2021 жылғы 12 тамызда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Халықаралық жастар күніне орай «Қазіргі жастар: проблемалар, қажеттіліктер, үрдістер» тақырыбында «Jastar: ózekti másele» сараптама алаңының кезекті отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Пікірталасқа мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Ахметов мемлекет жастардың проблемасын назардан тыс қалдырмайтынын және оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында «Жастар» ҒЗО директоры А.Сакошев Мемлекет басшысына 2021 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесін ұсынды. Ол жыл сайынғы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының негізі саналады.
Сарапшылар маңызды мәселелерді көтеріп, оларды шешу үшін нақты ұсыныс берді. Оның ішінде, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Ж.Ысқақова жастардың құндылығы туралы баяндама жасады. Саяси кеңесші Д. Айкенова қазіргі жас ұрпақ мінез-құлқының заңдылығы туралы айтты. «Жас Отан» төрағасының орынбасары А. Бүркіталин жастарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Ал «Жас Ұлан» РҚБ төрайымы Д.Садуақасова баяндамасын жастар арасындағы буллинг пен лудоманияның өзекті мәселелеріне арнады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйым өкілдері, сарапшылар және басқа да қатысушылар жариялаған ұсынымдар тізімі жасалды.
Іс-шара барлық санитарлық норманы сақтай отырып, онлайн және офлайн форматта өтті.