• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2014

Өзара ынтымақтаса жұмыс істеу келісіміне қол қойды

296 рет
көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері агенттігі Өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен кездесіп, тараптар еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты арттыру, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы келісімді күшейту сынды бірқатар мәселелерді сөз етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері агенттігі Өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен кездесіп, тараптар еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты арттыру, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы келісімді күшейту сынды бірқатар мәселелерді сөз етті.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен төралқа мүшелері, облыстың бас имамдары қатысқан басқосуда Бас мүфти ортақ келісімнің мәні мен маңызына һәм мақсатына тоқталды.

«Алла тағала баршамызға бейбіт заманда өмір сүруді нәсіп етті. Құдайға шүкір, Тәуел­сіз­дігіміздің арқасында Ислам дінін насихаттаудың, адамдар арасында бірлікті нығайтудың мүмкіндігі туды. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы. Данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» дейді. Олай болса, өзара бірігіп, еліміздің болашағы үшін еңбек етуіміз керек. Алла та­ғала Құранның Әли-Имран сүре­сінде: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», дейді. Қазір дін мен тілді сақтауды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңғыртып, жас­тарды жақсылыққа шақыруды ойлайтын заман. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері агент­тігі Өзара ынтымақтастық туралы келісім қабылдады. Ортақ келісім еліміздегі діни татулықты нығайтуға, ұлтаралық қарым-қатынасты жандандыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, қоғамға қауіпті ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға, тағы басқа діни мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенім білдіремін», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Діни басқарма мен Дін істері агенттігі заң аясында, өз құзыреттері шеңберінде бірлескен жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Мақсатымыз – қоғамдағы татулық пен өзара келісімді күшейтуге бірлесе ықпал ету», – деді ол.

Қос төраға ынтымақтастық меморандумына қол қойып, құжат алмасты. Тараптар қабылданған бұл құжат аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар өткізілетін болады.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар