«Азия-Авто» АҚ компаниялар тобының құрылтайшысы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланды. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті «Азия-Авто» АҚ тобының негізін қалаушы Анатолий Балушкинге қатысты ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдіктіге іздеу жарияланды», делінген агенттік хабарламасында.
Ведомство тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын атап өтті.
Айта кетерлік жайт, Анатолий Балушкин Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең беделді бизнесмендері қатарына енген. 2020 жылы оның иелігінде 150 миллион доллар бар екені белгілі болған және ол «Азия Авто» АҚ мен «Бипек Авто Қазақстан» АҚ-тың басты акционері болып саналған.