• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ СЕНІМІ – ЕРЕКШЕ БАҚЫТ, ОНЫ АҚТАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫМЫЗ

762 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты барша қазақстандықтармен бірге Қызылжар өңі­рінің тұрғын­да­ры да айрықша қадірлеп, мақтан тұ­тады. Туған Отанымыз – Қазақ­стан­ның даңқын асырған Елбасы­мызға деген халықтың шынайы сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы баршаға мәлім. Прези­дентіміздің ел ішіндегі абырой-беделі де, әлемдегі мәртебе-мерейі де уақыт өткен сайын ұдайы арта түсуде. Бүгінгі аға ұрпақ және біз – орта буын өкілдері Нұрсұлтан Әбіш­ұлының үлкен саясат алаңына жұл­дызы ерекше жарқырап шыққанын жақсы білеміз. Елбасымыз еліміздің әлі азаттық алмаған, коммунистік жүйеге бағынышты болған кезінің өзінде-ақ Кеңес Одағына кеңінен танымал саяси қайраткер ретінде ерек­ше­лен­гені жадымызда. Ал Ке­ңес Одағы ыды­рап, барлық одақтас республикалар өз тәуелсіздігін жа­рия­лаған тұста Қазақ­стан­ның бірін­ші басшысы болып Нұрсұлтан На­зарбаевтың қалуы еліміздің көп­этнос­ты халқының өзін ежелден ын­тымақ-бірлікке шақырып келе жат­қан күмәнсіз көшбасшы­сының төңі­регіне мықтап топ­та­суына ұйытқы болып, ертеңгі күніне ерек­ше сенім бер­ген аса маңызды фактор болған­ды­ғы дау­сыз. Бұрынғы Одақ тара­ған соң одан бөлініп шыққан көптеген елдерде бұрқ ете түскен, қантөгісті ұлт­ара­лық жанжалдар мен азамат­тық қақ­ты­ғыстардан біздің Қазақ­­ста­нымыздың аман болуының бір негізгі себебі де осында екендігі ақи­қат. “Бе­реке басы – бірлікте” деген халық дана­лығын сан мәрте есімізге салып, еліміздегі тыныш­тық­ты көздің қа­рашығындай сақ­тау­ға үндеген Елбасы­мыз­дың көп ұза­май Қазақстан халқы Ассам­блеясын құрудағы басты мақсаты да осы еді. “Әуелі – экономика, сосын – саясат” деген берік ұстанымынан айны­май, ең алдымен, экономи­ка­лық реформаларды жүзеге асырып, нарықтық қатынастарға жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға баса мән бер­ген, соны­мен қатар қоғамымызды біртіндеп де­мократияландыру шара­ла­рын да дәйек­ті­лік­пен қолға алған Президентіміздің даналығын арада өткен уақыт, бүгінгі өмір шындығы айғақтап берді. Кең байтақ қазақ даласына ажал уын шашқан Семей полигонын бір­жола жауып, әлемдік ядролық қауіпсіздікке зор үлес қо­сып, теңдессіз өнеге көрсеткен, әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­ле­рінің съездерін өткізуге бастама­шы­лық еткен, ел экономикасын өр­кендетіп, халықтың өмір сапасын ұдайы жақсартуға қол жеткізіп, де­мо­кратиялық өзгерістер бағытынан таймай келе жатқан жас мемле­кеті­міздің Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы елдері арасында алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының төраға­лығына сайлануы – Елбасымыздың көрегендік сая­сатының жемісі. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-та биыл өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит мін­бе­рінен сөз сөйлеп, “Шығыс-Батыс” институтының Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы­мен марапатталуы – Елбасы­мыз­дың да, еліміздің де мерейін тасытқан тарихи оқиға. Президентіміздің көршілес, туыстас Қырғызстандағы адамдар қаны төгілген мемлекеттік төңкерістің аяғы азамат соғысына ұласып кетпеуі үшін тікелей келіс­сөз­дер жүргізіп, туыстас елдің ба­сына төнген қауіптің алдын ала біл­гендігі де ЕҚЫҰ-ны басқарып отыр­ған Қазақстанымыз үшін үлкен абырой болды. Елбасымызға осы ара­ағайындық көмегі үшін шексіз алғыстарын жолдаған қырғыз халқы өкілдерінің арасында Қызылжарға қо­ныс аударып, бейбіт те берекелі тірлік кешіп жатқан бауырлас ағай­ындардың “Манас- Петропавл” қыр­ғыз мәдени орталығының бас­шылары да бар. Елбасымыздың келешекті бол­жай білетін көрегендігіне кейінгі әлемдік қаржы дағдарысы көзімізді тағы бір жет­кізгені кәміл. Әлі есі­мізде, Президентіміз 2001 жылы Ұлт­тық қорды құрмақ ниетін жария­лағанда еліміздегі кейбір оппози­ция­­лық партиялардың өкілдері: “Мұнай мен шикізатты сатудан түскен та­бысты Қазақстандағы әр отбасыға тең мөлшерде бөліп беру керек”, деп ашық қарсылық біл­дірген-ді. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы жұрт алдында, әсіресе, Президент және Парламент сайлаулары қарсаңында саяси ұпай жинауды мақсат тұтқан сынам­паз­дардың сыңаржақ пікіріне салмақты уәж келтіріп: “Алдымызда әлі талай сын ке­зеңдер болады. Бұл қаржы сондай қилы за­манда елі­міз­дің экономикасын қиын­дық­тардан құтқарып, халқымыздың жағ­дайын жақсартуға, тәуелсіздігімізді сақтап қа­луға жұмсалатын болады”, деп ке­сіп айтқан еді. Ұлы Абайдың “Көп шуылдақ не табар, билемесе бір ке­мел?!” деген ғұ­ламалық сөзін ғибрат тұтатын халқымыз болса өзінің Тұңғыш Президентіне деген сені­міне ешқашан селкеу түсірмей, әр­дайым қолдау көрсетіп келе жат­қа­ны мә­лім. Ал ең басты төреші – уа­қыт десек, ол Елбасы ұстанымының дұрыстығына еш күмән қалдырмай, толық дәлелдеп берді. Ұлттық қор­дан бөлінген мол қар­жының арқа­сында ғана әлемдік қаржы дағда­ры­сы­нан зардап шеккен еліміздің банк жүйесіндегі жағдай түзеліп, тоқтап қалған тұрғын үйлердің құрылысына қай­тадан жан бітіп, мыңдаған үлес­керлердің мұқтаждықтары шешілді, ауыл шаруашылы­ғына қуатты қол­дау көрсетілді, “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша ауылдар мен қалалардағы көптеген әлеуметтік ны­сандар жаңартылып, жолдар жөн­делді. Президентіміздің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауына сәйкес еліміз жедел индустриялық-иннова­ция­лық даму жолына түсіп, асқара­лы да айқын міндеттерді алға қойып отыр. Елбасымыздың ерен еңбегімен, дана басшылығымен еңселенген елімізбен бірге біздің Қызылжар өңі­рі де жылдан-жылға көркейіп, өс­іп-өрлеу үстінде. Мемлекет бас­шы­сының жыл сайынғы жолдау­ла­рын облысымыздың барша тұрғын­дары аса зор ынта-ықыласпен, ер­тең­гі күнге деген нық се­німмен қа­был алып, жасампаздық істер­ге жұ­мыла атсалысып келеді. Президенті­міздің дәйекті де дана саясатының, орасан зор мемлекеттік қолдаудың, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған ын­ты­мақ-бірліктің арқа­сында өңір экономика­сын өркен­де­тіп, әлеуметтік-мәдени са­ланы да­мытуда айтарлықтай жетістіктерге ие болдық. Нұрсұлтан Әбішұлы Сол­түстік Қазақстан облысына жа­саған жұмыс ба­бындағы сапарлары барысында өңіріміз­дегі оң өзге­рістерге көз жеткізіп, әділ баға бе­румен қатар, жаңа міндеттер, нақты тапсырмалар жүктеп, жасампаздық істерге жігерлендіре түседі. Осындай шынайы қамқорлық­тың нәтижесінде облысымыз бүгінде қуатты да­мыған, ірі аграрлық-ин­дус­триялық өңір­лердің біріне айналды. Өткен жылы қызылжарлық диқан­дар бұрын-соңды болмаған рекорд­тық көрсеткішке қол жеткізіп, дәнді дақылдардан 6,4 миллион тонна өнім жинады. Гектар берекесі 16,6 центнерді құрады. Бұл цифрлардың сыр­тында маңдайтермен атқа­рыл­ған ұлан-ғайыр жұмыс тұр: қазір тоқ­саныншы жыл­дардағы эконо­ми­ка­лық құлдырау ке­зін­де иесіз, күтімсіз қалып, жусан басып кеткен мыңдаған гектар егістік алқаптар жаңа да жанашыр қожайындарын тауып, қайтадан айналымға енгізі­ліп, өнім бере бастады. Көктемгі жер өңдеу, тұқым себуден бастап өс­кіндерге күтім жасау, егін жинау жұ­мыстары, негізінен, өнімділігі жоға­ры әрі еш ысырапқа жол бермейтін жаңа техникалардың көмегімен сапалы атқарылады. Баяғыдай емес, орақ науқанына сырттан ешқандай көмек ша­қыртылмай, егін ору, ас­тық тасу сияқты қауырт шаруалар­дың бәрі облыстың өз күшімен тындырылады. Диқандарымыз қазір нарық талабын түсініп, майлы да­қыл­дар егістігі көлемін де жылдан-жылға ұлғайтуда. Өңірімізде егіншілікпен қатар мал шаруашылығын өркендетуге, оның өнімдерін ұқсату ісін дамытуға да баса назар аударылып, айтар­лық­тай бетбұрыс жасалып отыр. Қы­зыл­жар ауданындағы Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Ива­нович Зен­ченко ­басқаратын “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде қа­нат­қақты жоба жүзеге асырылып, Кана­дадан әкелінген 800 бас сиырға арналған сүт кешені іске қосылды. Өткен жылы мұн­дағы әр сиырдан 7 мың литрдей сүт сауылды. Бұл ке­шен­ді Қызылжарға жұ­мыс сапары барысында Елбасы аралап көріп, тың бастаманың табысты іске асы­рыл­ғанына ризашылығын білдірген болатын. Осындай озық сүт кеше­ні­нің құрылысын Тайынша ауда­нындағы “Тай­ын­ша-Астық” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі де қол­ға алып, аяқтап қалды. Осы аудан­дағы биоотын өндіретін “Био­хим” өндірістік кешенін Прези­денті­міз 2006 жылдың күзінде өз қо­лымен ашып, оны “Дала ғажайыбы” деп атаған еді. Еліміздегі алғашқы кластерлік өндіріс­тердің бірі болып табылатын осы кәсіп­орынның келе­шегінен күтетін үмітіміз зор. Оның жанынан салынып жатқан ет ком­бинатының құрылысы биылғы жаз­да аяқталуға тиісті. Бұрынғы Кеңес Одағының қор­ғаныс өнеркәсібінің Петропавл қаласында ор­наласқан ірі зауыттары тоқсаныншы жыл­дардың басында тапсырыс күрт азайтыл­ған­дықтан, жа­былуға шақ қалып, мың­даған ең­бек­керлері қысқартуға ілінген еді. “Орнында бар оңалар” демекші, қазір олардың да жағдайлары түзел­ді. Жас мем­лекетіміздің жан-жақты қолдауымен қа­рудың орнына бейбіт өнімдер шығаруға қайта бейімделген бұл кәсіпорындар да тірелген ты­ғы­рықтан шығып, өндірістерін жыл­дан-жылға кеңейтіп, айтарлықтай табыстарға жетуде. Олардың ішінде, әсі­ресе, “ЗИКСТО” акционерлік қо­ғамы жаңа­шылдық танытып, өт­кен жылы “Қа­зақстан темір жолы” ұлттық компаниясы үшін алғаш рет 250 вагон жасап шығарды. Бұл тап­сырыс көлемі биыл екі еседен артық ұлғайтылып, 600 вагон болып бел­гі­ленді. Зауыт үстіміздегі жылы елі­міз­дегі мол сұранысты ескеріп, ас­тық тасы­мал­дайтын жабық вагон-хопперлер шығаруды да қолға алды. Ал “Киров атындағы зауыт” ак­цио­нерлік қоғамы шетелдік се­рік­тес­тері­мен бірлесіп, сандық теледидар жабдықтарын жасауға кірісті. Кейінгі жылдары Елбасымыздың тікелей тапсырмасына сәйкес мем­лекеттік тапсырыстарды орындауда қазақстандық үлесті көбейтуге ба­ғыт­талған ұтымды шаралар отандық өндірістерімізді көтеруге оңтайлы мүмкіндік туғызғанын жергілікті кә­сіпорындардың басшыларының бәрі де сүйінішпен айтады. Өңіріміздің өнеркәсіп саласының одан әрі өр­кен­деуіне Прези­дентіміз еліміз бой­ынша жариялаған жедел индустрия­лық-инновациялық даму бесжылды­ғы үлкен ықпалын тигізетініне се­німіміз зор. Биылғы жылдың өзінде облысымызда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылмақшы. Елбасымыздың Қазақстанның солтүс­тік қақпасы саналатын Қы­зыл­жар өңірін­дегі саяси тұрақты­лық­ты нығайту, демо­графиялық жағ­дайды жақсарту, мемлекет­тік тілі­міздің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді өр­кендету мәселелеріне де ұдайы көңіл бөліп, үзбей қамқорлық жасап келе жатқанын қызылжарлықтар жақ­сы біледі. 1997 жылы Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыс­та­рының біріктірілуі осы игі мақсаттан туындаған түбегейлі шешім болған­дығы бүгінде еш талас тудырмайды. Соның нәтижесінде өңір тұрғын­да­ры­ның ұлттық құрамындағы қазағы­мыз­дың үлесі едәуір көбейіп, отыз пайыздан асты, мұ­ның өзі төл мәде­ниетіміз бен өнеріміздің, ана тіліміз­дің, ата салт-дәстүрлеріміздің өрісін әл­деқайда кеңейтіп, елдік рухы­мыз­ды көтеруге қолайлы жағдай ту­ғызды. Әсі­ресе, Петропавл қаласына Көкшетаудан ұлттық кадрлардың үлкен бір тобы қызмет бабымен көшіп келіп, олардың жауапты лауа­зымдарға орналастырылуы облыс­тың барлық салаларына жаңа қан жүгіртіп, тың леп бергені аян. Президентіміздің туған өңірі­міз­дің тарихында тұңғыш рет облыстың бірінші басшыларын жергілікті ұлттан тағайындай бастағандығы да кеңес билігі кезінде қор­даланып қал­ған, аса көкейкесті мәселе­ле­рі­мізді созбаққа салмай, жеделдете ше­шуге жәрдемін тигізді. Айталық, Петро­павл қаласында еліміз тәуел­сіздік алғанға дейін жалғыз-ақ қазақ мектеп-интернаты жұмыс істеген болса, қазір балаларды мемлекеттік тілімізде оқытатын орта білім меке­ме­лерінің саны алтыға жетті. Бұған қоса, бос орындар бар орыс мек­теп­терінің жандарынан қазақ сынып­тары мен шағын орталықтарды жаппай ашқыза бастадық. Осындай шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда облыстағы қазақ балаларының 57 пайызы өз ана тілдерінде білім алып жүр. Ал бұдан жиырма жыл бұрын бұл көр­сеткіш небары 30 пайызды құраған еді. Құрылғанына биыл он жыл тол­ған Сәбит Мұқанов атындағы об­лыстық қазақ сазды-драма теа­тры да өңіріміздегі ұлттық өнерімізді жаңа биікке көтеріп, тіліміз бен ділімізді, асыл адамгершілік құнды­лықтары­мыз­ды дәріптейтін қасиетті қарашаңыра­ғы­мызға айналды. Бұл өнер ордасы­ның салтанатты ашылу рәсіміне ұлы жазушының 100 жыл­дық мерейтойына арнайы келген Президентіміз қаты­сып, көк лен­та­сын қиғанын театр ұжымы орынды мақтаныш тұтады. Қызылжардың ескі де тар меші­ті­не діни мейрамдарда сыймай, қын­жылыс білдіріп жүрген жергі­лік­ті мұсылман қауы­мының көптен бергі арманы – жаңа ғи­бадатхананың ашылуына Нұрсұлтан Әбішұлы ті­ке­лей жәрдем беріп, діндар жамағат­тың жүрекжарды алғысына бөлен­ге­нін де айта кеткен жөн. Осыдан бес жыл­дай бұрын ашылып, қаламыз­дың қақ ортасында көк күмбезі күн­ге шағылысқан кең де сәулетті ор­та­лық мешітіміз бүгінде имандылық ордасына айналып, төңірекке ізгі нұрын шашып тұр. Оның маңдай­ша­сында: “Қызылжар орталық мешіті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері ханзада Сұлтан бен Абдель Азиз бөлген қаражатқа салынды. Қараша. 2005 жыл” деген жазу бар. 2008 жылғы 21 тамызда Қызыл­жар­да бүкіл еліміздің тарихындағы айтулы мәдени оқиға болды. Осы күні Нұрсұлтан Әбішұлы облысы­мыз­ға қызмет бабындағы сапармен келіп, өзінің тікелей тапсырмасымен рес­публикалық “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қыруар қар­жы бөлгізіп, қалпына келтірткен “Абы­лайдың ақ үйі” мұражай кеше­нін ашып, жиналған жұртшылық алдын­да тебірене сөз сөйледі. “Біз бү­гінде өз тәуелсіздігіміздің арқа­сын­да көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солар­дың ішіндегі бірегейі, әрине, Абы­лай хан резиденциясы екені даусыз. Қызылжардың тамаша жерінде ор­на­ласқан мұражай кешені тұрғын­дар­дың көзайы­мы­на айналары сөзсіз”, деді Елбасымыз. Қазір Абы­лайдың ақ үйі тек қызылжарлықтар ғана емес, республикамыздың бар­лық аймақ­­тары­нан, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден ағылып келіп жататын қадірлі қонақтар да іздеп барып, тағзым ететін киелі орын саналады. Елбасымыз белгілеген квота бой­ынша өңір тұрғындарының санын ұлғайту мақ­са­тында шетелдерден ата­жұртқа оралған ағайындарды кө­бірек қабылдап, жайлы қоныстарға ор­наластыруға барынша күш салу­да­мыз. Алайда, табиғаты көркем, жері шұрайлы болғанымен, қысы ұзақ та суық өлкемізді жерсінген бауырлар саны көңіл­дегідей емес. Соған орай оралмандарды қабыл­дау­дың өңірлік бағдарламасын жа­сап, оларға қажетті тұрғын үйлерді жергі­лік­ті бюджет есебінен салуды қолға ал­дық. Мұндай баспанаға ие болған отан­дастарымыз квота бой­ынша алған қаржы­ларын басқа мұқ­таждықтарына жұмсайды. Облыс орталығына жақын жерде алыстан келген ағайындарға арналған жаңа Бәй­терек ауылы бой көтерді. Мұнда Прези­дентіміз бекіткен “Нұрлы көш” бағдар­ла­масы бойынша биыл­ғы жылы 140 тұрғын үй салып, ата­ме­кенге бет бұрған отандас­тар игілігіне бермекпіз. Осы ретте биылдан бастап, біздің тұрғындар сирек қоныстанған солтүстік өңірге шетелдерден көшіп келетін ағайындарға Президент квотасы бойынша төленетін көтермеақы мөлшері екі есе ұлғайтылғандығы өте орынды ше­шім екендігін айта кеткен абзал. Көшінің ба­сын Қызылжарға бұратын оралмандар қатары енді қалыңдай түсер деген үміттеміз. Өз басым, Елбасымыздың таң­дауы маған түсіп, зор сенім артып, облыс әкімдігіне тағайындағанын өмірімдегі жұлдызым ең биік жар­қырай жанған, бақытты сәтім деп санаймын. 2007 жылғы күзде мені осы қызметке қабылдарда Нұр­сұлтан Әбішұлы: – Қызылжар өңірінен шыққан азамат­тардың ішінен сені бірінші рет өз облы­сыңның әкімі етіп та­ғай­ын­да­ғалы отырмын. Туған жеріңе сенің жаның ашымаса, кімнің жаны аши­ды? Осыны ұмытпа! – деген еді. Пре­зидентіміздің осы аманатын күн­бе-күнгі қызметімде еш жадым­нан шы­ғармай, туып-өскен өңірім­нің, барша жерлестерімнің ең өзекті проблема­ларын бірінші кезекте ше­шуге бар күш-жігерімді салып келе­мін. Әрине, атқарған істерімнің ба­ға­сын облыс тұрғындарының өздері берері хақ. Түйіндей айтқанда, ата-бабала­ры­мыз ғасырлар бойы армандап-аңсаған тәуелсіз мемлекетімізді өз қолымен құрып, дүние жүзіне кеңі­нен танытқан ұлтымыздың көш­бас­шысы – Тұңғыш Президентіміздің сеніміне ие болу – ерекше бақыт, ал оны ақтап, қазіргі тарихи кезеңде Елбасымыз мой­нымызға жүктеген аса жауапты мін­деттерді бұлжытпай жүзеге асыру – қасиетті парызымыз және азаматтығы­мызға серт деп білемін. Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.