үшін қазақстандық әріптестермен түрлі кездесулер, семинарлар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырдық. Сондай-ақ Корея Республикасы Қазақстанға 800 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл көмектің бір бөлігі Корея елшілігінің, ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің және Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен үшжақты форматта ұсынылды. Одан бөлек, қарттар үйлеріне, балалар үйлеріне, мектептерге, халықтың осал топтарына арнап, қайырымдылық іс-шараларын өткіздік. Бұл іс-шараларға өзім де қатыстым. Мен үшін осы сәттер қызметіммен байланысты ыстық әрі қымбат естеліктер болып қалды. Корей халқында «Қиын сәтте қол созған досың – жақын туысыңнан қымбат» деген мақал бар. Мен де қазақстандықтарға шын көңілмен көмектескім келді. Былтыр осы секілді бірқатар іс-шараны жүзеге асырдық.
– Қазақстан мен Корея Республикасының дипломатиялық байланысы жоғары деңгейде екені белгілі. Қос елдің саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық, мәдени, спорттық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы жылдан-жылға нығайып келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Постпандемия кезеңіндегі қарым-қатынасымыз қалай дамымақ?
– Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Келесі жылы ынтымақтастығымызға 30 жыл толады. Кореяда бұл кезең адамның жастықтан шығып, кемелдену шағы деп аталады. 2009 жылы екі ел өзара қарым-қатынас деңгейін стратегиялық әріптестікке дейін көтерді. Қазақстан біз үшін – Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда және инвестициялық әріптесіміз, сондай-ақ «Жаңа Солтүстік саясат» бағдарламасының негізгі серіктесі. Менің ойымша, екіжақты байланыстың үздіксіз дамуы екі ел басшыларының арасындағы сенімді қарым-қатынаспен тікелей байланысты. 2019 жылы Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулер өткізді. Сапар барысында «Самал жел» атты экономикалық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл деңгейін арттыру бағдарламасына қол қойылды. Одан бөлек, Үкімет, Парламент деңгейінде де осындай тығыз ынтымақтастық орнаған. Десе де ең маңызды жетістігіміз – азаматтар арасындағы мәдени және достық қарым-қатынас. Халықтарымыздың дәл осы ізгі қасиеттері үкіметтер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі.
Қазақстан көшелерінен Hyundai, Kia секілді корей өндірушілерінің автокөліктерін жиі көзім шалады. Әр үйде корейдің Samsung, LG компанияларының тұрмыстық техникасы, смартфоны бар. Сондай-ақ теледидардан корей телехикаяларын жиі көрсететінін байқаймын. Сол арқылы қазақ халқы Корея туралы көп біледі-ау деген тұжырымға келдім. Ал жылына 50 мыңнан астам қазақстандық Кореяға саяхаттайды екен. Сондай-ақ қазақ мәдениеті Кореяда да танымал бола бастады.
Екі елдің пандемиядан кейінгі ынтымақтастығына келер болсақ, басты төрт бағытты атап өткім келеді. Пандемия көрсеткендей, ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет деп санаймын. Қазір әлемде қашықтан жұмыс істеу, білім алу кеңінен таралып жатыр. Сол себепті, екіншіден, ақпараттық инновациялық технологияны дамыту маңызды. Үшіншіден, мұнай және газ саласындағы ынтымақтастық. Қазір климаттың өзгеруі, жаңартылатын энергия көздері өзекті болып отыр. Төртіншіден, бізге жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны жақтайтынын, жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр стансаларын салуды қолдайтынын айтып, бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады деген еді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Алайда атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздік аса маңызды. Мұндай стансаларды саларда қауіпсіздік пен басқару тәжірибесі маңызды. Кореяның бұл салада тәжірибесі жеткілікті болғандықтан, атом энергетикасындағы ынтымақтастықты қарастыруға болады дер едім. Егер Қазақстан атом стансасын салуды жоспарласа, Корея үкіметі бұған қызығушылық танытары сөзсіз.
Жалпы, Қазақстанда 300-ден астам шағын және ірі корей компаниясы жұмыс істейді. Бұрын тұрмыстық техника мен көліктер Кореядан тасымалданса, қазір Қазақстанда өндіріс орындары ашылған. Мәселен, былтыр Hyundai зауыты ашылды. Сондай-ақ «Рахат» компаниясын сатып алған кореялық Lotte корпорациясы Қазақстанда кондитерлік өнім шығарады. Одан бөлек, құрылыс, банк саласында да Корея компаниялары белсенді. Қазақстан, ең алдымен, ресурсымен, ақылды, бәсекеге қабілетті жас мамандарымен, Кореяға деген жақсы қарым-қатынасымен және тиімді шарттарымен бізді қызықтырады.
– Орталық Азияда өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған этностық корейлердің үшінші ұрпағы өсіп-өніп келеді. Кезінде тарихи оқиғалардың салдарынан жыраққа қоныс аударуға мәжбүр болған корейлер екі ел арасындағы байланыста қандай рөл атқарады?
– 1937 жылы көптеген корей Ресейдің Қиыр Шығысынан Орталық Азия елдерінің аумағына күштеп көшірілгені белгілі. Сол кезеңнің қиындығы туралы деректі фильмдер мен бағдарламалардан көріп білдім. Ел басына күн туғанда қазақ халқы корейлерді құшақ жая қарсы алып, баспана мен ас беріп, қолұшын созды. Осының арқасында Қазақстанға жер аударған корейлер аман қалды. Қазір елде корей диаспорасының 100 мыңнан астам өкілі тұрады. Жергілікті корейлермен кездесуде олар әрдайым қазақ жері мен халқының риясыз көңіліне алғысын білдіріп жатады. Корея Республикасының елшісі ретінде мен де корей халқының атынан Қазақ еліне шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді.
Корей диаспорасының өкілдері бүгінде Қазақстан қоғамында өз орнын тапты деуге болады. Парламент Мәжілісі депутаттарының 7-ші шақырылымына тарихта алғаш рет корей диаспорасынан 2 депутат сайланды. Корей диаспорасын Корея мен Қазақстанды байланыстыратын көпір деуге болады.
Сондай-ақ 1937 жылы Қазақстанға күштеп қоныс аударылған корейлердің арасында Корея Республикасының Халық Батыры, тәуелсіздік үшін күрескен генерал Хон Бом До болғанын айтқым келеді. Ол Қызылорда қаласында жерленген. Алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары жүзеге асатын кезде батырдың сүйегін тарихи Отанына қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл арқылы екі ел тұрғындарына сол бір тарихи оқиға мен өзара достығымызды тағы бір еске саламыз. Биыл екі елдің Үкіметтері Президент Қ.Тоқаевтың Кореяға сапарын ұйымдастыруды пысықтап жатқанын айта кеткен жөн. Бұл біздің өзара қарым-қатынасымызды тағы бір деңгейге көтеретін және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңындағы маңызды сапар болады деп есептейміз.
– Оңтүстік Кореяның сыртқы саясатындағы Орталық Азияның рөліне тоқталсақ. Өзара байланыста басымдық қай салаға беріліп отыр?
– Орталық Азия мен Корея ынтымақтастығының мың жылдан астам терең тарихы бар. Әсіресе, бізді екі ел арқылы өткен Жібек жолы байланыстырды. Кейінірек, қазіргі тарихта 1937 жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударуы халықтар арасындағы байланысты нығайта түсті. Ал 1990 жылдардың басында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін аймақтағы елдер арасында Қазақстан алғашқы болып нарықтық экономикаға бет бұрды. Дәл осы себепті Қазақстан Кореяның негізгі инвестициялық және сауда серіктесіне айналды. Орталық Азия елдерімен әріптестікті дамытарда әрдайым Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін назарға аламыз. Жыл сайын Сыртқы істер министрлері деңгейінде өтетін «Орталық Азия – Корея ынтымақтастық форумы» арқылы аймақпен байланысты үзбейміз. Мемлекеттер арасында үйлестіруші қызмет атқаратын форум хатшылығы да бар. Қазақстан алдағы уақытта да аймақтағы көшбасшы ел ретінде Корея мен Орталық Азия ынтымақтастығының нығаюына ықпал етеді деп үміттенеміз.
– Сыртқы саясат туралы айтқанда Оңтүстік Кореяның Солтүстік Кореямен қарым-қатынасын айналып өту қиын. Осы ретте екі елдің қазіргі байланысына қандай баға берер едіңіз?
– Корея үкіметі маңызды екі мақсатты көздейді. Олар – Солтүстік Кореяны толығымен ядролық қарудан азат ету және түбекте тұрақты бейбітшілік орнату. Бұған қол жеткізу үшін кез келген арандатушылық немесе жанжал тудыратын әрекеттерді болдырмай, қауіпсіздік туралы өзара кепілдік болуы шарт және әл-ауқатты арттыруға бірдей ұмтылуымыз керек. Солтүстік Кореямен диалог жүргізіп, қақтығыстардың алдын алу маңызды. Соңғы жылдары Солтүстік және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің басшылары бірнеше кездесу өткізді. АҚШ пен Солтүстік Кореяның басшылары 3 рет кездесті. Жақында Оңтүстік Корея мемлекетінің басшысы АҚШ-қа сапармен барып, жаңадан сайланған Президент Байденмен кездесті. Қос ел де Солтүстік Кореяны ядролық қарудан толығымен азат етуге және аймақта бейбітшілік орнатуға ұмтылатынын растады. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы – диалог пен дипломатия екені айтылды. Қазақстан Оңтүстік Кореяның солтүстік көршісіне қатысты саясатын үнемі қолдап келеді және болашақта да солай болады деп үміттенеміз.
– Соңғы жылдары Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға баратын еңбек мигранттарының мәселесі өзекті болып отыр. Осы мәселеде Оңтүстік Кореяның ұстанымы қандай?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, екі ел азаматтарының достығы мен өзара қызығушылығы біздің ынтымақтастығымызды одан сайын нығайта түседі. 2014 жылы елдер арасында визасыз сапарлар туралы келісімге қол қойылды. Осыдан кейін Кореяға келетін қазақстандықтардың саны күрт өсті. Визасыз режімнің басты мақсаты – азаматтар арасындағы байланысты жандандыру болды. Өкінішке қарай, Қазақстанның кейбір азаматтары бұл келісімді бұрыс пайдаланып, Кореяға заңсыз жұмысқа орналасу үшін барды. Қазір Қазақстаннан келген заңсыз еңбек мигранттарының саны шамамен 10 мың адамға жетті. Бұл Корея қоғамында да өзекті мәселеге айналып отыр. Оны шешу үшін екі ел Үкіметі, сондай-ақ көші-қон, құқық қорғау органдары тығыз жұмыс істеуі керек деп есептеймін.
– Дипломат ретінде түрлі мемлекеттерде қызмет еткен соң, сол елдердің мәдениетін, тыныс-тіршілігін тани бастайтыныңыз анық. Қазақстанның, қазақ халқының қандай ерекшеліктерін айрықша атап өтер едіңіз?
– Қазақтардың корей мәдениетіне қызығуы және керісінше корейлердің қазақтың салт-дәстүрін ерекше бағалауының себебі – екі ұлттың ұқсастығында дер едім. Мысалға, қонаққа деген құрмет пен ілтипатты айтуға болады. 1937 жылы қазақтардың корей халқын жылы қабылдағанын айттық. Осы секілді қонақжайлылық Кореяда да бар. Отбасын жоғары қою мәдениетіміз де ұқсас. Үлкен шаңырақтың астында ата-әже, немерелерге дейін улап-шулап бас қосқанды жақсы көреміз. Үлкенді сыйлау, құрметтеу екі халыққа да тән. Сол себепті қазақтар корей телехикаяларын көргенде ортақ қасиеттерімізді байқап жатады. Тіліміздің грамматикасы мен құрылымы да ұқсас келеді. Кейде корей тілін үйреніп жүрген жастарды көріп, олардың біліктілігіне таңғаламын, тіпті корейлермен шатастырып алатын кездер де болады. Жаңадан ашылған қазақ драма театрына барғанда спектакльде ойнаған қазақ ұлттық музыкалық аспабын мына корейдің аспабына қатты ұқсаттым (бөлмеде тұрған жетігенге ұқсас аспапқа нұсқады – М.Б.). Айтқым келгені – бізді байланыстыратын ұлттық, мәдени құндылықтарымыз жеткілікті.
– Тіл үйрену мәселесі қалай болып жатыр?
– Мен 30 жыл бойы дипломатиялық қызметпен айналысып келемін және ана тілім – корей тілінен басқа, ағылшын, қытай, жапон және неміс тілдерін білемін. Әзірге қазақша амандасу мен күнделікті қолданысқа қажет кейбір сөзді үйрендім. Әрине, тілді меңгеруге ықыласым бар. Алайда өзіме шет тілін меңгерудегі мүмкіндігімнің барлығын қолданып тастағандай көрінеді және жалқаулық та барын жасырмаймын. Елшілікте қазақ тілінде сөйлейтін қызметкерлер үнемі көмектесіп отырады, сондықтан тілге қатысты қиындықты сезінбеймін.
– Қазақстанға келгелі бері жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз? Еліміздің көрікті жерлерін аралап, ұлттық тағамдарынан дәм татып үлгердіңіз бе?
– Қызметіме пандемия кезінде кіріскеніме қарамастан, Қазақстанның Алматы, Қызылорда, Атырау және Түркістан секілді ірі аймақтарында болып үлгердім. Осы қалалардың ішінде ең маңыздысы – Алматы дер едім. Өйткені онда Оңтүстік Корея азаматтарының көпшілігі, сондай-ақ корей диаспорасының өкілдері тұрады. Сондай-ақ Алматыда Корея Республикасының Бас консулдығы орналасқан. Есімде ерекше қалғаны – Қызылорда қаласы. Айтып өткенімдей, онда корей халқының тәуелсіздігі үшін күрескен қолбасшы, генерал Хон Бом До жерленген. Бұл аймақтың біз үшін тарихи маңызы зор. Қызылордаға сапарымда корей диаспорасының өкілдерімен кездесіп, 90 жастағы қариямен тілдестім. Корея үкіметі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде корей бұрышын ашты. Оған еліміз туралы кітаптар, оқулықтар мен түрлі материалдарды табыс еттік. Кездесулерден кейін Қызылорда тарабы қазақтың ұлттық дастарқанын жайып, кешкі асқа шақырды. Онда дәмді астан бөлек, дәстүрлі ән мен күй ойнады. Нағыз қазақи ортада өткен сол іссапар есімде ерекше қалды.
Одан бөлек, Атырау, Ақтау қалалары да Корея үшін маңызды деуге болады. Өйткені бұл өңірлерде экономикалық ынтымақтастықты арттыра түсетін энергетика саласындағы маңызды жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ жақында түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанға барған сапарымды ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Үкіметі өңірдің туристік мүмкіндігін арттырып, түркі мәдениетін дамытуға барынша көңіл бөліп отырғанын көрдім. Түркістан қарқынды дамып келеді.
Ал елордада демалыс күндері бос уақытымда отбасыммен бірге қазақтың тағамдарынан дәм тату үшін мейрамханаларға барып тұрамыз. Ұлттық тағамдарды дәмді әзірлейтін орындарды алдын ала таңдап, міндетті түрде қонақ боламыз. Нұр-Сұлтан қаласында Есіл өзенінің жағасында серуендегенді ұнатамын. Сондай-ақ қала маңындағы клубтардың бірінде гольф ойнаймын. Одан бөлек, «Астана Опера» театры, музейлер мен қазақ драма театры секілді мәдени орындарға барғанды ұнатамын.
Қоғамдық орындарға барғанда санитарлық нормаларды қатаң сақтайтынымызды айта кеткім келеді. Елшілік қызметкерлері Қазақстанда жаппай вакциналау басталған кезде шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің арасында алғашқылардың бірі болып екпе алды. Вакцинаны ерте алуға мүмкіндік берген Қазақстан Үкіметіне алғыс айтқымыз келеді.
– Еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігі туралы ақпаратты қайдан аласыз? Қазақ баспасөзін оқисыз ба?
– Күнделікті ақпаратты елдегі БАҚ-ты жіті бақылап отыратын қызметкерлерден біліп отырамын. Сондықтан қоғамда не болып жатқанын, өзекті мәселелерден хабардармын. Мен қазақ тілін білмейтіндіктен, «Еgemen Qazaqstan» секілді газеттерді тікелей оқи алмаймын, көбіне аудармадан қараймын. Ал ағылшын тілінде ақпарат тарататын онлайн басылымдарды өзім қарап, күнделікті оқып отырамын.
– Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақ еліне қандай тілегіңіз бар?
– Сіздерді Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Осы 30 жыл ішінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Бұл жетістікке ел көшбасшыларының қосқан үлесі мол. Дегенмен бұл – осы елдің әр азаматының күш-жігері мен еңбегінің жемісі. Өкінішке қарай, 30 жылдық мерейтой пандемиямен тұспа-тұс келіп отыр. Алайда Қазақстан Үкіметі бұл дағдарысты ақылмен шешіп жатыр деп ойлаймын. Ал Корея билігі індетті еңсеруде қол ұшын созуға әрдайым дайын.
Қазақстанды Корея мен оның азаматтары әрқашан жақын дос ретінде қабылдайды. Болашақта елші ретінде осы стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуда күш-жігерімді аямаймын. Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, келесі жылы екі мемлекеттің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Алдағы отыз жылда біздің ынтымақтастығымыз одан сайын тереңдеп, нығая түсетін кезең болады деп сенемін. Ал қазақстандықтардан осы әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуіне қызығушылық танытып, қолдау білдіруді сұраймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»