2 адамның өліміне кінәлі хирург Қазақстаннан депортацияланады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Пластикалық хирург Роман Альферовты депортациялауды талап етілген арыз Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция бөліміне берілген. Ішкі істер өкілдері Альферовтың Қазақстанда қалуы қоғам мүддесіне қайшы келеді және халыққа қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді.
Сот шешімі заңды күшіне енді, бірақ оны қайта қарауға болады, себебі хирург оған қарсы шағым түсірді.
Еске салайық, осыдан төрт жыл бұрын 44 жастағы Жанна Рахманова іші мен жамбасының майын алғызуға Роман Алферовтың клиникасына барған. Пациент содан тірі шықпаған. Атышулы хирург арада екі жыл өткенде ғана ұсталғанымен, Алферов пен аталмыш клиниканың жарнамасы әлеуметтік желілерде әлі жүр.
Сондай-ақ, бір жыл бұрын Роман Альферов науқастың өліміне кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді, бірақ оқиға орын алған мерзімге байланысты ол жазадан құтылып кеткен.