Жетісуда шағын және орта бизнес саласының дамуына өз үлесін қосып, жаңадан кәсіп ашуға ақ жаулықты аналар мен жас қыздар батыл кірісуде. Олар мемлекеттік бағдарлама көмегінің нәтижесінде жеке істерін дөңгелетіп отыр. Мәселен, Ұйғыр ауданының тұрғыны Юлдуз Тураева тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысса, текелілік Гүлдана Өміртайқызы кофейня ашып, игілігін көре бастады. Екі кәсіпкер де нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Бастау Бизнес» оқыту жобасына қатысып, грантқа ие болған екен. Ал көксулық көпбалалы ана Альмира Дәулетованың бастамасының жүзеге асуына да мемлекеттік қолдау себеп болған. Бәрін ретімен баяндалық...
Юлдуз Тураеваның айтуынша, оның әуел бастан ісмерлікке қабілеті мен қызығушылығы ерекше болған. Сондықтан ол осы бағытта жеке бизнесін ашуды жөн көрген. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Кейін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болып, бұл қаржыға қажетті тігін машиналарын сатып алды, сөйтіп өз цехын ашқан. Бұл істен өзі ғана пайда тауып отырған жоқ, сонымен қатар 7 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
«Біз жасаған өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжыда жасалған» маркасымен шығарылады. Қолымыздан шыққан бұйымдарға өз ауданымыздан бөлек Панфилов, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарынан да сұраныстар түсіп жатады. Сондықтан алдағы уақыта шеберхананы кеңейтіп, жұмыс орнының санын арттыруды жоспарлап отырмын», дейді Юлдуз Тураева.
Шағын шеберханасында ісмерлер қалыңдықтың жасауы, көліктерге қажет перделер, ас-үй бұйымдары сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Сондай-ақ бизнесмен бике болашақта балаларға арналған киімдер тігуді де қолға алмақшы.
Ал текелілік жас кәсіпкер Гүлдана Өміртайқызы мемлекеттік грант есебінен кофейня ашқан екен. Оның бұл бастамасына «Бастау Бизнес» арқылы оқуы үлкен сеп болды. Үш баланың анасы Гүлдана «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру орталығын ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қаланың орталығында орналасқан «MELISSA» кофейнясында қазір 3 адам жұмыс істейді. Онда кофе және басқа да сусындардан бөлек, кондитерлік өнімдер де пісіріледі. Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов тек биылдың өзінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды 73 адам аяқтағанын айтады.
Айтпақшы, бұған дейін нәзік жандылардың арасындағы жеке кәсібін ашып, қомақты табыс тауып отырғандар үлесі негізінен қала мен үлкен кенттерге тиесілі болса, биыл ауылдағы ақ жаулықты аналар да іскерлікке бет бұрыпты. Оның бір мысалын Көксу ауданындағы Еңбекшіқазақ ауылының тұрғыны Альмира Дәулетованың бастамасынан байқауға болады. Ауылдағы ана тауық өсіріп, табыс тауып отыр. Оған «Бастау Бизнес» жобасы арқылы мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржы демеу болған екен. Көксулық Альмира Дәулетова бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын. Кейін жеке ісін бастауды жөн көріпті. Қазір ауласын тауыққа толтырып, жеңсік ет пен жұмыртқаға қарық болып отыр. Бастапқыда бұл істе еш тәжірибесі жоқ жас ана жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, батыл кіріседі.
«Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алатынмын. Құжаттарымды жаңартып өткізуге барғанымда, әкімдіктегілер осы мемлекеттік жоба жайында айтып, түсіндіріп берді. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджерлері бизнес-жоспар құру, қажетті есептерді жүргізуді үйретіп, жеке кәсіпкерлікті ашуға жәрдемдесті. Кішкентай балам өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Тумысынан ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті қандай да бір қызметке орналасу мүмкін болмады. Сондықтан мен сияқты үйде отыруға мәжбүр жандарға бұл үлкен көмек», дейді Альмира Дәулетқызы.
Ол мемлекеттен алған қаржыға немістің 100 бас ломан браун тұқымды тауығын және сыйымдылығы 350 жұмыртқа басуға жететін инкубатор, қажетті жемшөп сатып алған. Сөйтіп, шаруашылығын жүргізіп кетті. Алғашында тәжірибесі аз болғандықтан біраз балапаны шығынға да ұшырапты. Дегенмен құс бағуда тәжірибесі бар азаматтармен ақылдасып, дәрумен беру, жемдеу тәртібі және күтіп-бағу жайында кеңес алып, қайта аяққа тұрған. Кәсіпкер тұтынушы халықтың табиғи таза жұмыртқаға деген сұранысы артқанын да зерттеп отыр екен. Сондықтан өзі өндірген тауарын өткізуде қиналмайды.
«Қазір ептеп кәсіптің қыр-сырына қанығып келемін. Жолдасым Берік жаңа қора тұрғызып, тауықтарға ыңғайлы жағдай жасадық, үйдің айналасын жақсылап қоршадық. Осы айда орташа есеппен 1700 жұмыртқа аламыз деп жоспарлап отырмыз. Құс асыраудың еш қиындығы жоқ. Бастысы, күтімі мен жемшөбі уақтылы болса болғаны», дейді кәсіпкер ана Альмира Дәулетқызы.
Жалпы, Көксу ауданында биылдың өзінде 60 шақты тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, оларға барлығы 34 миллион 981 мың теңге қаржы бөлініпті. Оның ішінде 21 көпбалалы отбасы, 18-29 жас аралығындағы 9 жас кәсіпкер және мүмкіндігі шектеулі 1 азамат 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 25 азамат мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаса, 3 азамат құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты.
Сондай-ақ биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында облысқа қосымша 11,8 млрд теңге бөлінген болатын. Соның есебінен Жетісу өңірінде 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету, 5 мың жұмыс орнын құру, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, әлеуметтің әлеуетін арттыратын жобалар дамып, жаңа жұмыс орны мен табысы мол іс ілгерілейтіні анық. Бастысы, мемлекет тарапынан бұған қолдау бар. Мәселен, биыл Алматы облысында «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары және «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберіндегі қолдау қаржының көлемі 23 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал бірінші жарты жылдықта жалпы сомасы 7,5 млрд теңге болатын 990 жоба қаржыландырылып, 2750 тұрақты жұмыс орны ашылған екен.
Жұмыспен қамту дегеннен шығады, осы жылдың бірінші жартысында жұмыспен қамтудың белсенді шараларынының нәтижесінде Жетісуда 30 мыңнан астам жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар еңбекке тартылған көрінеді. Бұл мақсатқа, яғни «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл облысқа 31,8 млрд теңге бөлінген. Түрлі жобалардың жүзеге асуы өткен жарты жылда 30 мың адамның екі қолға бір күрек табуына жәрдемін тигізсе, атаулы бағдарлама аясында 3,3 мың жетісулық тұрақты жұмысқа орналасқан екен.