• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Тамыз, 2021

«Қылқалам ұшындағы құдірет»: Елордада көркемсурет көрмесі ашылды

434 рет
көрсетілді

Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің көшпелі көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көрмеге аталған музей қорындағы қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің 70-ке жуық заманауи өнер туындысы қойылған.

«Қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің мәдениеті мен өнеріне байланысты. Қазіргі уақытта елімізде көркемөнер туындыларына айырықша көңіл бөлініп жатыр. Бейнелеу өнерінің кең қанат жайып келе жатқаны осыған дәлел болса керек. Егемендік алғалы бері қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларына қызығушылық артып келеді. Сол себепті 60-жылдар ұрпағы өкілі, Қазақстан бейнелеу өнерінің классигі, айрықша қолтаңба иесі Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет қолданбалы-сәндік өнер музейімен бірлесіп осы көрмені ұйымдастырып отырмыз.

Жалпы бейнелеу өнері адамзат қоғамының алғашқы кезеңінде пайда болды. Ол адам баласына заттық дүниені тану үшін әрі осы қоғамдағы алар орнын білуге қажет болғандықтан туындады. Көрмеден қазақ ауылының иісін сезіп, ұлттық тарих пен дәстүрді көре аламыз», деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин көрменің ашылуында.

Сондай-ақ, көрмеде көпшілікке беймәлім авторлардың да кескіндемелік туындылары ұсынылған.

«Көрмедегі туындылардың дені отанға, туған жерге және ұлттық-дәстүрді дәріптеуге арналған. Және мұнда біздің өңірде ғана емес елімізде кеңінен танымал қылқалам шеберлерінің туындысы қойылған. Әр туындының өзіндік тарихы бар. Дегенмен бірнеше жұмысты ерекше атап өткім келеді. Ол Махамбет Өтемісұлына арналған, ауыл тіршілігінен хабар беретін және құрақ көрпе бейнеленген туындының орны ерекше», деді Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы.

Ұлттық музейде ашылған «Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көшпелі көрмені елорда жұртшылығы 30 тамызға дейін тегін тамашалай алады.