Ендігі жерде отандық құрылыс материалдарын бір ғана сауда алаңынан онлайн сатып алуға болады. Ол алаң «Маркетплейс» деп аталады. Бұл – құрылыс саласын цифрландыру бағытындағы тың қадамдардың бірі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «Маркетплейс» құрылыс материалдарын бір жерге шоғырландырып қана қоймай, олардың құнын 15 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Тиісінше, нарықтың да ашықтығын қамтамасыз етеді.
– Отандық өндірушілер мемлекеттің қолдауымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға және құрылыс материалдарын белгіленген баға бойынша сатуға мүмкіндік алады. Бұл құрылыс салушыларға да тиімді, – дейді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ құрылыстағы жергілікті қамту үлесін арттыру үшін министрлік қолданылатын құрылыс материалдарының толық номенклатурасын көрсететін электронды тізілім құрды. Бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандарда отандық құрылыс материалдарын міндетті түрде қолдану жөніндегі талаптар заң жүзінде бекітілді.
– Е-Qurylys жүйесінің блокчейн тетіктері арқылы сатып алынған отандық құрылыс материалдары бойынша мердігерлердің есебі Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетіліп, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасында көрсетілген деректермен автоматты түрде салыстырылады. Порталдарды интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп нақтылады Қ.Өскенбаев.
Оның айтуынша, құрылыс сапасын арттыру мақсатында министрлік зерттеу-зерделеу жұмыстарын мемлекеттік бақылауды күшейтпек. Сонымен қатар бас жоспардың және нақтылау жоспарының құрылыс салушылар мен халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа қала құрылысы жүйесін әзірлемек. Осылайша, азаматтар онлайн режімде нысандардың құрылысын бақылай алады.
Еске сала кетейік, құрылыс саласын цифрландыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымдық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру, құрылыс саласының дамуын тежейтін артық талаптарды жою, сондай-ақ құрылыс процесін қоғамдық бақылау үшін азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізілу үстінде.
Жалпы, елімізде мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға және жалпы құрылыс саласының жұмысына ықпал ететін алты цифрлық жаңа жоба бар. Оның бірін жоғарыда айттық. Енді қалғандарына да тоқталып өткен жөн болар.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, құрылыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып жатқан нысандар туралы деректердің барлығы келесі жылдан бастап Е-Qurylys бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қадағаланбақ. Өз кезегінде, барлық төлем Blockchain платформасы арқылы осы жүйеге енгізілген ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Нәтижесінде, бюджеттен жұмсалған әрбір теңгені оп-оңай бақылап отыруға болады.
– Сондай-ақ мемлекеттік нысандардағы құрылыс процесін цифрландыру жұмыстары басталды. Келесі жылдан бастап процесс толығымен автоматтандырылады. Бұдан бөлек, Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі негізінде министрлік мамандары ірілендірілген сметалық нормативтерді пысықтап, қалыптастырды. Сонымен қатар құрылыс нысанының шекті құнын жылдам есептеуге мүмкіндік беретін және оның құнын асыра бағалау мүмкіндігін болдырмайтын онлайн-калькулятор әзірледі. Калькулятор мемлекеттік сараптама порталында бекітілген (epsd.kz). Бүгінде онлайн-калькулятор арқылы 340 құрылыс жобасы есептелді, – дейді Қ.Өскенбаев.
Цифрландыру тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын да айналып өтпеді. Бұл ретте министрлік аталған сектордың бірыңғай цифрлы экожүйесін құру үшін Е-Шаңырақ ақпараттық жүйесін әзірледі. Ондағы мақсат – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторындағы бытыраңқы ақпараттық жүйелерден орталықтандырылған ақпарат жинау.
– Халық үшін жүйе басқару органдарының рейтингін құру, шағымдар мен өтініштерді жіберу мүмкіндігі есебінен сектордағы қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Меншік иелері үйді басқаруға онлайн қосымша арқылы қатыса алады. Сондай-ақ үйді басқару мәселелері бойынша ашық түрде деректер алу мүмкіндігіне ие. Мемлекет үшін жүйе ақпараттандыру объектілерінен, табиғи монополиялар субъектілерінің ақпараттық жүйелерінен алынған үлкен деректерді талдау есебінен неғұрлым тиімді басқару шешімдерін қабылдауға жол ашады. Осылайша, сектордың кешенді көрінісін байқауға және алдағы оқиғаларды болжауға мүмкіндік туады, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.
Қ.Өскенбаевтың пікірінше, әкімдіктер егжей-тегжейлі жоспарлау кезінде бас жоспардың жобалық шешімдерінен негізсіз ауытқып, тірек жоспарға қате деректерді орналастыруға жол беріп қояды. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін министрлік мемлекеттік сараптама негізінде барлық деңгейдегі жобаның, оның ішінде бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының талаптарға сәйкестігіне және халықтың пікірін ескеруге сапалы тексеріс жүргізуге ниетті.
– Бұл жер учаскелерін сатып алу және игеру кезінде құрылыс салушылардың тәуекелін төмендетуге, ғимараттар мен құрылыстардың функциялық мақсатын, ғимараттардың қабаттылығын, аумақтарда құрылыс салу тығыздығын, сондай-ақ белгілі бір инвесторлар үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына бейберекет түзетулер енгізбеуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Министрлік құрылыс процесін зертханалық сүйемелдеу үшін құрылыс сапасын бақылаудың жаңа орталығын құруды жоспарлап отыр. Іс жүзінде құрылыс барысында техникалық қадағалау әрдайым қолданылатын материалдарға зертханалық бақылау жүргізе бермейді. Сондықтан Мемлекет басшысының құрылыс сапасын жақсартуды түбегейлі қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында бірқатар заңнамалық түзету дайындалды.
– Түзетулер мемлекеттік және жекеменшік нысандарға міндетті зертханалық бақылауды жүзеге асыратын сапаны бақылаудың жаңа орталығын құруды көздейді. Бұл тетік тапсырыс берушімен бірлесіп, құрылыс процесін зертханалық сүйемелдеуді және құрылыс барысын кезең-кезеңімен техникалық тексеруді көздейді. Құрылыс кезеңі нысанның пайдалануға дайындығын растау үшін объектілерді қабылдауға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылаудың міндетті түрде қатысуы арқылы қатаң бақылау тетігімен күшейтіледі. Бақылаудың ұсынылған түрінің әсері шұңқыр қазудан бастап, абаттандыру жұмыстарына дейінгі құрылыстың барлық циклін тұрақты мемлекеттік бақылаудан және қолданылатын материалдардың, соның ішінде қазақстандық құрамды қолданудың ашықтығын қадағалаудан тұрады, – деді Қ.Өскенбаев.