Атырау полицейлері 50 эпизодқа қатысты алаяқтық қылмысын жасаған ер адамды ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Шымкент қаласының тұрғыны 50 адамға пәтерді жалға беріп, 1 миллионнан астам теңгені қалтасына басқан.
«Күдікті OLХ желісі арқылы хабарландыру жариялап, бірнеше қаланың тұрғындарына уәде беріп, алдын-ала төлем жасатқан. Кейін ер адам ізім-қайым жоғалып кеткен. Алаяққа алданғандардың бірі – атыраулық әйел полицияға шағым түсірді. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері алаяқты «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтады. Тексеру кезінде Шымкент қаласының 1989 жылы туған тұрғынының 50 эпизодтық қылмысы ашылған. Бұрын сотты болған ер адам өз кінәсін мойындады» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлімі, 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.