Терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқан Тараз тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
12 тамызда Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығы кезекші бөлімінің «102» нөміріне белгісіз адамнан Шостакович көшесінде орналасқан «Престиж» көлік жуу орнына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған мекенжайға жедел жеткен полиция қызметкерлері шұғыл көлік жуу орнына жақын орналасқан үйдегі 12 тұрғынды эвакуациялады. Барлық аумақ толық тексерілді, алайда жарылғыш зат табылған жоқ.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері жалған ақпарат беріп, телефон соқты деген күдікпен облыс орталығының 25 жастағы тұрғынын анықтады. Заттай дәлел – ұялы телефон тәркіленді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.
Полиция департаменті дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жібергені үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жаза қарастырылатынын ескертеді.