Қытай Вильнюстегі Елшісін қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Оған Литва билігінің Тайваньға да өкілдік ашуға рұқсат бергені себеп болды, деп жазады Egemen.kz «РИА Новости» порталына сілтеме жасап.
Бұған дейін Тайвань Сыртқы істер министрі Джозеф У аралдың Литвада өкілдігін ашатынын, ол Вильнюсте орналасатынын және «Тайваньның Литвадағы өкілдігі» деп аталатынын хабарлаған болатын.
Литваның экономика және инновация министрі Аушрин Армонайте өз кезегінде Литва Тайваньда қазан-қараша айларында сауда кеңсесін ашатынын айтты.
«Жақында Литва үкіметі, Қытай тарапының бірнеше рет ескертуіне қарамастан, Тайвань әкімшілігіне өз астанасынан өкілдік»ашуға рұқсат беретінін жариялады. Бұл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар туралы мәлімдемені бұзады және Қытайдың егемендігі мен территориялық тұтастығына елеулі зиян келтірді», деп жазды Қытай Сыртқы істер министрлігі.
Министрлік «Қытай бұған үзілді-кесілді қарсы. Қытай үкіметі Литвадағы елшісін шақырту туралы шешім қабылдады және Литва үкіметінен де өз елшісін қайтарып алуды сұрады» деп атап көрсетеді.
Қытай Сыртқы істер министрлігі «әлемде бір ғана Қытай бар екенін, ал ҚХР үкіметі - бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет» екенін еске салды.