• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2021

Экология һәм ескірген көлік

372 рет
көрсетілді

Бүгінде халықаралық қоғам­дас­тық қоршаған орта мәселесіне ерекше кө­ңіл бөліп отыр. Әлемнің бұған алаңдауы бе­кер емес. Ғалымдар климаттың өзгеріп, жа­­­һандық жылынудың адамзатқа тигі­зе­тін зияны туралы талайдан бері айтып келеді.

Мысалы, биыл әлемнің көп бөлігінде бұрын-соңды болмаған ыстық ауа райы тіркелген. Оған қоса, экваторлық аймақтарда қар жауып, мәңгілік мұздықтардың мүжі­ліп бара жатқаны бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рын­да жиі жазылады.

Антарктидада мұздықтар кесек-кесегімен опы­рылып жатыр. Қазіргі таңда ондағы мәң­гі­лік мұз үгітіліп, еріген су мұхитқа құ­йылып, теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Мәң­гілік ақ құрлыққа жүргізілген зерттеуде мәңгілік мұздардың астын теңіз сулары үңгіп жатқаны анықталды. Ал 1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетті. Бұл шамамен Қазақстанның аумағына тең.

Сондай-ақ Солтүстік мұзды мұхиттың мұздықтары жылдан-жылға кеміріліп барады. Соның салдарынан теңіз деңгейі бір­тіндеп көтеріліп, аталған аймақты мекен­дей­тін жануарлардың өміріне қауіп төнген. Тіпті заңғар таулардың шыңындағы ақ қар, көк мұздар да еріп, бірте-бірте шегініп, экологиялық апаттың алдында тұр. Қысқасы, әлемдегі экологиялық ахуал өте күрделі.

Егер ерте қамданып, тиісті шаралар қабылданбаса, мұның салдары ауыр бол­мақ. Соған байланысты 2015 жылы әлем елдері Париж келісіміне қол қойып, ауаға шығарылатын парниктік газдардың көлемін азайтуға кірісті. Бұл құжатты Қазақстан Парламенті 2016 жылы ратификациялады.

Климаттың өзгеруіне жол бермеу үшін халықаралық қоғамдастық түрлі бастамалар көтеріп жатыр. Мысалы, Еуропалық комиссия Fit for 55 деп аталатын құжатты жариялады. Онда 2035 жылға дейін бензин және дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салу енгізілген. Бұл қадам электр көліктерінің дәуірлеуіне жол ашпақ.

Кейінгі кезде Еуропа елдері көліктен бөлінетін парниктік газдарды азайтуға бел­сене кірісе бастады. Мәселен, Еуропа қор­шаған орта агенттігінің мәліметіне қара­ған­да, 2017 жылы Еуропа Одағы елдері шы­ғарған парниктік газдардың 27 пайызы кө­ліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы авто­көліктерден келеді.

Осыған байланысты құрлықта халықты жанармаймен жүретін «темір тұлпарларға» емес, электр қолданатын көліктерге бе­йімдеу басталды. Мысалы, Португалия қо­ғамдық көліктерге, соның ішінде трамвай қыз­метіне басымдық бермек. Германия да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Климаттың өзгеруімен күрестің тағы бір парасы – парниктік газдарды көп шығаратын ескі көліктерден құтылу. Бүгінде Еуропалық Одақ елдерінде шамамен 243 миллион же­ңіл автокөлік бар. Бұған 35 миллиондай жүк кө­лігін, миллионға жуық автобусты қо­сы­ңыз.

Бір қызығы, осы миллиондаған «темір тұлпардың» орташа жасы 11,5-ке тең екен. Ең жаңа көліктерді Люксембург (6,5 жыл) пен Аустрия (8,3 жыл) тұрғындары мінеді. «Мерседестің» отаны Германияда бұл көр­сет­кіш 9,6 жылды құрайды.

Осындайда Еуропалық Одаққа мүше мем­лекеттер ескі көліктерден құтылып, түбе­гейлі тоқпен жүретін «тұлпарларға» ауыс­уы қиындық туғызбайды. Соның нәтижесінде ауаға шығарылатын парниктік газдар кө­ле­мін азайтуға мол мүмкіндік туады.

Ал Қазақстанда ше? Статистика агент­ті­гі­нің деректеріне сүйенсек, біздің елде 3,8 миллион көлік бар. Олардың орташа жасы 20-ға теңесті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп, елдегі «темір тұлпарлар» тым ескіріп барады.

Мәселен, автопарктің жартысына жуы­ғы­ның шаңдақ жолда «шауып жүр­ге­ні­не» 20 жыл­дан асып кеткен (1,88 миллион). 801,3 мы­ңының мінілген уақыты – 11-20 жыл ара­лығы. Осыдан-ақ елдегі автопарктің қан­ша­лықты ескіргенін анық аңғаруға болады.

Қазақстан Париж келісіміне сәйкес, 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарылымы көле­мін 1990 жылғы деңгеймен салыс­тыр­ған­да 15 пайызға азайтуға тиіс. Қазіргі таңда елде шамамен 401,9 миллион тонна зиянды газ ауаға тарайды. Соның 21,8 миллионы же­ңіл автокөліктерге тиесілі. Елдегі автопарк кө­нерген сайын ауаға бөлінетін зиянды қал­дықтар да көбейіп барады.

Алайда утилизациялық алымның салдарынан шетелден келетін жаңа көліктердің құны аспандап, отандық автоөндіріс тәл­ті­рек­теп тұрғанда Қазақстандағы ескірген «темір тұлпарлармен» қоштасу қиынға соғатын сияқты.