Батыс Сібірдің үстіндегі биік циклон Якутиядағы орман өртінің түтінін Батыс Сібірдің оңтүстігіне, Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлеріне тасымалдауға ықпал етті, деп жазады Egemen.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
«Шығыс Қазақстан облысындағы жергілікті дала өрттері атмосфералық ауа сапасының нашарлауына қосымша ықпал етіп отыр», деп жазылған хабарламада.
2021 жылдың 9-10 тамызында Шығыс Қазақстан облысының аумағында атмосфералық ауадағы зиянды заттар рұқсат етілген нормадан асып кеткен. Атап айтқанда Өскемен қаласында азот диоксиді бойынша 2,1 ШРК-ға дейін; Семей қаласында 1,4 ШРК-ға дейін; Өскемен қаласында күкірт диоксиді бойынша 9 ШРК-ға дейін, күкірт сутегі бойынша 5,0 ШРК-ға дейін артқан.
Болжам бойынша алдағы күндері тұрақсыз ауа-райы күтіледі.
12-13 тамызда кей аудандарда қатты жаңбыр жауады, найзағай мен екпінді жел күтіледі. Ауа температурасы түнде 10-18 градусқа дейін және күндіз 15-23 градусқа дейін біртіндеп төмендейді.
Метеорологиялық жағдайлар аймақ ауасына ластаушы заттардың шашырауына ықпал етеді.
«Қазгидромет» РМК Қазақстан аумағында және шектес елдердегі өрт қаупіне тәулік бойы мониторинг жүргізеді.