• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2014

Елдікті сақтап қалудан еңселі ерекше міндет жоқ

314 рет
көрсетілді

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай БИСЕНОВПЕН сұхбат.

-Қылышбай Алдабергенұлы, біздің газетімізде көптен бері «Замана зиялылар зердесінде» деген айдардың орын алып келе жатқанын жақсы білесіз. Оның аясында негізінен өзіңіз секілді зиялы қауым өкілдерімен еліміздің кешегісі мен бүгінгісі турасында сөз қозғалып, ертеңі туралы ойлар тарқатылып жатады. Өзіңізбен сондай әңгімені жүргізу жөніндегі көптен бергі ниетіміздің орайы енді келіп тұр.  Ендеше, әңгімені неден бастағанды қош көресіз?

 - Рахмет! Газет оқырмандарымен жаңа Жылқы жылының алғашқы күндерінде жолығып отырғандықтан әңгіменің тілек-ниетпен басталғаны дұрыс болар.Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басқан тағы бір жыл тарих беттеріне айналды. Өткен 2013 жыл еліміз үшін табысты, сәтті жыл болды деп ойлаймын. Орайы келгенде, еліміздің бас басылымы арқылы барша қазақстандықтарды жаңа басталған жылмен құттықтағым келеді. Әрбір қазақстандық отбасына бақ-береке тілеймін.

-Мен ендігі сөздің басын еліміздің егемендігіне қарай бұрсақ деймін. Шыны керек, біздің бағымыз да, бақытымыз да ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы өмірін аттың жалында өткізіп, қол жеткізе алмай кеткен тәуелсіздік қой. Сіз қалай ойлайсыз, бұл дербестік бізге Алланың берген сыйы ма, әлде қоғам дамуының кезекті кезеңімен келген құбылыс па? Басында сіз оны қалай қабылдадыңыз?

- Бұл сұрағыңызға жауап беру үшін алдымен ел тарихына қысқаша тоқталып өтейік. ХV ғасырда қазақ халқының қалыптасу кезеңі аяқталды. Ата-бабаларымыз одан кейінгі ғасырларды тәуелсіздік алу жолындағы күреспен өткерді. Ұзын саны 260 жыл бодандық бұғауында болдық.  Әйтседе, түтіні бөлк ұшатын байырқалы байтақ ел ел болуға деген ұмтылыс бір сәтке толастаған жоқ. Марқұм академик Манаш Қозыбаевтың айтуынша, егемен ел болу жолында республика аумағында 300-ден астам әртүрлі деңгейде ұлт-азаттық көтерілістері болған екен. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы тәуелсіздікке, азаттыққа деген ұмтылысы, арман-тілегі деп түсінеміз. Ата-бабаларымыз ежелден арман еткен еркіндікке, тәуелсіз, тұғырлы мемлекеттігімізге ХХ ғасырдың соңында ғана  қол жеткіздік. Кеңес Одағының ыдырауын әлемдік саясаттың белгілі бір уақыт шеңберінде шындыққа айналған көрінісі ретінде қарастырсақ, еліміздің тәуелсіздік алуы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігімен жасаған батыл іс-әрекетінің нақты нәтижесі екені айдан анық. Мен біздің тәуелсіздігімізді дәл осылай қабылдадым.

-Әлем тарихында жиырма жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түсіп қана қоймай, жаһан қауымдастығы алдында айтарлықтай беделге қол жеткізіп үлгерген мемлекеттер жоқтың қасы. Сол жоқың орнын толтырып отырған – бүгінгі Қазақстан. Отанымыздың осыншалықты қас-қағым уақыт ішінде бірден суырылып алға шығып, шаршы топтың шырқау басынан табылуына нақтылы нендей фактор әсер етті? Ғалым ретіндегі де, азамат ретіндегі де ойыңыз қандай?

- Жиырма жыл тарихи уақыт өлшемімен алып қарағанда, шыннында да өте аз уақыт.  Ал тәуелсіз ел ретінде мемлекеттің қалыптасуы мен даму жолына түсуі үшін аз уақыт, тіпті көзді ашып жұмғандай мәупіи десек те болады. Осыншама қысқа уақыттың ішінде еліміздің биік белестерден көрінуіне бірнеше жағдай әсер етті деп ойлаймын. Бұл ретте негізгі факторлардың қатарына алдымен жүйе құрушы ұлт ретінде қазақ халқының қауымдаса өмір сүруге деген бейбітсүйгіштік дүниетанымын жатқызуға болады. Әлемдік дағдарыс бастаоғаннан бергі уақыт белесіндежаһан ғалымдары ұлтымыздың бұл ерекше қасиетін толеранттылық феномені ретінде қарастырып, басқаларға үлгі етіп келеді. Ендігі бір фактор осы бейбіт өмірге деген құштарлықтан туындайтын табиғи ресурстарға бай мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы болса керек. Оңтайлы инвестициялық климат қалыптастыра білген және ол үшін ішкі саяси тұрақтылықты басты ұлттық құндылық санатында насихаттай алған мемлекеттік саясаттың нәтижесі.  Ел ішіндегі ауызбіршілік пен түсіністік ең бастысы тәуелсіз ел болуға деген халқымыздың ықыласы мен Тұңғыш Президентіміздің арман-тілегінің бір мақсатта болуы бізді осындай биік белестерге жеткізді.

-Елбасының әр жылы қабылдайтын Жолдауларын біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз дамуының нағыз айшықты бағдарламасы. Дәстүрлі Жолдауларда айтылатын қадау-қадау ойлар мен тұжырымдар, нұсқаулар мен тапсырмалар өз басыма керемет әсер етеді. Сіздің бұл тұрғыда ойыңыз қандай?

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары еліміздің әлемдiк кеңістіктегі іс-қимылдар бағдарын, ішкі тұрақтылық мәселелері мен даму бағыттарын айқындаушы негiзгi құжат болып табылуда. Мемлекет басшысының халыққа тікелей жолдау жасауы әлемдік тәжірибеде өте сирек кездесетін құбылыс. 1995  жылы қабылданған Ата заңымызда: «Қазақстан Республикасының Президенті: Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды», - деп көрсетілген. Мемлекет басшысының 1997 жылдың қазанында  Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы «Қазақстан-2030» Стратегиясы деп аталғаны, әрине, кездейсоқ емес. Ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасында көзделген негізгі мақсат – экономикалық әл-ауқатын жақсартуға, ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізетін тәуелсіз, экономикасы жетілген және саяси тұрғыдан тұрақты мемлекет орнату еді. Еліміздің сара жолын айқындаған стратегиялық құжат  негізінде Қазақстан нарықтық экономика негіздерін жүйелі енгізе әрі демократиялық құндылықтардың асуларын біртіндеп игере отырып, дәйектілікпен ілгері дами бастады.

 «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданғалы бері дәстүрге айналған жыл сайынғы Жолдаулар сол стратегияда қойылған мақсаттар мен талаптарды жалғастырушы, дамытушы рөл атқарды. Мәселен, 2004 жылғы Жолдау «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» деп аталса,2006 жылғы Жолдау «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» делінді. 2004 жылғы Жолдауда елдің бәсекелестік қабілетін арттыру траекториясының параметрлері белгіленіп, басым бағыттар әлеуметтік салаға арналатыны баса айтылды. 2006 жылғы Жолдауда Елбасымыз «Қазақстанның жақын онжылдықта әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруін биліктің негізгі саяси бағыты деп санаймыз», - деген болатын.

Президенттің 2003 жылғы 16 сәуірдегі «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары» атты Жолдауында мәдени-тарихи мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп,Үкіметке руханият пен білім беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде «Мәдени мұра» бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.Бүгінгі күні әлемнің әр түкпірінен ұлттық құндылықтарымызды жинақтау, мәдени, әдеби мұраларымызды жаңғырту және төл тарихымызды түгендеу ісіндегі өлшеусіз табыстарымыз баршаға белгілі. 2007 жылғы Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдаудағы  негізгі міндеттер – ашық, демократиялық, құқықтық, мемлекет құруға негіз болып, жалпы демократиялық құндылықтар, көп этностық және көп конфессионалдық дәстүрлерге үйлесімді айшықталды. Қазақстанның өтпелі кезеңді жетістікпен аяқтағаны, ұстанымдық жаңа міндеттерді белгілеуде сенімді база жасалғаны, әлемдік экономикада тең құқылы, бәсекеге қабілетті, динамикалық даму субъектісі бола алатыны әрі ұлттық мүдделерді тиімді жүзеге асыратын жағдайға келгені тұжырымдалды.

«Қазақстан - 2030» Стратегиясын жүзеге асырудың 15 жыл ішінде еліміз әлемдегі ең серпінді дамып келе жатқан елдердің бестігіне енді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан Қазақстанның әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіргені бұның жарқын көрінісі.Еліміз бен Елбасының тарихи қысқа уақытта қол жеткізген  табыстарын дүниежүзілік қауымдастық әлдеқашан мойындағаны белгілі. Президентіміздің дәстүрлі жолдауларын, жолдаулар санатына кірмейтін қаншама құнды құжаттары мен еңбектерін сараптау, зерттеу, зерделеу  арқылы кең насихаттау ісі Қазақ мемлекетінің мақсаты – Мәңгілік ел мүддесіне жауап береді деп ойлаймын.

-Осы тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын халыққа Жолдауына айрықша тоқталмай өту мүмкін емес. Сіз осы құжаттың біздің бүгінгі және келешектегі тыныс-тіршілігіміз үшін ең маңызды тұстарын қалай жіктеп айтып берер едіңіз?

- Өзіңізге де белгілі, Елбасы өзінің бұл Жолдауын 2012 жылдың 14 желтоқсанында жариялады. Оның түйінінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз», - деп мәлімдеп, ел тарихындағы алғашқы ұзақ мерзімді стратегияның мерзімінен бұрын табысты аяқталғанын білдірген  болатын. Осыған орай Мемлекет басшысы қалыптасқан мемлекетіміздің қол жеткізген табыстарын тұрақты дамыту  арқылы ендігі кезектегі бағындырар асулары мен негізігі міндеттерін атап көрсетті. Сол сөздің сорабында Президент: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру»,  - дей отырып, тәуелсіздік шежіресіндегі екінші ұзақ мерзімді стратегияның бағыт-бағдарларын жасап берді.  

Менің ұғымымда «Қазақстан-2050» Стратегиясы - барша қазақстандықтарды біріктіруші, бағдарлама. Ол әлемнің ең дамыған, бәсекеге барынша қабілетті 30 мемлекетінің қатарына кіру  мақсатын алға тартады. Ал мұның түпкі түбірі мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның барлық деңгейдегі әріптестігін қарқынды дамытуға серпін берумен бірге, еліміздің әрбір мүшесінің Елбасы ұстанып отырған Мәңгілік Ел идеясына аянбай қызмет етуіне бастайтын болады. Біз үшін ол осы жағымен де аса құнды.                      

-Қазіргі шапқан аттай заулап алға қарай ағып бара жатқан уақыт күні кешегі көптеген түсініктердің келмеске кеткенін сәт сайын ұқтырып келеді. Енді адами құндылықтардың өзінің іргесіне іреу түсе бастаған мына заманда ұлттың өзін өзі сақтап қалуы барған сайын қиындай беретінін санасында саңылау бар кез келген тұлға пайымдай алатын мәуріт жетті. Ал қазір қазақы қалпымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?

- Сіз бұл жерге кез келген ұлттың мәдени-этностық ерекшеліктеріне қауіп төндіретін жаһандану үдерісін айтып отырсаңыз керек. Бұл рас, ондай қауіп бар. Екінші жағынан алып қарасақ, жаһандану тұсында шынымен бәсекеге қабілетті елдер ғана өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қала алады. Түпкі мәнінде әлемдегі ең озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қажетті негіз ретінде Елбасымыз ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында елдігімізді сақтап қалудың жолдары айқын көрсетілген. Аталған стратегиялық бағдарламаның «Жаңа қазақстандық патриотизм-біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген тарауында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды... Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» дей келіп: «Ел бірлігі-ең асыл қасиет. Сондықтан қазақтың бірлігі-елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі», - деп атап көрсетілген. Демек, ұлтымыздың ішкі татулығын күшейту елімізді, елдігімізді сақтаудың басты кепілі болмақ. Ру мен тайпаға бөлінудің ұлттық тұтастығымыздан айыратын барынша зиянды ұстаным екенін ұмытуға болмайды. Шежірені білгендік-бөлінуге ұмтылғандық емес. Себебі, әр рудың шежіресін тарата білсек, қарға тамырлы қазақ екенімізді көрсетіп, түбі бір туыстығымызды іздегеніміз болып шықпай ма? Сонымен бірге, біздің ұлттық ерекшелігімізді сақтаудың ең басты шарты озық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуда жатыр деп түсінемін. Нақты айтқанда, игі дәстүрлеріміз бен салт-санамыз, әдеп-ғұрыптарымыз тек атаулы даталар тұсында ғана ескеріліп қоймай, күнделікті өмірімізден ойып орын алып, тыныс-тіршілігімізбен, іс-қарекеттерімізбен, ойлау мәдениетімізбен біте қайнасып кеткені абзал болар еді.

-Кез келген ұлттың тірегі – оның тілі. Тілі жоқ ұлт болмайды. Өткен ғасырдың басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады дегенді» бекер айтқан жоқ. Ал біз қазір авардың атақты ақыны Расул Ғамзатовтың «Если завтра умрет мой язык, то сегодня пусть умру я»,деген сөзді айта алар ма едік?

-Дұрыс айтасыз, тіл – ұлттың жаны мен жүрегі. Сондықтан оны сақтау, қорғау, дамыту бойында қазақтың қаны бар әрбір адамның, сонымен бірге әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тіл туралы: «Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет»,-дегені  бар ғой. Президент қойып отырған осы міндет біздің әрқайсысымызға үлкен жауапкершілік жүктеуі тиіс деп ойлаймын.

Әрине, қазір мемлекеттік тіл проблемасы толыққанды шешілді деп тоқмейілсуге де, сонымен бірге тіл құрдымға кетіп бара жатыр деп түңілуге де болмайды. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан ана тілімізге жасалып отырған қамқорлық ұшан-теңіз. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама аясында көптеген іргелі істер жүзеге асырылуда. Жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастылып келеді. Жергілікті жерлердегі тіл басқармаларының жұмыстары да жыл өткен сайын жандана түсуде. Ең бастысы,қазір қай жерде, қандай деңгейде өткеніне қарамастан, барлық іс-шаралар мен жиындарда қазақ тілінде еркін сөйлей аламыз. Оған тосқауы жоқ. Өзіңіз ойлап қараңыз, тым ұзаққа бармай-ақ, осыдан 10-15 жыл бұрынғы кезеңді алғанның өзінде, дәл мұндай жағдай болып па еді!?

Ана тілімізді өрге сүйреудің ең басты шарттарының бірі - оны ғылым мен техника тіліне айналдыру. Яғни, мемлекеттік тіл от басы, ошақ қасының тілі деңгейінде қалып қоймауы керек. Жалпы, тіл – тірі организм. Ол заманмен, қоғаммен бірге дамып, жетіліп отыруы керек. Осы тұрғыдан келгенде, терминология мен сөзжасам мәселесіне тек тіл жанашыры ретінде ғана емес, мемлекеттік, ұлттық деңгейде қарауымыз қажет деп ойлаймын. Әлемдік деңгейде мойындалып, сөздік қорға енген терминдерді қазақ тіліне жаппай аудару немесе оның орнына жаңа сөз пайдалану көп жағдайда сәтті бола бермесі анық. Мемлекеттік тілге деген көзқарас пен жанашырлықтың басты бағдары Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан 2050» Жолдауындағы: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»,-деген тұжырымы болуға тиіс. Бұл менің түсінігімде, жалпы ұлтқа артылған үлкен міндет. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасау әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білемін.  Бір сөзбен айтқанда, сіз дәйектеме келтіріп отырған авар ақыны Расул Ғамзатовтың: «Егер менің ана тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөзі әр қазақтың жүрек түкпірінде болғанда ғана біз Елбасы айтқан Қазақ мемлекетіне қол жеткіземіз.

-Қылышбай Алдабергенұлы, Сіз қазір үлкен бір ұжымның басшысы ғана емес, ұлағатты ұстаз, белгілі ғалымсыз. Саналы өміріңізді ұрпақ тәрбиесіне арнап келесіз. Жалпы, ұстаздық деген ұғымға қалай қарайсыз?

-Қазақта «Мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген ұлағатты сөз бар. Тарының қауызына сыйып кетердей осы бір ауыз сөзде ұстаздық істің бүкіл қызығы мен қиындығы, оған деген құрмет пен қадір – барлығы жатқандай сезінем. Арқалы ақын Мағжан Жұмабаев «Игі жақсы бас қосқанда – төр ұстаздікі» деген еді ғой. Жалпы, ұстазға деген қадір мен құрметтің бастау бұлағын мен, біріншіден, біздің ұлттық қасиетімізден, екіншіден, мұсылмандықтан көремін. «Үлкенге - ізет» деген біздің ұлттық тәрбиеміздің астары ұстазға деген құрметпен тікелей байланысып жатқандай сезінем. Қарап отырсақ, ұстазымызды тек біз өзіміз ғана емес, «менің баламның ұстазы» деп біздің ата-аналарымыз да құрмет тұтатын. Ал қазір біз өз ұстаздарымыздың балаларын «біздің ұстазымыздың ұрпағы» деп ізгі ниетпен қараймыз. Осындай сыйластық басқа ұлттарда бар деп ойламаймын.

Ұстаз туралы Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Түнек түнде шамы болды ол халықтың, Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың»,-дейді. Ұстаз туралы ойлағанда, осы бір сөздің мәні зор-ау деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі біздер, ұстаздар тәрбиелеп отырған ұрпақ ертеңгі ел тізгінін қолына алар азамат, тұлға. Сондықтан біздің ертеңіміз бүгінгі біз тәрбиелеп отырған шәкірттерімізге тікелей байланысты. Ұстаздық қызметтің абыройы да, жауапкершілігі де осында. Ұрпақ тәрбиелеу арқылы біз ұлтты тәрбиелейтінімізді ұмытпауымыз керек.

-Кейінгі кездері еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарын жекешелендіру жайлы әңгімелер айтылып қалуда. Сіз бұл бастамаға қалай қарайсыз? Жалпы, тікелей мемлекеттік бақылаудан кеткеннен кейін оқу орындарынан айырылып қалмаймыз ба? Осылайша ол өзінің бұрынғы деңгейін жоғалтып алмай ма?

-Мұндай әңгіменің бары рас. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша Назарбаев Университеті моделі негізінде жоғары оқу орындары дербестігінің қағидаттары әзірленетін болады. Осы принциптерге сәйкес білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орындарына еркіндік беріледі, жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық зерттеу университеттеріне, 2016 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік беріледі деп жоспарланған.

Бүгінгі таңда Білім және ғылымды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарының талаптарына сәйкес елімізде жоғары оқу орындарының ұйымдық-құқықтық пішінін анықтау, олардың өз алдына стратегиялық даму бағдарламасын жасау, шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыстарды дамыту, ұйымдық басқаруды енгізу жұмыстары қолға алынуда. Оның мақсаты дербестік беру арқылы жоғары оқу орындарының еркін жұмыс жасау тетіктерін жетілдіру болып табылады. 2014-2015 жылдары барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында корпоративтік басқаруды енгізу мақсатында бақылау кеңестері құрылатын болады. Қазір бақылау кеңестері еліміздегі ұлттық университеттерде қызмет атқаруда. Мұндай кеңестер құрамына білім саласындағы өкілетті орган мен жергілікті билік өкілдері, әлеуетті жұмыс берушілер, бизнес-құрылымдары мен жастар ұйымдарының өкілдері кіреді. Кеңестің негізгі міндеті жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыты мен жоспарын жасап, жүзеге асыру, ЖОО басшылығын тағайындау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын дамытуға ықпал ету болмақ. Сондықтан, менің ойымша, корпоративтік басқаруды енгізу, бақылау кеңестерін құру жоғары оқу орындарының заман талабына сай дамуына оң ықпал етуі тиіс.

Мемлекеттік бақылауға келетін болсақ, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес әрбір жоғары оқу орны меншік нысанына қарамастан, 5 жылда бір рет жоспарлы мемлекеттік аттестаттаудан өткізіледі. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1385 «Білім ұйымдарын аккредиттеу ережесін бекіту туралы» қаулысына және 2008 жылғы 5 наурыздағы № 109 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастыру және өткізу нұсқаулығына» сәйкес бес жылға аккредиттеуді бастан кешеді. Бұл жоғары оқу орнының немесе оның жеке білім беру бағдарламаларының белгілі бір стандарттарға және өлшемдерге сәйкестігін байқауға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, халықаралық тәжірибеде қолданылып келе жатқан жоғары білім жүйесіндегі өзгерістер мен жаңаша реформаларды қолдауымыз керек, білім сапасын көтеруге бірлесе атсалысуымыз керек деп есептеймін.

-Қазақта «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз бар. Біз әкеңіз Алдаберген ақсақалды көрдік. Болдым деп таспайтын, толдым деп аспайтын, бәрін сабыр мен ақылға жеңдіретін өте ақылман адам еді. Сонымен бірге, қоғамның жұмысы, елдің игілігі жолында бар күш жігерін салып жұмыс істейтін адам еді. Бір жағы осындай еңбекқорлығы шығар, бір жағы қарапайымдылығы шығар, кеңестің қиын заманында шаруашылық басқарып жүріп, адал еңбегінің арқасында алған Социалистік Еңбек Ері деген атағын ешқашан бұлдағанын естіген емеспіз. Мүмкін әке тәрбиесі де болар, сіздің де Еңбек Ерінің баласы едім, деп шіренгеніңізді көрген  пенде жоқ. Сондай абзал әкенің бойынан өзіңізге не дарыды деп ойлайсыз?

-Әкемді білсеңіз, оның есімінін «Аллаберген» қойылу себебін де білетін боларсыз. Ата-әжемнің көп күткен, Тәңірден тілеп алған перзенті еді ғой, ол кісі. Ел айтып жүргендей, әкеміз нағыз еңбектің, темірдей тәртіптің  адамы еді. Бірнеше шаруашылықтар басқарып, ерен еңбегінің арқасында Еңбек Ері атанса да, өзін өзгелермен қатар ұстады. Бізді де  еркелеткен емес, замандастарымызбен бірдей дәрежеде ауыр еңбекке салып, тәрбиеледі. Шүкіршілік, қазір сол тәрбиенің әсері болар, балалары ел қатарлы, ортасына сыйлы дегендей, азаматтар болып жетілді.  Мен кішкентай кезімде Кенжегүл, Сәпиян әжелерімнің тәрбиесін көп көрдім. Әсіресе, Кенжегүл әжем мені бауырына басты. Аруағы разы болсын, әжемнің мені ерекше жақсы көргенін бір ғана мысалмен келтірейін. Жалағаш ауданына қарасты «Жаңаталап» ауылындағы мектептің 6-сыныбын бітірген соң, әкем  оқуымды қалада жалғастырғанымды қалады. Қалай десек те, қаланың талғамы мен талабы жоғары. Оның үстіне ол кезде орыс тілін меңгеру әрбір жас үшін өте қажет болатын. Сонда үлкен әжем: «Балам қиналып қалмасын»-деп қалаға менімен бірге көшіп келді. Қызылордада әкемнің інісі Сәбит Мәдібекұлы көкемнің қамқорлығында болдық. Марқұм Сәбит көкем өз ортасына аса қадірлі, достыққа адал, кәсібін терең меңгерген, ақжарқын азамат еді. Біз қалаға келген алғашқы жылдары мектепте мұғалім болатын. Кейін жауапты қызметтер атқарды. Менің мектеп қабырғасында жақсы білім алуыма себепкер болған  да сол Сәбит көкем еді. Үмітін ақтадым деп ойлаймын. Өйткені, көкем жарықтық, менің болашағымды өз балаларынан кем ойлаған жоқ. Ата-анам бізді жастайымыздан тәртіпті, мәдениетті болуға үйретті. Өз анам Зүбәйра балаларын да, немерелерін де ізетті болуға баулыды, әкем  еңбекқорлыққа, әркез әділ болуға, адалдыққа тәрбиеледі. Біз Гүлсім екеуміз отбасын құрған соң, әкем Алдаберген балаларымызды жаз айларында ауылға шақырып алып, өзінің қасында ұстады. Айтулы мерекелерге немерелерін ертіп баратын, жанынан тастамайтын. Кейде солармен пікірлесіп те отыратын. Ол кісі 1944 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, қанды қырғыннан  жеңіспен елге оралғасын, көрші ауданда еңбек етті. Өз атамекеніне 44 жылдан кейін, яғни 1988 жылы зейнетке шыққасын барып оралды. Қаладан болсын, аудан орталығынан болсын мемлекетесебінен үй алуға мүмкіндігі бола тұра Жалағаш ауданына қарасты «Аққұм» ауылына көшіп баруының себебін сұрағандарға «Мен үшін  осы жер ыстық, бұл-атамекенім» дейтін. Дана халқымызда: «Әркімге өзінің туған жері - Мысыр шаһары» деген қанатты сөз бар емес пе?!. Әкесі сол ауылда егін еккен, бау-бақша өсірген диқан адам болған. Сол атақонысын қалпына келтіріп, үй тұрғызып, қайта гүлдендірді. Сол ауыл маған да өте қымбат. Ата-бабаларымның қанат жайған құтты қонысына балаларым мен немерелерімді алып жиі барып тұратын болдым. Ағайынның бірлігін ойлайтыны болар, әкем көпшіл адам еді. Бәрінен де елдің мүддесін өте жоғары қоятын және сол жолда күн-түн демей тынымсыз, шаршамай-шалдықпай қызмет жасап өтті өмірден. Мүмкін, әкемнің әділдікке құштарлығы, адал еңбекке деген шексіз ұмтылысы, туған жерге деген ықыласы маған да берілген болар деп ойлаймын.

-Қылышбай Алдабергенұлы, сіз бірқатар жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болдыныз. Мәжіліс депутаты ретінде қандай қабылдауға қатысып, өзіңіз сайланған өңірдің мәселелеріне байланысты қандай депутаттық сауалдар жолдадыңыз деген сұрақтыңда оқырмандар көңілінде тұратыны белгілі.

  -Депутат ретінде ҚР «Ғарыш қызметі туралы», ҚР «Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бойынша   жұмыс топтарына жетекшілік жасадым. Ал заң жобалары бойынша жұмыс тобының мүшесі ретінде 90-ға жуық заңдарды қабылдауға қатыстым. Қызылорда облысының, оның ішінде Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына, «Байқоңыр» ғарыш кешеніне,  білім мен ғылым саласындағы мәселелерге, мемелекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына, әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтауға, автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, рухани байлығын арттыруға байланысты бірнеше депутаттық сауалдар жолдадым. Мұндай сауалдар сол кезеңдерде өз шешімін тауып,   Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі бір деңгейде әсерін тигізіп жатты.      

-Қылышбай Алдабергенұлы, арнайы уақыт бөліп, бізбен сұхбат құрғаныңыз үшін көптен-көп рахмет. Ел-халықтың игілігі жолындағы, өскелең ұрпақтың келешегі жолындағы барша ізгі істеріңізге сәттілік тілеймін.

Әңгімелескен Серік Пірназар.

Соңғы жаңалықтар