• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Тамыз, 2021

Ashyq жобасын тиімді пайдаланғандарға жеңілдік берілді

270 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында коронавирус қарқыны әлі де жоғары. Бұл бизнес нысандарына да оңай тимей отыр. Бірақ карантин талаптарын сақтап, «Ashyq» жобасын тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерлік нысандарына бірқатар жеңілдік берілді, деп жазады Egemen.kz.

Биылғы 5 тамызда Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы шығарып, «Ashyq» жобасының көшбасшыларына» бірқатар жеңілдік берді. Мәселен, «Ashyq» жобасына қатысушы ашық және жабық базарлар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін істейтін болса, ал «Ashyq» көшбасшылары» жұмыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін ашық болады. Сол секілді қоғамдық тамақтану орындары, фудкорттар, сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес-орталықтар, йога-орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, театрлар, кинотеатрлар, бильярд бөлмелері, компьютерлік клубтар, соның ішінде PlayStation клубтары, боулинг, балалардың (жабық) ойын-сауық орталықтары, караоке, мейрамхана және дәмхана типі бойынша келушілерге қызмет көрсететін банкет залдарында істейтін «Ashyq» көшбасшылары» енді өз қызметін жұмыс күндері сағат 22:00-ге дейін көрсете алатын болды. Ескеретін бір жайт, бұл нысандардың барлығы да сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады.

Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған барлығы 31 891 адам тіркелді. Індетті жұқтырғандардың 75,4-%-ы, яғни 24 030 адам жазылып шыққан. Оның ішінде 11 442адам стационарлық, 12 588адам амбулаториялық ем алғандар.

«Пандемияның басынан бастап қазіргі кезге дейін барлығы 560 адам COVID-19 - дан көз жұмды. Дәл қазір жалпы саны 1 459 төсек-орындық 20 инфекциялық стационарда 660 адам емделуде. Ауруханалар толымдылығы 45,2%-ды құрайды», дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова.

Гүлнәр Мақсотқызының айтуынша, инфекциялық стационарлардағы 109 реанимациялық төсек-орында 44 науқас емделуде. Оның ішінде 41 науқас ауыр халде және 3 науқас аса ауыр халде жатыр.

«Инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың 95%-ы, ал жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатқан науқастардың еш бірі вакцина алмаған. Бұл вакцинаның тиімділігін көрсетеді. Вакцина алу арқылы ағза тұрақты иммунитетпен қамтамасыз етіледі. Екпе алу вирустың табиғи жолмен таралмауын қамтамасыз ететін жалғыз әдіс!», дейді Гүлнәр Абдрахманова.

Бүгінге дейін облыс аумағына вакцинаның 371 050 дозасы әкелінген. Оның ішінде 207 500 доза – I компонент, 163 550 доза – II компонент. Екпенің басым бөлігі Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы екен.

Жалпы облыс бойынша вакцинаның І компонентін 170 298 адам қабылдаған. Ал 127 962адам екпенің қос компонентін де алып, емін-еркін жүр.

«Тамыз басталғалы өткен 5 күн ішінде облыста COVID-19 диагнозымен 716 адам анықталды. Ауырғандардың көбі, яғни 252 адам Орал қаласында тұрады. Сондай-ақ Бөрлі ауданында 136 науқас, Бәйтерек ауданында 115 адам, Теректі ауданында 36, Тасқала ауданында 34 сырқат тіркеліп отыр», дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 28 пайызға төміндеген.

Дегенмен, арқаны кеңге салып, босаңсуға әлі ерте. Жасырын өткізіліп жатқан көпшілік жиындар азаймай тұр. Облыста мониторингтік топтар соңғы бір апта ішінде 88 мәрте рейд жүргізіп, 593 нысанды тексеріп шыққан. Нәтижесінде 20 нысанда карантин талабы бұзылғандығы анықталған. 19 хаттама толтырылып, 1 093 875 теңгеге айыппұл салыныпты.

Өңірде «Ashyq» қосымшасын пайдаланатын нысандар көбейіп, бүгінде жалпы саны 2289 нысанға жеткен.

«Соңғы аптада «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда «сары/қызыл» мәртебесі бар 80 адам анықталды, оның ішінде қызыл мәртебесі бар – 49, сары мәртебесі бар – 31 адам карантин тәртібін сақтамай, көпшілік орында жүрген екен. Осы заң бұзушылықтар үшін Әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 1 808 540 теңге мөлшерінде барлығы 42 әкімшілік хаттама толтырылды», дейді Нұрлыбек Ермекұлы.