Өскемен қаласында 47 жастағы әйел суға батып, көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 8 тамыз күні шамамен сағат 21.00-де Абай даңғылы маңайындағы Үлбі өзенінде 1973 жылы туған әйел суға батты.
«Азаматша шомылуға тыйым салынған, ағыны қатты су айдынына барған. Нәтижесінде, әйел адам өз күшін дұрыс есептемеудің салдарынан көз жұмды. Оқиға санаулы минуттарда болған, ол тіпті айқайлап та үлгермеген», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оқиға болған жерге жеткен соң жағалауда тексеру жұмыстарын жүргізді. Көп ұзамай суға кеткен әйелдің денесі табылды.