• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

МЕМЛЕКЕТ САЛЫМШЫЛАР МҮДДЕСІМЕН САНАСАДЫ

619 рет
көрсетілді

Сәуір айының басында банкрот­тық ахуалын бастап кешкен Валют-Транзит банк салымшыларына төлен­беген кепілді қайтарымдар 302,8 млн. теңгені құрады. Мұның себебі әдеттен тыс – салымшылар бұл ақ­ша­ларды алуға аса талпынып та отыр­ған жоқ. Қазақстанның депозит­терге кепілдік беру қорының мәлі­мет­теріне жүгінсек, әзірге өз жинақтауларын 204 086 салымшы талап етпеген көрінеді. Бұл ахуал Депозиттерге кепілдік беру қоры кепілді өтемді төлеуге енді ғана кіріскен 2006 жылдың желтоқ­саны мен 2007 жылғы наурыздың басындағы кездегіден мүлдем өзгеше. Ол кезде адамдар өз депозиттерін уайымдап әбігерге түсіп, ақшаларын қайтарып алу үшін кезектерде тұрды. 2007 жылдың наурызында, нақты­лай төлемдер басталған мезеттегі алғашқы айда Депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға 10 млрд. теңге төледі. Бұл салымшылар алдындағы міндеттеменің шамамен 70 пайызы еді. Кепілді өтемді төлеуге орай қор міндеттеріне айналған банк депозиті иелерінің жалпы саны – 267 291, талаптың бастапқы жалпы сомасы  14 171,9 млн. теңге болатын. Бүгінгі күнге 13 млрд. теңгеден аста­мы немесе салымшылар алдындағы қор міндеттемесі жалпы сомасының 98 пайызы төленген. – Кейбір салымшылардың елден тысқары жерлерде жүргені айғақ. Басқаларын, бәлкім, қор төлемдерді тоқтатып тастады деген жаңсақ қауіп тежеп жатқан болар. Іс жүзінде бұлай емес, –  дейді “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ төрайымы Бақыт Мәженова. – Біздің мәліметтер базамызда Валют-Транзит банктің барлық салымшы­лары туралы деректер бар. Олар, банкте салымның қандай түрі  ашыл­ғанына қарамастан, 700 мың теңгеге дейінгі көлемде өз ақшаларын ала алады. Өйткені, заңнамаға сәйкес кепілдеме депозиттердің барлық түрлерін, соның ішінде карталық есеп-шоттағы ақшаларды да өтейді. Осы орайда бүкіл Қазақстан бойынша тұрақты жұмыс істейтін шұғыл байланыс аштық. Аталмыш банкке орналастырған ақшасын алу тәртібін анықтау үшін кез-келген салымшы біздің оператор­ларымызға телефон шала алады. Алғашқы үш жылда салымшылардың кепілді қайтарымын Қазақстанның депо­зиттерге кепілдік беру қорының агенті ретінде ТұранӘлем банк төлеп тұрды. Содан кейін өз ақшаларын талап етуші салымшылар саны айтарлықтай азайды да, 2010 жылдан бастап төлемдер тек қордың өзінен берілетін болды. Сондықтан, кепілді өтемді әлі күнге дейін алмаған банк салымшы­лары тікелей қорға мына мекен-жай бойын­ша хабарласулары керек: 050040, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй, 509-бөлме. Валют-Транзит банкте депозиті бар екендігін растай­тын құжаттарды табыс етіп, ақша  аударымы үшін Қазақстанның кез-келген банкіндегі есеп-шотты көрсетуі қажет. Кепілді өтемді алу туралы қосымша ақпаратты Қазақстан­ның депозиттерге кепілдік беру қоры­ның мамандарынан 8-800-080-10-20 “шұғыл  байланыс” нөмірлі тегін теле­фоны арқылы алуға болады. Сөйтіп, сайып келгенде, бұл игілікті қадамнан мемлекеттің салымшылар мүддесімен санасатынын көреміз. Бақыт БАЛҒАРИНА.