ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына құрмет көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Шынында да, бұл күні біз ұлы Абайдың тұлғасына құрмет көрсетеміз, көрнекті ақыннан рухани қолдау табамыз. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», дейді ақын. Біздің парызымыз - Абайдың осы өсиетін орындау. Абай біз үшін үлкен рухани тірекке айналды. Сондықтан қазақ халқына ұлы Абайды сыйлаған Алла Тағалаға алғыс айтамыз», деді Қырымбек Көшербаев ұлы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін.
Гүл қою рәсіміне Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, еліміздің барлық аймақтарынан мемлекеттік органдар мен қазақ зиялылары қатысты.
Айта кетейік, бүгін, 10 тамыз - Абай күні.